Қылует деген не?

Жұма, 11.08.2017
Қылует деген не?

Қылует деген не? Оған не үшін кіретін болған? Алда жалда ИншАлла деп қылуетке ниет етіп кіретін болсақ (әулиенің басындағы жер асты мешіттерге 10 шақты күндей) не істеуіміз керек.

«Қылует» араб тіліндегі «хулуатун» сөзінен шыққан. Оның сөздік мағынасы жырақтану, жалғыз қалу дегенді білдірсе. Тасаууф (сопылық) іліміндегі терминдік мағынасы рухани ұстаздың жетекшілігімен муридтің (шәкірттің) халықтан жырақтанып арнайы тар, қараңғы бір бөлмеге бекініп, терең құлшылыққа беріліп, Алланы зікір етіп, жан дүниесін пенделік ойлардан арылту. Сопылар арасында қырық күндік жырақтануды «шиллә» деп атайды. Ол парсы тіліндегі «чихил» қырық деген сөзден алынған. Оны «арбайын» деп те атайды.  Қырық күндікті сопылар «Қырық күн бойы шынайы ықыласпен құлшылық жасаған адамның жүрегінен тіліне қарай даналық бұлағы ағытылады» деген хадиске негіздейді.

Сонымен қатар, Пайғамбарымызға пайғамбарлық қырық жасында келгенін, Құранда «Ағраф» сүресінің 142-аятында  Алла тағаланың Мұсаға  пайғамбарға Тур тауында қырық күн жырақтанып құлшылық етуін бұйыруын да дәлел ретінде келтіреді. Негізінен қырық күндік мерзімде болмаса да мұндай қылуеттің мазмұнын әуел баста Пайғамбарымыз (с.а.с.). Ибраһим (а.с.), Мұса (а.с.), Иса (а.с.),  пайғамбарлар мен қатар көптеген әулие кісілердің өмірлерінен көруге болады.

Демек, қылует уақытша елден жырақтанып Хақ тағаламен бірге болу, пендешілік ойлардан арылып, жүректі тазартуға бағытталған шара. Бұл өз кезегінде діннің бұйрықтарына, Пайғамбар сүннетіне сай әрекет етіп, намаз, ораза, Құран оқып ықыласпен құлшылық жасау, аз тамақтану, аз сөйлеу, аз ұйықтау арқылы жүзеге асады.

Бұл сұраққа жүрек тазалығына мән берген сопылардың сөзімен жауап берген орынды болар. Осы мәселеге қатысты: «Хақ тағала сенен тура жолдан таймауды талап етеді, ал сен болсаң керемет сұрайсың. Шариғаттың бұйрықтарына мойынсұнбағанға қылуеттің ешқандай пайдасы жоқ. Қылует ниеті дұрыс емес пендені Алладан алшақтатып, тәкаппарлығын, адамдарға мұрнын шүйіре қарауын арттырады. Бұл жағдай адамның ислам шеңберінен шығып, үкімдерді, арам мен адалды жоққа шығаруына дейін алып барады. Мұндай адам құлшылықтардың мақсаты тек қана Алланы зікір ету деп ойлап, Алла елшісінің сүннетінен ауытқиды. Ақыр соңында күпірлікке бой алдырып, тура жолдан шығып кетуі мүмкін. Мұндай күйге тап болудан Аллаға сыйынамыз» дей келе, қылуетке кәміл бір шейхтың жетекшілігімен ғана кіру керек екендігін шегелеп тұрып айтқан.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 912 рет
JoomShaper
Top