Ислам - ізгілік діні

Құран және хадис: саңлақ сахабалар

Сахабалардың дәрежелері

Сахабалардың арасындағы бұл дәреже айырмашылығын хадис ғалымы Хаким ан-Нисабури былайша көрсетеді:

1. Хулафа-ур Рашидин (Әділетті 4 халифа: Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли) және солармен бірге алғаш иман келтіргендер. Бұлардың ішінде көздерінің тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба (әль-ашарат-ул мубашшарату) және олардан кейінгі 6 кісі.

2. Дар-уль Аркам асхабы. Бұлар – Омар ибн Хаттабтан бұрын иман келтіріп, мұсылман болғандықтарын жасырын ұстап, Аркам ибн Әбул-Аркамның үйінде жиналғандар.

3. Мұсылман болғандықтары үшін Меккеде зорлық көріп, лажсыз Эфиопияға һижрет (көш) жасағандар.

4. «Бірінші Ақаба сертіне» қатысып, Пайғамбарымызды (с.а.с.)көрген, Оған иман келтірген және серт беріп, қол алысқан ансардың алғашқылары.

5. «Екінші Ақаба сертінде» Пайғамбарымызбен (с.а.с.)кездесіп, өмірінің соңдарына дейін Оны қорғап-қолдауға сөз берген мұсылмандар. Олардың көпшілігі ансар еді.

6. Пайғамбарымыз (с.а.с.)Мәдинаға жетпес бұрын Құбаға келгенінде, Оған (с.а.с.)келіп қосылған алғашқы муһажирлер.

7. Бәдір шайқасына қатысқандар.

8. Бәдір шайқасы мен Худайбиия оқиғаларының тұсын-да һижрет жасағандар.

9. Ридуан сертіне қатысқандар. Худайбиияда ағаштың астында Пайғамбарымызға ант бергендер. Құранда олар жайлы: “Шынында Алла ағаш астында саған серт берген мүминдерге разы болды” делінсе, Пайғамбарымыз “сендер бүгін жер бетіндегі ең қайырлы жандарсыңдар”,– деген.

10. Худайбиия келісімі мен Меккенің алынуы арасын-дағы уақытта һижрет еткен сахабалар. Бұлардың арасында Халид ибн Уәлид, Амр ибн Ас және Әбу Һурәйра сияқты белгілі сахабалар бар.

11. Мекке алынған кезде және одан кейін мұсылман болғандар.

12. Пайғамбарымызды Меккенің алынуы кезінде және қоштасу қажылығында көрген жас балалар[1].

Кейбір жау жағадан алған сын сағаттардағы тозаңның түйіршігіндей жауапты іс қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай кездегі таудай істермен салыстырғанда маңызды, әрі құнды. Бұл ақиқат жайлы Құранда былай делінеді:

“Әрине, сіздердің араларыңызда Меккенің алынуынан бұрын Алла жолында мал-мүлкін жұмсап, соғысқан адам мен басқалары тең болмайды. Олардың дәрежесі одан кейін мал-мүлкін жұмсап соғысқандардан үстем. Сондай-ақ Алла бәріне жақсылық уәде етті. Алла сіздердің істегендеріңізден толық хабардар”(Хадид, 10).

Бұл аятта көрсетілгендей, Ислам дінінің келген алғашқы күндерінде мұсылмандықты қабылдау – басыңды өз еркіңмен қауіпке тігу, яғни, сан түрлі қиыншылықтарға душар болу дегенді ұқтыратын. Бірде хазіреті Әбу Бәкірдің хазіреті Әлиге айтқан мына сөздері сол күндердің қиыншылығын көз алдымызға келтіреді:

“Ол күндері көңілді қайғы басып, көзге қан толып, кеудені кек кернейтін. Ызалана қылыш біленіп, жер беті қорқыныштан арылмайтын. Өлімге нар тәуекелмен ғана күн кешетінбіз.  Өйткені, өзімізді қорғап шыбын жанды аман алып жүру қиынның қиыны еді. Қабырғаңды қайыстырып ауыртпалыққа көнбейінше ештеңені түзету мүмкін емес-ті. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде әке-шеше, туған-туыс, барымыз бен жоғымызды, бүкіл дүниемізді шын  ризашылығымызбен қуана-қуана Алла Расулының жолында пида етуші едік[2]”.  

 

Сахабалардың жалпы саны

Пайғамбарымыз көз жұмған кезде өмір сүрген сахабалардың жалпы саны жайлы нақты мәлімет жоқ десек те, ислам тарихына байланысты жазылған классикалық кейбір еңбектерде жүз мың сахабаның болғандығы айтылған. Мысалы, қоштасу қажылығына 40 мың, Тәбук жорығына 70 мың сахабаның қатысқандығы жайлы ислам тарихына байланысты шығармаларда мәліметтер бар. Имам Шафиғи Пайғамбарымызды (с.а.с.) көріп, Одан хадис риуаят еткен сахаба санының 60 мың болғандығын айтады.  Меккенің алынуынан бұрын қайтыс болған сахабалардан өзге, Меккенің алынуы кезінде сахабалар алыс жақтарға тарап кеткендіктен олардың есімдерінің көбі кейінгі ұрпаққа жетпеген. Сахаба есімдерін шығармасында ең көп көрсеткен ғалым – Ибн Хажар. Ол “Исаба” атты еңбегінде 11 783 сахабаның атын атайды[3].

 

Сахабалар жайында жазылған негізгі шығармалар:

1. Ибн Са‘д (168-230), Табақатул-кубра.

2. Әбу Ну‘айм әл-Исбахани (330-403), Хилятул-Әулия.

3. Әбу Омар ибн Абдулбарр (368-463), әл-Исти‘аб фи ма‘рифатиль-асхаб.

4. Иззуддин ибн әл-Асир (555-630), Усд-ул-ғаба фи ма‘рифатил-асхаб.

5. Ибн Хажар әл-Асқалани (773-852), әл-Исаба фи-т-тамиизис-сахаба.

 

Құран Кәрімдегі сахабалар жайлы аяттар

Сахабалардың ерліктері, табандылықтары мен шынайылықтарын мадақтап, дәрежелерінің қаншалықты жоғары екендігін кейінгі ұрпаққа білдіру үшін Алла Тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында сахабалар туралы баяндаған. Олар – ең қайырлы үмбет. Бұл жайлы «Әли-Имран» сүресінің 110-аятында:

“Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер”–делінген. Сахабалар жайлы Тәурат пен Інжілде де оларды сипаттап, мадақтаған аяттар бар. Ол жайлы Құранда:

“Мұхаммед – Алланың Елшісі. Онымен бірге болғандар, кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында тым мейірімді. Сен оларды рұкұғда, сәждеде көресің. Олар Алладан мәрхамат пен ризашылық тілейді. Жүздерінде сәжденің іздері бар. Олардың Тәураттағы сипаттары осы. Інжілдегі сипаттары болса: бұл бас жарып, сосын бара-бара күшейген, жуандап өз сабағында тік тұрған масаққа ұқсайды. Бұл егіншілерді таңғалдырып, кәпірлерді ызаландырады. Олардың ішінен иман етіп, ізгі істер істегендерге Алла кешірім мен үлкен сыйлық беретініне уәде етті” (Фатх, 29)делінеді.

“Иман келтіріп, һижрет жасағандар, Алла жолында соғысқандар, оларды үйінде қонақ еткендер, оларға көмектескендер, міне, бұлар нағыз иман еткендер. Оларға жарылқау мен қымбатты бір ырзық бар” (Әнфал,74).

Алла Тағаланың олардан разы болғандығы жайлы мына аяттарда былайша баяндалады:

“Муһажир, ансарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта соларға ергендерге Алла разы, олар да Аллаға разы болды. Алла олар үшін ішінде мәңгі тұрақтайтын, астарынан өзендер ағатын Жәннаттар дайындады. Міне, нағыз үлкен бақыт, үлкен жетістік осы”(Тәубе, 100).

Бұл жердегі муһажирлер мен ансар Алланы разы етерлік қандай әрекет жасаған еді? Әуелі, муһажирлер үй-жай, бала-шаға мен бүкіл Меккедегі байлықтары мен сауда істерін Алланың діні үшін тәрк етіп Мәдинаға көшті. Ал, ансарлар оларға құшақтарын ашып, барын солармен бөлісіп, құтты қонақ етті. Мысалы, Меккеден келген Абдуррахман ибн Ауфпен бауырластырылған* Сағд ибн Раби бауырына үйінің есігін айқара ашып, бүкіл нәрсесін тең бөліп беруге ырзалық білдірді. Алайда Меккеде саудаға машықтанған дәулетті сахаба Абдуррахман ибн Ауф оған рақметін жаудырып, оларға масыл болмау үшін “базардың жолын көрсет” деп арқанын асынған күйі жүк тасып күн көруге шыққан еді[4].

Осылайша сахабалар шынайы бауырластықтың үлгісін көрсетті. Дәустен көшіп келіп мұсылмандықты қабылдаған,  Алла Расулының хадистерін кейінгі ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен Әбу Һурәйра күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқып, таң атқаннан қас қарайғанша аш жүретін. Бұндай күндері тіпті жиі болатын.

Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп бірнеше күннен бері аш құрсақ жүргенін айтады. Осы тұста өзінің ең жақсы көретін құрма бағын Алла жолында бағыштаған Әбу Талха келіп, үйінде бойға қуат боларлықтай азық болмаса да, хазіреті Әбу Һурәйраны үйіне қонақ етті. Әбу Талха әйеліне: “Балаларды ертерек жатқыз. Не бар болса бәрін дастарханға әкел. Шамды қаттырақ жағамын дегендей болып өшіріп ал. Қараңғыда кімнің жегені, кімнің жемегені белгілі бола қоймас. Мен қасығымды табаққа бос апарып, бос алып отырамын. Осылайша қонағымыздың да қарны тояр”,– дейді. Әйелі күйеуінің айтқанын орындап, ештеңеден хабарсыз Әбу Һурәйра осылайша қарнын тойдырады. Ертесіне екеуі таң намазын  оқуға мешітке барып, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) ұйып, намаздарын оқиды. Намазды бітірген соң Пайғамбарымыз бұрылып, күлімсіреп “Алла Тағала мына аятты түсіретіндей бұл түнде не істедіңдер?”,– деп төмендегі аятты оқиды:    

Бұлардан бұрын Мәдинаға қоныстанып жүректеріне иман ұялатқандар қастарына көшіп келіп қоныстаған дін бауырларын сүйеді, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ өздері таршылықта бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім нәпсісінің қалауы мен құмартуларынан аса алса, солар нағыз құтылушылар. Олардан кейін келгендер: “Ей, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман еткен бауырларымызды кешіре гөр! Иман келтіргендерге жүрегімізде кек ұялатпа! Раббымыз, шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің” – дейді”(Хашыр, 9-10)[5].

Міне, муһажирлер мен ансарлардың адамды тәнті қылып, үлгі боларлық шынайы достықтары!

Сахабалардың батырлығы мен өжеттілігі жайлы:

“Оларға адамдар: – Дұшпандарыңыз сіздерге қарсы қол жинады, қорқыңдар! – дегенде, бұл сөз керісінше олардың имандарын күшейте түсті де: – Алла бізге жетіп асады. Ол нендей жақсы дос”– деді”(Әли Имран, 173).        

Бұл аяттар сахабаның Алла Тағаланың назарында қаншалықты құрметті екендігін көрсетумен қатар, кейінгі нәсілге солардың жолымен жүріп, Исламның әмірлеріне сахабалар сияқты мойынсұнып, сол жолдың ыстығына күйіп, суығына тоңудың маңыздылығын көрсетеді. Сахабаларға байланысты бұлардан басқа мына аяттарды да қараңыз: Тәубә, 20; Бақара, 218; Хашыр, 9; Әнфал, 74, т.б.

 

Сахабалар жайлы хадистер

Ислам дінін жаю үшін машақатқа толы қиын жолда   Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) серік болып, бүкіл тауқыметті арқалаған саңлақ сахабалар жайлы Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистері көп. Қиыншылықтарға қарамастан, бұл жолда соңына дейін Алла Расулымен бірге болуға сөз беріп, уәделерінде тұрған адал достары жайлы  Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мақтан тұтар сөздері қалайша көп болмасын?! Кішкене жақсылықтың өзін елеп-ескеріп жадынан еш шығармаған Ардақты Елшінің (с.ғ.с.) сын сағаттарда қасынан табылған сахабаларын ұмытуы мүмкін бе?! Төмендегі хадистер осының нақты дәлелі:

“Менің асхабымды жамандап сөз айтпаңыздар. Егер сіздерден біріңіздің Ұхұт тауындай алтыны болса және оның барлығын Алла жолында бағыштаса, бұл олардың бір уыстық бағыштарына, тіпті оның жартысына да тең келмейді[6]”.

“Адамдардың ең жақсылары менің ғасырымда өмір сүргендер (сахабалар), содан кейін олардан кейін келгендер (яғни, таби‘ун), содан кейін де олардан кейін келгендер (атбаут-табиин)…[7]”.

“Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз[8]”.

Әлемдерге рақым етіп жіберілген ақырғы Пайғамбарға (с.ғ.с.)серік болған сахабалар өздерінен кейін келетін бүкіл ұрпақтар үшін үлгі-өнеге. Шынайы ислам түсінігі мен өмір сүру дәстүрі сахабалардың кезінде айқын көрініс тапты. Хадисте айтылғандай, олардың өмірі – кейінгі ұрпақ үшін қараңғы түнекте бағыт сілтейтін шамшырақ.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

 

[1] Хаким, Мағрифату улумиль-хадис, 22-24.

[2] А. Жевдет Паша, Қысасүль әнбия ве таварихуль-хулафа, Истанбул, 1981, «Бәдір» баспасы , 2:66-67.

[3] И. Атасой, М. Паксу,Сахабилер ансиклопедиси, Иени Асия, Истанбул, 1993, 1:19.

* Пайғамбарымыз Мәдинаға барғаннан кейін мухажирлер мен ансарларды жағдайларына қарай бір-бірімен бауырластырды. 

[4] Бухари, Бую´, 1,49.

[5] Бухари, Тафсир, 59, 6.

[6] Бухари, Фадаилу-с-сахаба, 5; Муслим, Фадаилу-с-сахаба, 221.

[7] Бухари, Фадаилус-сахаба, 1; Муслим, Фадаилус-сахаба, 212.

[8] Ажлуни, Кашфул-хафа, Бейрут, 1351,1:132.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close