Әзіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) күллі адамзатқа келген пайғамбар ма, әлде тек арабтарға ғана келген бе?

Сейсенбі, 16.05.2017
Әзіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) күллі адамзатқа келген пайғамбар ма, әлде тек арабтарға ғана келген бе?

Хақ елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) исі бүтін ғаламның шамшырағы екені әмбеге аян. Оның (с.ғ.с.) өзіне дейінгі келген елшілер мен нәбилерден басты ерекшелігі – пайғамбарлық көшті тәмамдаушы әрі күллі адамзаттың дін  шырақшысы (елшісі) болуында еді.

Алла Тағала Мұхаммедті (с.ғ.с.) соңғы пайғамбар етіп жібергені туралы Құран Кәрімде: «Мұхаммед (Ғ.С.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші» (Ахзаб, 40) деп бұйырған.

Құран Кәрімде жиырма бес пайғамбардың ғана есімі аталғанымен, Алла елшісінің (с.ғ.с.) хабарлауына қарағанда, адамзат баласына «жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші жіберілген (Ахмат ибн Ханбал, Мүснад, 5/266, Суюти, әд-Дурул-мәнсур фит-Тафсирил-Мәсур, 1/126). Діни анықтамалық еңбектерде «расул –Алла Тағаланың адамдар арасынан елшілік үшін таңдаған және уахи арқылы Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын адамзат баласына жеткізу міндеті жүктелген құлы әрі елшісі» дегенді білдіреді. Ал «нәби» сөзіне «Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан хабардар етуші», өзінен бұрын келген пайғамбардың ісін жалғастырушы деген анықтама берілген (Имам Тафтазани, Шархул-Макасид, II/173). Осы расулдар мен нәбилердің Алла елшісі – Мұхаммедтен (с.ғ.с.) өзгелері тек белгілі бір қауымдарға ғана жіберілген.  

Ал, Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің күллі жаһан Елшісі екені жөнінде: «Маған менен бұрын ешкімге берілмеген бес нәрсе берілді: Айшылық жердегі дұшпанның жүрегіне қорқыныш ұялату арқылы (иләһи) жеңіске ие болдым. Жер жүзі маған мешіт пен тазаланатын мекен етілді. Сондықтан да үмбетімнен кімде-кім намаз уақытының кіргенін көрсе дереу намазын оқысын! Ғанимет[1] менен бұрынғы өткендердің ешбіріне адал емес-тін. Міне, сол маған адал етілді. Әрі маған шафағат (хұқы) берілді. (Ақырғысы) Әрбір пайғамбар өз еліне ғана жіберілген болатын, ал мен күллі адамзатқа елші етіп жіберілдім» (Бухари, Тәйәммум, 1, Салат, 56, Муслим, Мәсажид, 3) деген болатын. Яғни, ислам дінінің ұлы қылауызы – Мұхаммед (с.ғ.с.) жаһандағы барша халықтардың, оның ішінде түркі жұртының да ұлық пайғамбары (с.а.у) саналады.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) көзі тірісінде Хақ дін негізінен Араб түбегі халықтарына таралды. Сондай-ақ,  Араб түбегінен тыс өңірлерден Хабашстан патшасы Нажаши, Мысыр билеушісі Муқауқс, Византия императоры Ираклий және т.б. жекелеген тұлғалар Хақ дінді қабылдады. Ал, Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіне жүктелген илаһи уәзипаны қадари-қалінше мінсіз атқарып болған соң Жаббар Хаққа қайтты. Хақ дін – исламды одан арықарай жаһан халықтарына паш ету алғадай мұсылмандарға (сахабалар, табиғин, таба-табиғин) жүктелді һәм олардан кейінгі момын-мұсылмандардың еншісіне қалдырылды.

Мұхан ИСАХАН

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1063 рет
JoomShaper
Top