Ислам - ізгілік діні

Құрбандық шалу – Аллаға адалдықты айқындайды

Жаббар Хақ  Ибрахим пайғамбардың шынайылығын сынап көру үшін оған баласын құрбан шалуға бұйырған болатын. Бауыр еті баласы Исмайылды құрбан етіп шалу хз. Ибрахимге аса ауыр тиді. Алайда, жүректі шым-шым еткізер тақсыретін тартқызбаса илаһи сынақтың еш мәні болмас еді. Осы хикметті жан-жүрегімен ұққан Ибрахим пайғамбар бұл сынақты еңсеруге нар-тәуекел етті. Пәруадиргар пәрменіне құлдық ұрған хз. Ибрахим ұлын құбылаға қаратып, «бисмилласын» айтып, бәкісін талма-тұсына тақаған шақта, Жаббар Хақ Ибрахимнің адалдығына разы болып, Исмайыл оғланның орнына көктен түсірген көк қошқарды құрбан етіп шалуды бұйырды. Илаһи тағылымы мол осы оқиғадан соң Хақтың разылығы үшін құрбандыққа мал шалу дәстүрі қалыптасты.

Нағында, Ұлы Жаратушы хз. Ибрахимнің өзіне адал берілгенін әуелден-ақ білетін. Егер, Хақ Тағала тіршіліктегі әрбір істің болуын бұйырып, оның қалай іске асатынын алдын-ала білмесе, онда Ұлы Жаратушының құдыреті мен көрегендігіне күмән (Алла сақтасын) туған болар еді. Бірақ, Жаббар Хақ кемшілік атаулыдан ада, құдіреті шексіз кемелдік иесі. Яғни, Ұлы Жаратушы әзелден Ибрахимнің адал берілген құл екенін білген һәм біле отырып Ибрахим пайғамбардың тәлімі мінсіз өнегесін жұмырбасты пенделеріне үлгі еткен еді.  

Иә, шиыршық атқан мына беу дүниеде шарғы пенде не түрлі сынақты бастан кешіреді. Ондай сын сәтте Ұлы Жаратушыға ынты-шынтымен иланушы мұсылман хз. Ибрахим секілді жансебіл рәуіште Хаққа адалдық танытуы тиіс. Өйткені, Құран-Кәрімде: «…Әр нәрсені тәрк етіп, Аллаға жөнел» (Музаммул: 73/8) деп бұйырылады. Хақ Елшісі (с.а.у) де: «Момын, Алла мен Елшісін бала-шағасы мен мал-мүлкі және исі бүтін жаратылыстан жоғары қоймайынша, момын бола алмайды» дейді хадис-шарифтерінің бірінде. Хакім Абайдың: «Махаббатсыз дүние бос» деген ұлағатты ғақлиясы да Ұлы Жаратушыны танудан мақұрым қалып, дүниенің өткінші қызығына малданып, бар ғұмырын ғибратсыз тектен-текке өткізген бейбақтарға қарата айтылған. Яғни, жүректің шын құмартқан Ұлы Иесін таба алмағандар, Аллаға риясыз адалдық танытпағандар – шынында да илаһи мүмкіндіктен құр қалған қуыс кеуделер саналады. Ал, пендешіліктің солығын басып, пейілімізге арай түсіргіміз келсе, талассыз Исламға мойынсұнуымыз шарт.

Шынтуайтында, Хақпен қауышу әманда салих құлдар үшін басты мұрат саналған. Әзірейліл періште Ибрахим пайғамбарға келіп; «Алла сенің жаныңды алуды бұйырды» дегенде, Ибрахим еш саспастан; «Дос, досының жанын алушы ма еді?» деп жауап қатқан еді. Қапелінде не айтарын білмеген Әзірейіл кері оралып, Хаққа Ибрахимнің арызын айтқанда, Жаббар Иеміз: «Дос, досымен қауышқысы келмей ме екен?» деген болатын. Әзірейілден мұны естіген Ибрахим шат-шадыман күйде илаһи пәрменге мойынсұнған еді.    Шариғатта Хаққа мойынсұну жақсылыққа шақыру, жаманшылықтан қашыру қағидасына негізделген. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.у): «Біріңіз жаман бір іс көре қалсаңыз, оны қолыңызбен түзетіңіз. Күшіңіз жетпесе тіліңізбен қарсы шығып, наразылық білдіріңіз. Оған шамаңыз жетпесе, жүрегіңізбен қарсы шығыңыз» деп бұйырады. Яғни, өмір сүрген ортамызда әділетсіздік орын алған жағдайда, мұсылман баласы әділетсіздікті қалпына келтіруге міндетті. Егер, әділетсіздікті қалпына келтіруге талпынбаса, сол әділетсіздіктің орын алуына бірге үлес қосқан саналады. Хақ Елшісі (с.а.у) бұл туралы: «Күнәға көзін жұмған – күнәһар, күпірлікке ризашылық білдірген – кәпір» деген болатын.

Имам Ғазали: «Момын әрбір ісіне аса байыппен қарамаса, Хаққа асылық келтіруі әбден мүмкін. Тіпті, бір ізгі істі орындауға ерініп, енжарлық танытса, нақ сол кезде Хаққа емес, нәпсісіне табынған болып шығады», дейді. Демек, Хаққа толық мойынсұнғымыз келсе, дәйім рухани ояу болып, арымызды күзетіп, әділеттіліктің туын нық ұстауымыз шарт. Яғни, алдымызда келе жатқан Құрбан айт мейрамы «Олай болса, Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» атты иләһи пәрменге негізгелгендіктен, бұл мерекенің шын мәнінде екі дүниеміз үшін берекелі болуына барынша ыждақаттылық танытқанымыз абзал.

Мұхан ИСАХАН,

исламтанушы

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close