З.ЗИДАН: Өмірімді исламмен байланыстырамын

Сейсенбі, 08.08.2017
З.ЗИДАН: Өмірімді исламмен байланыстырамын

Футбол әлеміндегі ең танымал кәсіпқой ойыншы Зинедин Зидан өз дәуірінде футбол карьерасында өшпестей із қалдырды. Ол Францияның құрама командасында керемет ойындар көрсетіп, жанкүйерлердің алдында жұлдызы жанған. Бүгінге дейін оның жеке өмірі көпшілік үшін ашыла қоймаған сыр болып келеді. Алғаш рет Алжир елінің «Шуруқ» газетінің тілшілері Зиданның жеке өмірі туралы қысқаша сұхбат алған болатын.

– Өзіңіз туралы қысқаша айтып берсеңіз?

– Өзім жайлы айтар болсам, 1972 жылы 23 маусымда Марсел қаласында дүниеге келдім. Екіге толған кезде ата-анам Алжирден Францияға қоныс аударды. Бала кезімде дзюдо, велосипед және футбол ойындарын көп ойнайтынмын. Өсе келе маған доп тебу қатты ұнай бастады.

Менің отбасым өте қарапайым болды. Бізде көп дүние болмады. Әкем Исмайл өмір бойы әртүрлі жұмыстар істеп, табыс табумен айналысты. Тапқан ақша тек қажеттілік туындағанда ғана жұмсалатын. Әкем алғашқыда мені өзі секілді қара жұмысқа бейімдегісі келді. Бірде жергілікті «Канн» футбол командасының бас бапкері мені командаға ойнауға шақырып келгенде әкем мені жібермеген еді. Дегенмен, уақыт өте мен болашақ өмірімді жарқын ету үшін мақсатымды айқындап шаршы алаңда өзімді шыңдай бастадым. Нәтижесінде 1987 жылы «Канн» командасының бапкерінің көзіне түсіп футбол әлеміне ене түстім.

Осылайша өзімнің футбол карьерамда «Канн», «Бордо», «Риал Мадрид» және Франция құрама командаларында шабуылшы ретінде ойын көрсеттім. Содан 2006 жылы қарапайым ойыншыдан бапкерлік салаға ауыстым. Қазіргі таңда «Реал Мадридтың» бас бапкерімін.

– Сіз әлемнің ең мықты ойыншылырдың 6-шы қатарында тұрсыз. Ата-анаңыз сізден мұндай жетістікті күткен бе еді?

– Ата-анам мен үшін барлық жақсылықты жасады деп түсінемін. Кезінде біз дәулетті отбасын құра алмасақ та ата-анам бізді өсіп жетілдіру үшін барлығын жасады. Ата-анам алғашында менің мұндай жетістікке жетеді деп ойламады, әрине. Олардың мені тек жақсы тұлға болып қалыптасса екен деген арманы болды. Осыған дейін мен ешкімге зиянымды тигізген емеспін, ұрлық жасамадым, біреудің ала жібін аттамадым. Сондықтан мені осылай тәрбиелеген әрі осындай жетістіктің басты себепкері болған ата-анама дән ризамын және олар бүгінде өсірген ағаштың жемісін көріп отыр деп ойлаймын. 

– Сіз мұсылмансыз ба?

- Иә, мен мұсылманмын. Барлық әлемді жаратқан бір Алланы бар деп білемін және мен осыған ризамын.

– Сіз ислам дінімен қалай байланыс таптыңыз?

– Мен жас кезімде таршылық көріп өскесін өмірлік жетістікке жету үшін футболға көп көңіл бөле бастадым. Сол үшін ислам діні ол уақытта мен үшін аса қатты әсер ете қоймады. Әрине, менің қаным алжирлік болғаннан кейін исламды менен бөліп қарастыруға болмайды.

Уақыт өте өз дегеніме қол жеткізгеннен кейін өмірдің негізгі мақсатына ой жүгірте бастайды екенсің. Сол сәтте мен ислам дінінен жылу таптым. Ислам мен үшін өмірімді айқындап беруші фактор. Себебі, мен бүкіл өмірімді исламмен байланыстырамын. Әсілінде, исламды дін ретінде қабылдау үшін үлкен ақылдың қажеті жоқ.

Исламды жіті зерттеп оның негізгі қағидаларымен танысқан кез-келген адам оны қабылдаудан басқа амалы қалмайды. Ислам дінінің өзге діндерден ерекшелігі осында деп түсінемін. Осындай исламның негізгі қағидаларының бірі ретінде мен ойын үстінде де ешкімге зиян тигізбей ойнауға тырысамын. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Ең жақсы мұсылман ол біреуге қолымен, тілімен зияны тимеген адам» деп айтқан. Мен осы қағида бойынша өмір сүруге тырысамын.  

– Сіз футболдан кейін немен айналысуды көздейсіз?

– Ата-анамның табаны тиген, ізі қалған Алжирге қайта ораламын. Ата-анам тұрған ауылға барып, олар айналысқан ауылшаруашылығын қолға алсам деймін. Бұл менің жан дүниемді жылытатын ең жақсы нәрсе.

– Бұл сіздің қарапайымдылық қасиетіңізден бе?

– Мен ешкімнен өзімді артықпын деп ойламаймын. Футбол ойнасам өзгеден сәл артық ойнайтын шығармын. Бұл – Алланың маған берген несібесі. Сондықтан, мен ешкімнен өзімді жоғары санамаймын. Бұл – ата-анамның тәрбиесі. Ал, ата-анам исламның негізін бойыма сіңдіріп өсірген. Мен олардың мұндай еңбегін ешқашан өтей алмайтын шығармын, сірә.

– Өміріңізде ең басты мақсат не деп ойлайсыз?

–  Мен үшін өмірдегі ең басты мақсат – жақсы әке атану. Мен өзім секілді әкемді қадір тұтқанымдай менің балаларым егер мені солай құрметтеп, мені өмірлік үлгі тұтатын болса онда менің арманым орындалды деген сөз.

 

Зиданның айналасындағы достары мен әріптестері оны адами тұрғыдан тек жақсы сөздермен еске алады. Сондай досының бірі Жак Перро былай деп сипаттайды:

– Зидан не істесе де оны шынайы ықыласымен жасайды. Оның бойында мақтаншақтық, біреуге жағу мақсатында жасалатын дүниелер жоқ. Ол алаңда қандай болса алаңнан тыс жерде де өзін солай ұстайды. Зиданның осындай тұстары оны басқа ойыншылардан ерекшелеп тұрады.

Сонымен қатар, Зидан өмірде мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмектесіп тұрады. Себебі, ол таршылық көріп өскен отбасынан шыққан. Бұған қоса ол Париж қаласында жергілікті өзге дін өкілдерін ислам мәдениетімен аз да болса байланыстыру үшін Рамазан айында жиі ауызашар ұйымдастырады. Зиданның бұл істері қазіргі исламофобия белең алып тұрған уақытта ислам дініне тек пайдасын тигізеді деп білеміз. Зиданның сырты еуропалық болғанымен, ішкі жан дүниесі шынайы мұсылманның сипатын көрсетеді.   

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1263 рет
JoomShaper
Top