Ғибратты әңгімелер

Үлгі тұтар ең асыл тұлға

Иә, көркем мінездің үлгілері оның өмірінде көп кездесті.

Жалпы алғанда, адам баласының көркем мінезге ие болуы оның қоршаған ортасына байланысты. Әйтсе де, осы шындықты пайғамбарымызға қатысты айта алмаймыз. Неге десеңіз, сүйікті пайғамбарымыз буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, әке-шешесінен айрылып қалды. Оның балалық әрі жастық шағы жылмаңдап алдап кетуді ақыл көретін, қорқау секілді өз қорасына шабатын заманға тап келді. Нәресте қыздарын тірідей көметін қатігездік бар еді. Мұндай ұйыққа тартып ұйыған дәуірде адамдарды көркем мінезге тәрбиелеу мүмкін емес еді.

Кез келген адам өз күшімен топ жарып, ерлік көрсетіп, я болмаса екінің бірінің қолынан келмейтін істің басын қайырып, төске шауып төрге озуы мүмкін. Алайда, ол қолға алған кез келген саланы бес саусағындай игеріп, дөңгелетіп әкете алмайды. Қандай да бір кәсіпті үйренудің өзіне қаншама жылдар керек. Медицинаның, социологияның, т.б. салалардың ұшар шыңына жетіп, кемеңгер қолбасшы, ұлағатты ұстаз, т.б. болған бір-ақ адам бар. Ол – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм).

Адамзат тарихында жиырма үш жылдық аз ғана уақыт ішінде, Ислам діні толық түсіндірілді. Ислам діні әуелгіде бір ер адам, бір бала және бір әйелмен басталған еді. Бүгінгі тілмен айтқанда, педагогикалық әдістемеге сүйенетін кәсіби, әскери тәрбие және телескоп, микроскоп сияқты адамның ойы түгілі түсіне де кірмейтін құрал-жабдықтардың бірі жоқ сол заманда ештеңеге қарамастан Ислам дінін әлемге паш еткен Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар демегенде кім дейміз?

Айтуға ауыз бармайтын қатыгездіктің белең алып, зұлымдық пен тағылықтың қараңғылығы тұмшалаған дәуірде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәнекерлігімен тәрбиеленген, адамзаттың үлгі тұтар ең асыл тұлғалары осы жерден өркен жайды.

Санасын шырмаған, қанына сіңісті бұрынғы нанымдарынан арылып, ақиқат жолға түсу оңай дүние емес. Ішімдік, құмар, зина, пара және алдау-арбау сияқты нашар әдеттерді сөз етпей ақ қоялық… қазіргі таңда шылымқор адамға темекіні тастатудың өзі үлкен күш. Әлем ғалымдары жабыла дабыл қағып, бірауыздан оның зиянын қанша айтса да, зиянды әдеттерге бой алдырғандардың темекіні де, ішімдікті де қойып жатқаны шамалы.

Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кез-келген істе саңыраудың өзін саңлаққа айналдыратын сүйіспеншілікті бірінші кезекке қойған. Пайғамбарымыздың сүйіспеншілігі тек айналасына шоғырланған нұр жүзді үркердей топқа ғана емес, өзіне қарсы шыққан Халид, Уахши, Әбу Суфиян, Хинд, Икримә және Сафуан сияқты замандастарының да жүректерін жылы лебізбен тербеген еді. Олардың да мәңгі бақытты болуы үшін жаны жай таппай, тура жолға үнемі шақырумен болды. Оларға жаны ашып, жақын тартқандығы соншалық, тіпті, өз жанын құрбан етуге де дайын еді.

Айша анамыздан пайғамбарымыздың мінез-құлқы жайлы сұралғанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы тұп-тура Құран ғой», ( Муслим, Мусафирин, 139) — деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп жауап берген еді. Яғни, пайғамбарымыздың мінез-құлқы – Құранның тәлім берген сүттен ақ, судан таза ұстанымдарының жиынтығы болатын. 

Қ.Ержан

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close