Әбу Ханифа жайында ғалымдар неге әр түрлi пiкiр айтқан?

Дүйсенбі, 04.04.2016
Әбу Ханифа жайында ғалымдар неге әр түрлi пiкiр айтқан?

Имам Мəлік, Əузағи, Абдулла ибн Мубарак жəне т.б. ғалымдардан Əбу Ханифа жайында айтылған сөз «атылған оқ» боп, бізге, біздің дəуірімзе жетті. Алайда, əл-Хатиб əл-Бағдадидің «Тарихында» осы ғалымдардың бірде Əбу Ханифаны жерден алып, жерге салып жамандаса, басқа бір жерде мақтағандықтары жазылған. Біріншіден, бұл ақылға сыймайды. Екіншіден, Əузағи секілді кейбір ғалымдар Имамның əдіснамасын дұрыс түсінбегендіктен, əуелі қарсы шыққанмен, оны жақыннан танығаннан кейін көзқарастарын өзгерткен болуы кəдік. Осыған қатысты бір-екі мысал келтіре кетейік.

Бұған қатысты «Хайратул Хисан» атты кітабында Мекки былай дейді:

«Əбу Ханифа білімімен танымал бола бастағанда, Əузағидің санасында ол жайында жағымсыз пікір қалыптасады. Бірақ, екеуі ол уақытқа дейін жолықпаған болатын. Тіпті, Əузағи Абдуллаһ ибн Мубаракқа:

– «Əбу Ханифа» деген лақап ат тағылған Куфадан шыққан бидғатшы кім өзі? – деген еді. Сонда ибн Мубарак оған Əбу Ханифаның атын айтпастан, өте күрделі мəселелерді түсініп-талдауы, оларға берген пəтуалары жайында сөз қозғайды. Сонда Əузағи:

– Бұл пəтуаларды айтқан кім? – деп сұрады. Ибн Мубарак: – Иракта жолықтырған бір ұстаз,– деді. Əузағи:

– Олай болса, ол үлкен ұстаздардың бірі, оған барып тағы да білім ал,– деп өсиетін айтады. Сонда ибн Мубарак:

– Ол кісі – Əбу Ханифа,– дейді. Əрине, мұны естіген Əузағи таң қалады. Көп ұзамай Əузағи Меккеде Əбу Ханифаның өзімен жолығып, Ибн Мубарактың айтқан мəселелері жайында сөз қозғайды. Сонда Əузағи Əбу Ханифаның расында үлкен ғалым екендігін мойындайды. Кейін Əузағи Ибн Мубаракқа:

– Бұл адамның білімі мен парасат-пайымына қызықтым. Ол мен ойлағаннан мүлдем басқа адам болып шықты, – деп (Хайсами, Хайратул-хисан, 33-б) ол жайында түйген пікірінен айнып, естіген жерде оның есімін құрметпен еске алатын болды.

Имам Ағзамға жала жабылуының бір себебі, оның табиғин имамдарының айтқан мəселелеріне қатысты «Олар қалай ижтихад жасаса, мен де дəл солай ижтихад жасаймын» деп, сол кездегі ғалымдардың кейбір көзқарастарына келіспей, мүлдем басқа пəтуа беруін алғашында адамдар жатсынып, жатырқауынан туындап жатты. Əрине, өз имамдарын пір тұтқан адамдар үшін өздерінікінен бөлек пікір айтып, дəлел келтіретін біреудің шыққаны ұнай қоймасы белгілі. Алайда, ол туралы жаман ойда болғандар Əбу Ханифамен жолыға қалғанда, оның ойын, пікірін біліп, оның діндар, тақуа екендігін, оның əр мəселеге егжей-тегжейлі қарайтындығын байқап, ол жайында айтылған жағымсыз сөздердің жаңсақ айтылғанын түсініп, дереу өзгеріп, оны мақтап ала жөнелетін.

Əбу Мұтғи əл-Бəлхий былай баяндайды: «Куфа мешітінде Əбу Ханифаның қасында отырған едім. Ішке Суфиян əс-Сəури, Муқатил ибн Хаиян, Хаммад ибн Сəлəмə, Жағфар əс-Садық бас сұқты. Келген бойда Əбу Ханифаға «Естуімізше, сен дінде қиясқа жиі жүгінетін көрінесің. Сенің жағдайыңа алаңдаймыз. Өйткені, ең алғаш қияс жасаушы – Ібіліс» дейді. Өзінің көзқарасын дəлелдеу үшін Əбу Ханифа жұма күні таң атқаннан түс мезгіліне дейін олармен пікірталастырады. Соңында «Мен ең əуелі Алланың кітабымен, сосын пайғамбарымыздың сүннетімен амал етемін. Сосын əуелі сахабалардың келіспегендерінен бұрын бірауыздан келіскен тоқтамдарына үңілемін. Содан кейін барып қана қияс жасаймын» деді. Оның жауабына көңілдері толған əлгі ғалымдар оның қолын сүйіп, құрмет көрсетіп «Ғұламалардың төресісің» (Шағрани, Мизан, 1-т., 53-б) деп, ілімділігін мойындаған екен.

Ең бастысы, оны қарапайым халық емес, заманының хадис пен фиқһта танымал болған ғалымдар мақтап, өз лебіздерін білдірген болатын. Əбу Ханифа 55 мəрте қажылық жасаған, Меккеде, Мəдинада жəне Басра мен Бағдатта қаншама ғалымдармен жолығып, оларға өз ойын айтып, ижтихадының негізгі қағидаларын түсіндірген. Осының арқасында ғалымдар Əбу Ханифаның ижтихадындағы əдістерін жəне кейбір хадистерді алмау себептерін ұғып білді. Осылайша, оның фиқһының өзінен бұрынғы ғалымдардың жолынан өзгеше емес екендігін көптеген ғалымдар мойындаған болатын.

Қади Иад «əл-Мадарик» атты еңбегінде мына бір оқиғаны келтіреді. «Əбу Ханифа мен Имам Мəлік бір күні Мəдина қаласында жолығып, бірнеше мəселелерді талқылайды. Содан соң Имам Мəлік ол жерден үсті малмандай болып, терлеп шығады. Лəйс ибн Сағыд Имам Мəлікке: «Қара терге түсетіндей не жағдай болды?» деп сұрағанда, Имам Мəлік: «Əй, Мысырлық! Əбу Ханифамен тілдескендіктен осындай күйге түстім. Күмəнсіз, ол нағыз фиқһ ғалымы» деп, Əбу Ханифаның фиқһтағы терең ілімін мойындаған екен.

Имам Мəлік Əбу Ханифаның кітаптарын (шəкірттері арқылы жеткен еңбектерін) оқығандығы жайында Ибн Əбил Ауам əс-Сағди, Əби Абдулла ибн Али əс-Саймиари, əл-Муаффақ əл-Харезми жəне басқалары сахих тізбекпен жеткізген. Имам Мəлік Əбу Ханифаның егжей-тегжейлі зерттеген алпыс мыңға жуық мəселелерін жинаған екен. Олай болса, хадисте танымал, фиқһ ілімін терең меңгерген ғалым Имам Мəлік Əбу Ханифаның еңбектерін оқып, біліміне таңырқап бас шайқаса, былайғы жұрттың ол туралы жағымсыз пікір қалыптастырды дегенге кім сенеді?

Мəзһаб имамы Ахмед ибн Ханбəл да Əбу Ханифаның көзін көрмеген, бірақ, Əбу Ханифаның өзінен болмаса да оның шəкірті Əбу Юсуф арқылы еңбектерін оқып, ижтихад жасаған мəселелерінен көп нəрсе үйренген. Бұны Имам Ахмедтің өзі: «Үш жыл ішінде Əбу Юсуфтан үш кітап толы еңбек жаздым» деп, оның ілімінің мол екендігін тілге тиек еткен. Сонымен қатар, Əбу Ханифаның тағы бір шəкірті Имам Мұхаммедтің де еңбектерін оқыған. Имам Ахмедтен мұндай егжей-тегжейлі мəселелерді қайдан алғандығын сұрағанда: «Имам Мұхаммедтің кітаптарынан» (Кəсəри, Танибул-Хатиб, 180-б.)деп жауап берген.

Имам Шафиғидің Əбу Ханифа жайында жағымсыз сөздер айтуы мүмкін емес, өйткені ол Əбу Ханифаны жолықтырмаған, тек, оның шəкірттерін ғана яғни, Мұхаммед ибн əл-Хасанды ғана жолықтырды. Осы шəкірті арқылы Əбу Ханифаның кітаптарын оқыған. Имам Шафиғидің Əбу Ханифаны жамандауы мүмкін емес, өйткені, Имам Шафиғидің өзі Əбу Ханифа жайында: «Əбу Ханифа – фиқһ саласында адамдардың атасы» деп мақтаған.. (М. əс-Сыбаи, əс-Сунна, 474-476-б.)

Қаншама ғасыр өтті, мұсылмандар əлі күнге дейін Əбу Ханифаны дəріптеп, оның еңбектерін жата-жастана оқиды. Ұлы фиқһ ғұламасының өнегелі өмірі баршаға белгілі. Замандасы Фудайл ибн Иаз ол туралы мынадай естелік айтады: «Əбу Ханифа фақиһ, тақуа ғалым. Фиқһ ілімінде танымал, əрі өте білімді еді. Жүрген жерінде жақсылық жасауымен, күні-түні ілім үйренуімен жұрт аузына іліккен. Келгендер оның ілімін де, байлығын да керегінше пайдаланатын. Аз сөйлеп, көп ойланушы еді. Халал-харам мəселелерге өте мұқият қарап, тəптіштеп түсіндіруден жалықпайтын. Мемлекет басындағылардың мал-мүлкін пайдаланудан аулақ жүретін, сыйлықтарын қабылдамайтын» (Бағдади, Тарих, 8-т., 340-б.) Бір кездері оған қарсы шыққан Бишрул Хафиге əл-Хурайби деген ғалым: «Əбу Ханифаға тек ақымақ пен қызғаншақ қана қарсы шығады» (əз- Зəхəби, Манақиб, 32-б.) деп оның білімі мен адалдығын айтқан. Тіпті, білімін артық санаған Али ибн Асим да «Егер Əбу Ханифаның білімі мен сол кезеңдердегі ғалымдардың білімін таразы басына қояр болсақ, имам Ағзамның білімі ауыр тартар еді» (əз-Зəхəби, Манақиб, 32-б.) деп, оның біліміне таңдай қаққан. Сондай-ақ, мəзһаб имамы Имам Шафиғи Əбу Ханифаның біліміне таңырқап, «Фиқһта Əбу Ханифа алып бəйтерек болса, ал былайғы жұрт енді-енді көктеп келе жатқан көк өскіндер тəрізді» десе, тағы бір сөзінде «Адамдар фиқһ ғылымында Əбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Əбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны жəне фиқһ ілімін мүлдем білмегені» деп, оның білімінің телегей теңіз екендін мақтанышпен айтып кеткен.

Иісі мұсылманға танымал «Асым қырағатын» алып келген танымал Құран қырағатының ұстазы имам Асым Əбу Ханифаға ұстаздық қылған. Кейіннен Əбу Ханифаға сауалдар қойып, оның ой- толғамына тəнті болып, өз шəкіртінен білім алады. Бірде Асым оған: «Алла саған жақсылығын берсін. Кішкентай кезіңде бізге келетін едің, есейгеніңде біз сенің алдыңа баратын дəрежеге қол жеткіздің» деген екен.

Тағы бір замандасы Малиһ ибн Уақиғ: «Алла атымен ант етейін, Əбу Ханифа біреудің аманатына айрықша мəн беретін. Жүрегі таза, ерекше тұлға. Барлық нəрседен Алланың разылығын жоғары қоятын. Алла үшін бас кесіліп жатса, ол қуана басын қылыштың астына тосар еді. Алла Тағала оған разы болсын. Алла ізгі де, тақуа құлдарынан разы болғаны секілді оған да разы болып, мейіріміне бөлесін!» дейді. Ал Хасан ибн Салих: «Əбу Ханифа өте тақуа адам. Харамнан қорқатын. Харам болуы мүмкін деп күмəнданғанда бірнеше халалды да тəрк ететін. Өзін жəне білімін мұнша қызғыштай қорғайтын адамды көрмедім. Оның барлық дайындығы қабірге дейін еді» (Саймиари. Əбу Ханифа уа Асхабуһу, 23-б.) (яғни, дүние нəсібін емес, ақырет азығын қалайтын).

Имам Ағзамның замандастарынан Əбу Сүлеймен: «Əбу Ханифа – таң қаларлық ғалым. Ол нағыз ғылымның дəлелдерінің бірі. Оның сөздерін қабылдағысы келмей бет бұрушылар – түсінуге қауқары жетпегендер» (Хайсами, Хайратул-хисан, 35-б.) деп ілімдегі тереңдігін ерекше атап өткен.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы  

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1588 рет
JoomShaper
Top