Қажылыққа Алла шақырған адам барады

Дүйсенбі, 07.08.2017
Қажылыққа Алла шақырған адам барады

Жыл өткен сайын қажылар үшін жалпы жағдайлардың жақсарып келуі көңілге қуаныш ұялатады. Биыл ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен ҚМДБ бірлесе отырып, қажыларымызға қасиетті сапарды дұрыс әрі жеңіл орындаулары үшін бірталай істер атқаруда.

Мысалы, діни туризм бағыты бойынша қызмет көрсететін қажылық фирмалары арнайы іріктеуден өтті. Олардың арасынан қажыларға дұрыс және сапалы қызмет көрсете алатын 16 компания қалды. Мекке мен Мәдина қалаларында Қазақстан Қажылық Миссиясының арнайы штабы ашылып, медициналық пункттердің жұмыстары жоспарланды. Қажылық Миссиясымен баратын отандық дәрігерлер 24 сағат бойы қажыларға медициналық алғашқы көмек көрсететін болады. Мекке мен Мәдина шаһарына Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан жүзеге асатын тікелей рейстер қарастырылды, қажылыққа барушылар үшін әлемнің 8 елінде инфекцияға қарсы вакцина алуға мүмкіндік беретін келісім жасалды және т.б. Қажыларға осындай жағдайлардың жасалуы оңды нәтижесін берері анық. Өйткені қажылардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, 1993 жылы елімізден қажылыққа небәрі 150 ғана кісі шықса, биыл елімізден 2500 қажы сапарға шығады деп күтілуде.

Мұның барлығы қасиетті сапарға дайындық қана. Ал енді қажылықтың өзі туралы не білеміз? Қажылыққа кез-келген адам бара алады ма? Қажылық тән құлшылғы ма? Жалпы қажылықтың мәні не? Оның мазмұны қандай? Осы сияқты басқа да сұрақтар көпшілігімізді ойландырады. Әсіресе, рухани сапарға шыққалы тұрған қажыны мазаламай қоймасы анық. Қажы болу екі адамның біріне нәсіп болмайтын бақыт. Қажылыққа тек Алла шақырған адам барады. Қажы – Алланың қонағы. Сол себепті қажылыққа шыққан адам қажылықтың орындалу рәсімдерін ғана үйреніп қоймай, оның рухани мәніне көңіл бөліп, мазмұнын біліп, ерекшелігімен танысқаны мақұл.  Біздің мақаламыз қажылық рәсімінің орындалу амалдарына емес, оның жалпы мазмұнына арналмақ.

Қажылық рәсімі

Қажылық – исламды көтеріп тұрған бес үстіннің бірі. Қазақта «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дейді. Қажылық рәсімі де реттілігі бойынша исламдағы бес парыздың ақырғысы яғни бесіншісі. Исламдағы бес парыз: кәлима айту, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау және шамасы келсе қажылыққа бару. Демек, түсіне білген адам үшін бесінші парыз – қажылық адамның амалдарын қорытындылайды.

Қажылық тек Мекке шаһарында орналасқан қасиетті Қағбада (Алланың үйінде) жасалады. Қажылықтың сөздiктегі мағынасы да – қасиеттi жерге баруды ниет ету дегендi бiлдiреді. Сондықтан да шамасы келетін әрбір мұсылман ғұмырында бір рет Меккеге барып қажылық өтеуі тиіс. Мұның іргесін кезінде пайғамбарлардың атасы Ибраһим Хилилулла (Алланың досы) көтерген. Міне, сол сәттен бастап әлем мұсылмандары үшін бұл орын қасиетті. Ибраһим пайғамбар жасаған қажылық рәсімдерін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) қайталап жандандырды. Бүгінде қажылыққа барған мұсылмандар сол рәсімдерді (ихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату, құрбандық шалу сияқты т.б. амалдар) бұлжытпай орындайды.

Қажылықтың ерекшелігі

Исламда әрбір құлшылықтың өзіне ғана тән ерекшелігі болғаны сияқты қажылық – күнәлардан толықтай арылуға мүмкіндік беретін құлшылық. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кiмде-кiм жаман сөз айтпай, бұзақылық жасамай осы үйді қажылық етер болса, жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады» – деп айтқан. Мұны дін исламда «хаж мабрур» (қабыл болған қажылық) деп айтады. Сондықтан да қажылыққа баруды көздеген азамат тек материалдық тұрғыдан (қаржылай) емес, бәлкім өзін-өзі рухани жетілдіріп, мінезін көркемдеп, қажылық барысында болуы ықтимал көптеген машақаттарға әзірленуі тиіс. Өйткені бір мезгілде, бір мекенде бірнеше миллион адамның бір шаһарға келіп, бірдей киініп, бірдей рәсімдер атқаруы – үлкен сынақ. Ыстық жерде иық тіресіп жүрген мыңдаған адамның арасында жан-жалға түсу, дауыс көтеру, өзгені ренжіту, ұрысып қалу, ашулану, жаман сөз айту сияқты жағдайлар көп туады. Егер қажылықтың қабыл болғанын қаласаңыз, онда мұндай келеңсіз жағдайлардан сақ болған жөн. Үлкен сауаптың сынағы да үлкен. Бұл сынақты тек байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық, мейірім және т.б. көркем қасиеттермен ғана жеңуге болады. Болашақ қажы қасиетті жерге жетіп, ұшақтан түскен сәттен-ақ «Ия, хадж! Сабр, сабр!» (Уа, қажы! Сабыр ет! Ұстамды бол!» деген сабырлыққа шақыру сөздерін жиі естіп, өзі де соны басқаға айта бастайды.

Қажылықтың мәні

Адам ерікті түрде тамағы мен қажетін шектеп, жемей-ішпей ақша жинап, ұзақ жолға бел буып, сапар азабына төзіп, қажылыққа шығады. Жер-жаһаннан Жаратушыға құлдық ұрып келген түрі мен түсі, тілі мен мінезі бөлек адамдар бірдей ихрам (екі бөлік ақ матадан тұрады, жіппен байланбайды, түймеленмейді) киіп, сәлем беру тауабына кіріседі. Қажылықтың ең бірінші және соңғы рәсімі – Харам мешіттің қақ ортасында орналасқан төрт қырлы Қағбаны сағаттың жүрісіне қарсы жеті рет айналып өту.  

Ақ матаға оранып, парызды бойсұнып лек-легімен мыңдаған адамдар қол көтеріп «ләббайка Аллаһуммә ләббайк...» (Ей, Алла! Құлдық!) деп келіп жатады. Олардың отаны бөлек, мемлекеті басқа, тілі бөтен, реңі басқа, әлеуметтік жағдайы, қызметі мен лауазымы әртүрлі, бірақ, айтып жатқан зікірі бір, амалы – ортақ. Қағбада патша да, кедей де, бай да, жарлы да, үлкен де, кіші де, күшті де, әлсіз де, ақ та, қара да – тең. Ислам теңдік пен бейбіт діні екеніне көз жетеді.

Қажылар Жаратушының үйіне келген қонақ тәріздес. Осынша айырмашылыққа қарамастан бір ортаға жиналған адамдар бір-біріне кішіпейіл, қарапайым, кешірімді. Пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде қажыларды шар тараптан келген Алланың меймандары деп айтқан. Оларға Алла тілегенін береді, кешірім сұраса, кешіреді, дұға қылса, дұғалары қабыл деген.

Қажылықтың әлеуметтік маңызы

Қажылық – полиэтносты қоғамның мысалы. Бір уақытта төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген барлық ұлт пен ұлыс өкілдері бір жерде өмір сүреді. Бұл жағдай тек қажылық маусымында емес, жыл он екі ай бойына үздіксіз жалғаса береді. Өйткені қажылық жылына бір мәрте болса, кіші қажылыққа (умра) шектеу жоқ, яғни қажылықтан басқа уақытта жыл он екі ай бойына кіші қажылық (умра) жасала береді. Осылайша қажылық әлем мұсылмандарының ұлты мен нәсіліне, тегі мен жынысына қарамай бір үмбет екенін көрсетеді. Түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында өмір сүре алатынын, адамдардың бір-бірімен қатынаста сыйластық, кешірім, мейірім, достық сияқты қасиеттердің маңызды екенін үйретеді. Бұл өз кезегінде әлем халықтарының бір атадан тарағанына, олардың бір-біріне дұшпан емес, дос екенін айғақтайды.

Сонымен қатар мамандардың айтуынша исламдағы қажылық рәсімі  өзінің көлемі мен мәні және маңызы жағынан әлемдегі басқа діндерде кездеспейді. Бір мезгілде, бір жағдайда бірнеше миллион адамның бір рәсімді орындауы үлкен құбылыс.

Қажылық – жылына бір мәрте әлем мұсылмандарының басын қосатын ең ірі әрі ұзақ халықаралық конференция. Қажылар 20-30 күн бойына әлемдегі басқа мұсылмандардың жәй-күйін біледі, пікір алмасады. Адамдар қажылық рәсімдері біткен соң бір-бірімен түрлі мәселелер талқылайды, ортақ шешімдер іздейді. Өзге елдің тарихымен, салт-дәстүрімен танысады, мәдениетін үйренеді.

Шағын мақалада қажылық сияқты үлкен рәсімнің қыр-сырын толық ашу мүмкін емес. Дегенмен, құрметті оқырман қажылық рәсімінің мәнін аша түсетін басқа да маңызды тұстарының бар екенін ескерген жөн. Қажылыққа барып келіп, қажы атану оңай, ал оның жауапкершілігін алып жүру – қиынның қиыны.

Биыл қажылыққа әзірлік жасап, ұлық сапарға шыққалы отырған отандастарымызға сапарларыңыз жеңіл, жасаған құлшылық, шалған құрбандық, сұраған дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Елге аман-есен оралыңыздар демекпіз. Хаж мабрур – қажылық қабыл болғай.

 Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

философия ғылымдарының кандидаты,

дінтанушы.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 834 рет
JoomShaper
Top