Құрбандықты басқа қай уақыттарда шалуға болады?

Сәрсенбі, 30.08.2017
Құрбандықты басқа қай уақыттарда шалуға болады?

Құрбан айтта шамамыз келгенше құрбандық шаламыз. Тағы басқа қай уақыттарда құрбандық шалуға болады?

Сіздің айтып отырғаныңыз, құрбан айт кезінде қажылықта емес, елінде болған кісілердің шалатын құрбандығы. Бұл құрбандықтың үкімі уәжіп. Ал оның тысында қажылардың құрбан айт күні қажылықта шалатын құрбандықтары бар. Оны һәди деп атайды.

Сондай-ақ сол қажылықта жүрген қажылар қажылыққа қатысты ережелерді бұзып қойса, кей жағдайда жаза ретінде құрбандық шалады. Бұның да үкімі уәжіп болады. Оның тысында егер бір кісі Алла тағалаға бір ісі үшін немесе ешқандай себепсіз құрбандық шаламын деп ант етсе, бұл құрбандықты да шалуы уәжіп болады. Бұл құрбандықты нәзір, яғни аталған құрбандық деп атайды. Мысалы, сіз балам аман-есен әскерден оралса, бір қойды құрбандыққа шаламын десеңіз, балаңыз әскерден оралған соң бұл аталған құрбандықты шалуыңыз керек болады.  Осы аталған құрбандық пен қажылық кезінде ереже бұзушылыққа жаза ретінде шалынған құрбандықтардың еті толық тарқатылуы керек. Құрбандық шалушының өзі және отбасы бұл құрбандықтардың етінен жей алмайды. Ал қалған құрбандықтардың етінен өзі жесе де, тарқатса да болады.

Осы құрбандықтардың тысында нәпіл құрбандықтар да бар. Мысалы бала дүниеге келгенде шүкіршілік ретінде шалынатын құрбандықты ақиқа деп атайды. Бұның тысында садақа мақсатында да құрбандық шалуға болады. Бұл да нәпіл құрбандық болады. Сауабын марқұмға арнау мақсатында да нәпіл құрбандық шалуға болады. Ешқандай себепсіз, Алла тағалаға жақын болу мақсатында шалынатын құрбандық та нәпілге жатады. Міне, осы мақсаттарда құрбандықтар шалуға болады.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

исламтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 303 рет
JoomShaper
Top