Дін және зайырлылық

Сейсенбі, 08.08.2017
Дін және зайырлылық

Қазақстан – көп ұлтты және көп конфессиялық елдердің қатарын толықтырушы зайырлы мемлекет. Жер шарында 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған. Соның бірі – Егеменді еліміз Қазақстан. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдығында қабылданған Конституциямыздың 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққандығы белгілі. Конституциялық негізге енгізілген «Зайырлы» ұғымы мемлекеттік құрылымдағы діни бірлестіктердің бөлінуі, азаматтық негізде реттелген құқықтық нормаларымен басқарылуы, азаматтардың діни сенімі мен ар-ождан бостандығына кепілдік беруі, діни ұйымдарға қамтамасыз етуі және дін мен саясаттың бір-бірімен араластырмауын негіздейтін қағида.

Зайырлылықты ұстанушы әрбір мемлекетте діннің өзіндік ерекше орны бар. Мәселен, дінді белгілі бір қоғамнан бөлу ол халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігінен айыруымен тең. Ал, діндегі зайырлылық ол дербестік сипаттағы ұстаным және сенім бостандығын қамтамасыз етудегі ереже. Дін ол адамзат қоғамындағы әлеуметтік-мәдени сананың өркенделуіне елеулі әсер ететін және өмір сүру мәнері мен моральдық қарым-қатынас нормаларының әдебін жетілуіндегі басты ұстаным.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Яғни, жеке адамның өмірлік жолында таңдаған дінін ұстануға немесе мүлдем ұстанбауға және заңның шеңберінде өз ұстанымын таратуға, соған сәйкес амал етуге құқықты тұлғаның негізгі бостандықтарының бірі. Еліміз егемендігін алып, мемлекет болған күннен бастап барлық діндерге еркіндік берілді. Халқымыз тәуелсіздікке жеткен жылдарынан-ақ, қоғам арасында жаппай діни ілім үйренуге бет бұра бастады. Діни ілімдерін арттыру мақсатында шет елдерге сапар шегушілер көбейді. Олардың арасында дұрыс және бұрыс ілімді бойларына сіңіргендер де болды. Қазақ ұстанымы мен діни құндылықтарын жоққа шығарушылар халық арасында белең алды.

Ислам шынайы өмірмен санасып отыратын дін. Тарихқа үңілсекте, ислам діні жеткен жерлердің халқы өз құндылықтарын ислам ұстанымдарымен сабақтастырған. Өкінішке орай, бүгінгі күні жат ағымның ықпалында жүріп, исламды дұрыс түсіне алмай, халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне сескене қарайтын азаматтардың қатары күн санап өсуде. Ислам діні әрбір ұлттың болмысын Жаратушының әміріне қарсы болмайтын ерекшеліктерін оң қабылдап, толықтырады.

Қазіргі жаһандану заманындағы күрделі мәселеге айналып отырғаны ол дінді дұрыс түсіне алмау әлемдік деңгейде талқылануда. Оған басты себеп саяси идеологиялық шеңберде құрылған экстремистік және террорлық топтарды өз мүддесінде пайдаланудың нәтижесінде дінді құбыжыққа айналдырып, халықтар арасында қорқыныш үрейін туғызуда. Дінаралық қатынастың орта шеңберіне айналып отырған Қазақстан Республикасы бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі діндердің басын қосу арқылы өзекті мәселені талқылау аренасына айналған. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз. Жастарды радикалды діни ағымдардан қорғауымыз қажеттігіне сенімдімін. Сондықтан, Қазақстанның діни қайраткерлері бұл жолда жұмыс атқарады деп ойлаймын» деп атап көрсетті. Осыған байланысты дербестігіміздің өркендеуіне, озық мемлекеттердің қатарын толықтыру жолында сыртқы күштердің әрекеттерін алдын-алу мақсатында жан-жақты іс-шаралар атқарылуда.

Ортағасырлық қазақ тұлғаларының жалпы ислам мәдениеті мен жаңарту ісіне зор үлесін қосқаны белгілі. Оның дәлелі ортағасырлық мұсылмандық философиялық ойдың қалыптасуы мен дамуына қуатты серпіліс берген қазақ даласының ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б ойшылдар мұралары ислам өркениетінің асыл қазыналары ретінде саналады. Осы дінінен бастау алып, адамға жан-жақты тәрбие беріп, инабатты ұл, ибалы қыз болуына, кәміл жетілуіне ерекше көңіл бөлген ата-бабамыздың бүгінгі келер ұрпаққа отаншылдық, ұлтжандылық пен ақыл-парасатты, жасанды жалған теріс діни ұстанымдардан қорғалатындай, зайырлылық пен ұлттық құндылықтарына сүйене білетіндей білім ұсыну тұрғысында, келешегі зор қоғам тәрбиелеп шығаруымыз қажет.

Қорытындылай келе, әр ұлттың өз ерекшелігі мен ұстанымы, ұлты мен нәсіліне қарай өзіндік қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрі болады. Бізде өз заманымызда шет елдерден келетін өзге мәдениет көріністеріне ақыл парасат тұрғысына қарау арқылы өз ұстанымызға тиімді үйлесетін жерлерін ғана алуымыз керек. Бабаларымыздың даналық қағидасынан жеткен «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақыл сөзін жадымыздан шығармағанымыз жөн. 

Айдар ӘБУОВ,

философия ғылымының докторы,

профессор, дінтанушы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 276 рет

Қажылық анықтамалығы

JoomShaper
Top