Асхабул-хадис және асхабур-рай деген кімдер?

Сәрсенбі, 27.12.2017
Асхабул-хадис және асхабур-рай деген кімдер?

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бақилық болғаннан кейін уахи тоқтады. Сәт сайын құбылып отыратын өмірдің қитұрқы кезеңдері мен алдыңнан өткел бермей жал күдірейткен тығырықтан шығар жолды көрсету сахабалардың еншісінде қалды. Олардың қолдарында Пайғамбарымыз аманат етіп қалдырған екі қайнар көз: Құран кәрім мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннеті болды.

Бас қылтитқан кез келген мәселенің шешімін табу үшін олар алдымен Құранға жүгінетін, іздеген жауабын таба алмаса, хадистерден іздейтін еді. Ал егер туындаған мәселенің жауабы осы екеуінен де табылмаса, Құран мен хадисті негізге ала отырып, қияс (аналогия) әдісін қолданып ижтихад жасайтын. Бұл жайында Омар (р.а): «Құран мен сүннеттен табылмаған және жаныңа жат кез келген тосын жағдайға дайын болуымыз керек. Ойламаған жерден ойсыратып кетпес үшін алдын-ала қамданып, ізденуіміз керек. Ұқсас мәселелерді таңдай білуді үйреніп, содан кейін салыс-тыру керек»[1] деген. Яғни, бұдан Құран мен хадисте жауабы берілмеген мәселелердің шешімін табу үшін сахабалардың ижтихад жасағандығын көреміз. 

Сахабалардың білім деңгейі әр түрлі болған. Соған қарай кейбіреулері ижтихад жасауды дұрыс деп санаса, кейбіреулері тек Құран және хадиспен шектелуді жөн көрді.  Жалпы алғанда, сахабалардың барлығы Құран мен сүннетті басшылыққа алу мәселесінде бір ауыздан келіскен. Егер әлдебір мәселенің жауабы осы екі қайнаркөзде жоқ болса, фақиһ сахабалар ижтихад жасайтын. Сахабалардың кейбіреулері хадисті Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) риуаят етсек қателесерміз деп, хадисті мейлінше аз риуаят еткен. Бұл мәселеге қатысты Имран ибн Хайсам: «Егер қаласам, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерін таңды таңға ұрып екі күн үзбей айтар едім. Бірақ, сахабалардың кейбіреулері Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) естіген хадистерін риуаят еткенде кейде араластырып, кемітіп, кейде артық сөздер қосып әнгіме қылып отырғанын көрдім. Олардың бұл айтқан хадистерін мен де естіген едім, ақиқатында олардың айтып жүргендері Екі әлем сардарының өз аузынан шыққандай нақты әрі анық емес болатын. Сондықтан, мен олар секілді бір жерінен болмаса бір жерінен қателесіп кетермін бе деп хадис риуаят етуден қорықтым» дейді. Сахабалар хадистерді нақтылығы мен хақтығына сенімді болмайынша риуаят етпеген. Өйткені, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Біле тұра менің атымнан жалған айтқан адам тозақтан өзіне орын дайындай берсін»[2] деп қатаң ескерткен-ді. Және бұл жайында Әбу Амр әш-Шайбани былай дейді: «Ибн Мәсғудтың мәжілісінде отырған едім. Ибн Мәсғуд Пайғамбарымыз былай деген еді деп хадис риуаят ете бермейтін. Хадис риуаят етер кезде денесі қалтырап, даусы дірілдеп, борша-борша қара терге түсетін. Сондықтан, хадис риуаят еткеннен соң сақтық танытып, «Пайғамбармыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы мәндес, яки осының ар жақ, бер жағында бір хадис айтты»[3] дейтін. Абдулла ибн Мәсғуд қате айтып қоямын-ау деп қорыққандықтан, хадистерден емес, өз ижтихадында қателесуді жөн көрген. Осылайша, дінге ине жасуындай да зиянын тигізгісі келмеген сахаба ижтихад жасап пәтуа берер болса, «Бұл менің көзқарасым, егер дұрыс болса, Алладан, ал егер қате болса, өзімнен» дейтін. Егер берген пәтуасының дұрыстығын аңғартатын сахабалардың біреуінен хадис ести қалса, қуаныштан төбесі көкке жететін. Өйткені, пәтуа беруін бергенімен, оның қаншалықты шындыққа жақын екендігін ойлап, уайымдайтын. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көзін көріп, оның көркем насихатын көңілдеріне тоқығандықтан сахабалар қандай да бір ахуалға өз ойларымен (рай және ижтихадпен) үн қатса, бағытынан жаңылмас үшін әрбір сөзін бағып сөйлеп, асқан жауапкершілік танытатын. Егер бұл ижтихадтарынан кейін өздерінің берген пәтуасының күнгейінен көлеңкесі көп екенін аңғартатын хадис табыла қалса, өз байлауынан бас тартып, хадиске ден қоятын. 

Осылайша, арасы бір-бірінен алшақ кетпеген екі топ болды: Біріншісі, Пайғамбарымыздан хадис риуаят етіп, сонымен шектелуді жөн санаса, екіншілер – Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадис келіп жетпеген мәселелерде рай мен ижтихадқа жүгінді. Алайда, айтқан ойларына қатысты сахих хадис табыла қалса, өз көзқарастарынан бас тартып, хадиске иек артатын[4].

Негізгі айтпағымызға кіріспес бұрын Әбу Ханифа мен оның мәзһабындағыларды сынауға себеп болған, ол ол ма, хадис пен сүннетке қайшы деп саналған «Рай» терминінің мән-мағынасы мен хадис және рай мектебінің ерекшеліктеріне тоқтала кеткенді жөн көрдік. Өйткені, осылай ету арқылы Әбу Ханифа мен оның ізбасарлары іргетасын қалаған, Иракта арнайы мектеп ретінде қалыптасқан райды тек олармен ғана шектеуге келмейтіндігін, Әбу Ханифаның қолданған райының да хадис пен сүннетке негізделгеніне көз жеткіземіз.

Хадис пен сүннеттің не мағына беретіндігіне қатысты ғалымдар түрлі көзқарас айтқанымен, көбіне «Пайғамбарымыздың сөздері, іс-әрекеттері мен тақрирлары (құптауы, наразылық танытпауы)» деген пікірде түйіседі. Ал «Рай» сөзіне қатысты пікірлер әр қилы. Жалпылама алғанда, «Араб тіліндегі роә (көру, ойлау) етістігінен тарайтын рай сөзі термин ретінде ойланып-толғанып, дұрыс бағытты табу жолында ізденіске барғаннан кейін ғана түйген ой-пікір, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Ал, фиқһ методологиясында ол жайлы нақты аят пен хадис кездеспейтін мәселелерде ижтихад жасаудың негізі саналған рай шариғаттың белгілеген жолдарынан (методтары) ауытқымай жасалған ақыл-ойға қатысты амал»[5] деп анықтама беруге болады.

Мәмдух (сенімді, жағымды, оңды) және «Мәзмум» (жағымсыз, датталған) деп екіге бөлінген рай сөзі көбіне екінші мағынасында қолданылып кеткен. Оның себебін шығыстанушы Гольдциер «Негізінен «Рай» сөзі қазіргі араб тілінде пайдалы бір мағынаны беретін бір сөз және «Жақсы, ықтиятты, дұрыс көзқарас» ретінде «Нәпсінің жетегіндегі қателікке бастайтын, пәтуасы жоқ шешім дегенге саятын «һәуә» сөзінің антонимі. Бірақ, кейбір қатып-семіп қалған хадисшілердің бұл терминге деген теріс көзқарастарына байланысты тағы бір жағымсыз жағынан қарастырылатын «һәуә» сөзіне  пара-пар саналып  кеткен» деп түсіндіреді[6]. Имам Ғазали рай сөзінің әрі сахих (дұрыс, оң), әрі фәсид (бұзушы, жарамсыз) мағынасын да қамтитындығын, бірақ, кейде осы «фәсид (бұзушы, жарамсыз) рай» осы рай сөзінің орнына қолданылып кеткенін айтады[7]. Ибн Хазм «Дінде нассқа (аят-хадиске) сүйенбейтін пікір»[8] десе, Ибн Тәймия да Құран, сүннет пен ижмаға сүйенген райдың дұрыс, ешқандай негізі жоқ райдың бұрыс екенін айтады. Ибн Қайим «Дәлелдер бір-біріне қайшы келген жағдайда дұрысын ажырата білу үшін терең ойға беріліп, жан-жақты ізденуден соң барып адамды қанағаттандыратын көзқарас»[9] деген. Жалпы, кей дереккөздерде рай туралы Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дейін барып тірелетін хабарлардың бәріндегі жағымсыз мағынада қолданылатын рай терминінің көп жағдайда амалдары дінді  бұрмалауға апаратын адасқан топтарға қарата айтылатынын байқаймыз. Әйтпесе, Хижазда тұрғанымен райды көп қолданған сахаба Омар ибн Хаттаб еді. Сондықтан, оны рай мектебінің іргетасын қалаушы деп қабылдағандар да бар[10].

Ендігі кезекте ғалымдар түрлі пікір білдірген «Әхлур-рай» және «Әхлул-хадис» терминдеріне тоқтала кетейік. Кім әхлур-рай, ал кім әхлул-хадис екеніне де қатысты ғалымдардың пікірлері әр қилы. Хатиб Бағдади асхабул-хадиске діни тұрғыдан барлық жақсы қасиеттерге ие болғандар[11] деп анықтама берсе, Әбу Бәкір Аияштың (қ. 193 һ.ж.) «Әр дәуірдегі басқа ғалымдарға әхлул-хадистің орны мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен салыстырғандағы орны секілді» деген бағасын бергеннен кейін Шағрани бұл жердегі әхлул-хадистің хадис саласында хафыз болмаса да барлық әхлі-сунна ғалымдарын қамтитындығын айтады[12].  Ибн Құтәйба әхлул-хадисті ең таңдаулы топ екенін, әрқашан олардың беделінің жоғары болғандығын, олар туралы жақсы пікір білдіргендердің мерейі үстем түсіп, ал маңызын жоққа шығарғандардың былайғы жұрттың алдында абыройдан жұрдай болғандығын, сондай-ақ ел мен елдің арасын байланыстырған, естігенін қыр асырған керуенмен көшіп-қонған жұрт арқылы ауыздан-ауызға тарап жыр болып төгілді, сыр болып ақтарылды.

Фахруддин әр-Разидің берген анықтамасы Ибн Құтайбаныкінен мүлде өзгеше. Ол «Адамдар Шафиғидан бұрын асхабул-хадис және асхабур-рай деп екіге бөлінетін. Асхабул-хадис пікірталастыруға қауқарсыз, тіпті асхабур-райдың жолын терістеудің өзіне шамалары жетпейтін. Сондықтан, олардан дінге, Құран мен сүннетке деген ешқандай жәрдем келмеді. Ал асхабур-райге келсек, олар барлық күш-қуатын діни дәлелдерді айқындап жатудан гөрі өз көзқарастарымен үкім шығару және үкімдерді жүйелеуге жұмсады» дейді. Тағы бір жерде ол хадисшілер мен асхабул-хадисті екіге бөліп «Тек қана хадисші хадистерді жеткізу мен оны жеткізушілердің жағдайын ғана білуге шамасы жеткендер. Ал хадистен дәлел келтіріп, үкім шығаруға келгенде дәрменсіз. Мұндай адамға асхабул-хадис деуге келмейді. Өйткені, ол атау хадиске барынша байланған, кез келген сауалдарға жауап беруге шамасы жететіндерге ғана тән» дейді[13].

Ибн Жәузи мұхаддистерді екіге бөледі. Бір топ сахих пен жалған хадистің аражігін бір-бірінен ажыратып беріп, шариғатты қорғап қалуды мақсат еткендер, сондықтан, олар алғысқа лайық десе, ал екінші топтағылар олардың мақсаттары бар болғаны хадистерді жинап, ең сенімді дерек бізде деп өздерін көрсету үшін табанынан тозғандар дейді. Имам Зәхәби де мұндай хадисшілердің хадис риуаят етуден басқа ештеңемен айналыспағанын, ал үкім берумен айналысқандарды жақтыра қоймағандығын айтып қатаң сынайды. Тіпті, Фахруддин әр-Разидің асхабул-хадистің жетекшісі деп санап, ізбасарлары «Насырус-сунна» (Суннаның қорғаны) деп атаған Шафиғидың өзі хадисшілердің кәрінен (көре алмау, жақтырмау) құтыла алмаған көрінеді[14]. Осыған қатысты реті келгенде әс-Сыбаидің келтірген мынадай мәліметтерін де келтіре кетейік:

«Әбу Ханифаның көзқарасының кейбір ғалымдардың көзқарастарына қайшы келуі, яғни, көбіне хадистің астарына терең бойламай, үстірт шолып, хадисті сөзбе-сөз қайталаудан аспаған кейбір хадисшілердің көзқарастарына қайшы келуіне таң қала қараудың жөні жоқ. Өйткені, хадис жеткізушілердің арасында хадистердің мәнін терең түсіне алмайтындардың қарасы көп еді. Бұл жайында Яхия ибн Йаман: «Кейбіреулер хадисті жазуын жазып алады, бірақ, оның мағынасына терең бойлай бермейді. Егер одан алда-жалда қалыптасқан ахуалға байланысты сауал қойса, кітапқа толы құр жансыз кітапхана секілді, жапқан аузын ашпай мелшиеді де қалады» дейді[15].

Осындай хадисшілердің арасында өзі жаттаған хадистерінің мән-мағынасын, оның фықһи үкімін, Құран аяттарымен және басқа да хадистермен байланысын терең талдап беруге өрелері жетпейтін топтың арасында адамның күлкісін келтіретін жағдайлар орын алатын. Мәселен, кейбіреулер үлкен дәрет сындырғаннан кейін истинжа (сумен тазалану) жасап, дәрет алмастан үтір намазын оқитын болған. Бұның себебін сұрағанда Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына хадисін дәлел ретінде келтірген: «Кімде-кім таспен истинжа жасайтын болса, үтір (тақ) қылсын», яғни, тазаланғанда тастың саны 3 немесе 5 секілді тақ санмен шектелсін, деген. Бұл хадисте айтылатын «Үтір қылсын» дегенді ол риуаятшы үтір намазы деп түсінген, алайда, бұл жерде «Үтір» деген сөздің екінші астары «Тас қолданғанда тақ болсын»  деген мағынаға саятын.

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқаның егінін суғаруға тыйым салған-ды. Осы хадисті тікелей сөзбе-сөз түсініп, көршісінің бақшасына су жібермегендер де кездескен екен. Ал бұл хадис басқа біреудің әйелімен жыныстық қатынасқа бармау керектігі жөнінде айтылған болатын.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде жұмыс уақытында адамдардың бір орында топырлап, бір-біріне бөгет жасамауы үшін алқа-қотан (дөнгеленіп) жиналып отыруына тыйым салған болатын. Бұл хадисте айтылған «Халқа» сөзі екі түрлі мағынаны білдіреді, біріншісі, «Жиналып отыру», екінші мағынасы – «Қырыну». Бұл хадистегі мағынасы дөңгеленіп жиналып отыруға саятын. Бірақ, кейбіреулер бұл хадисті екінші мағынасында түсініп, жұма намазды 40  жыл бойы қырынбай, тазаланбай оқып жүргендер де кездескен екен[16].

Хадис риуаят етіліп жатқан мәжілістердің бірінде құдыққа тауық түскен жағдайда не істеу керектігін сұрғандарға құдықты тауық түспейтіндей етіп жауып қою керектігін айтып пәтуа бергендер де кездескен.

Міне, осы секілді хадисшілердің арасында қарапайым, санасы таяз кейбір адамдар Әбу Ханифаның үкім шығарудағы терең парасатын түсіне алмады. Сондықтан, Әбу Ханифа жайында теріс ойлап, оның  хадистерге жеңіл қарағандығын айтып жала жапқандар шыққан»[17].

Шах Уәлиуллах Дәхләуий «Кейбіреулер әхлуз-захир (хадисшілер) мен әхлур-рай тысында үшінші өзге топ жоқ және әрбір қияс пен истинбат жасаушыны (үкім шығарушы) әхлур-рай деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл олай емес. Райды жалаң ақыл мен түсінік деп ұқпау қажет. Өйткені, ешбір ғалым бұдан тыс қала алмайды. Бұл сүннетке сүйенбейтін рай де емес. Ешқандай мұсылман мұндай жолды ұстана алмайды.... Керісінше, әхлур-рай дегеніміз, мұсылмандардың барлығы немесе көпшілігі ижма жасаған (бірауыздан келіскен) мәселелерге қатысты алдыңғы буын ғалымдардың бірінің әдісіне сүйене отырып  үкім шығарушылар...» дейді[18].

Ойымызды Мұхаммед Хұдаридің сөздерімен тиянақтайық. «Әхлул-хадис Құранды түсіндіріп, толықтырушысы және онымен Жаратқанға құлшылық жасауға негіз боларлық діни қағидалар ретінде сүннетті құбыла еткендер. Олар шариғаттың қағидаларын белгілеуші Алла мен оның елшісінің айтқандарының астарына, мүжтәхидтердің ұстанған бірде-бір негізіне, түрлі тармақтарға қатысты ешқандай әдістемеге қарамайды. Шариғатта қалай айтылса (сөзбе-сөз) дәл солай орындауға тырысады. Сондықтан, қандай да бір мәселеге орай аят немесе хадис таппаса, үнсіз қалады, яғни, пәтуа бермейді.

Рай мен қиясшыларға келсек, олар шариғаттың мағынасының жалпы жұртшылыққа түсінікті болуы керектігін айтады. Құран кәрімде сүннеттің де қолдап-қуаттаған жалпы негіздердің бар екенін қабылдайды және қандай да бір мәселеге қатысты аят-хадис жоқ болса, шешімін күткен сол тақырыпқа байланысты барлық мәселелерді осы негіздерге апарып сүйейді. Егер сахихтығы дәлелденсе, хадис пен сүннетке дәл алдыңғылар (хадисшілер) секілді қарайды»[19] дейді.

Осы екі ұғымды талдаудан туған көзқарас айырмашылығы дін білгірлерін белгілі бір санатқа жатқызып, жіктеуде де көрініс тапқан. Ибн Құтайба (ө. 270 һ.) барлық мүжтәхид ғалымдарды асхабур-рай десе, тек қана риуаяттармен айналысып, фиқһ саласында аты шықпағандарды мухаддис деп санаған. Ахмед ибн Ханбәлді осы екі топтың ешбіріне жатқызбаған[20]. Ал басқа кітабында Ахмед ибн Ханбәлді Әбу Ханифа және оның мәзһабымен бірге асхабур-райдың тобына қосқан[21].

Мәлік ибн Әнәсті хадисшілер рай жақтастары, ал Тирмизи имам Шафиғиды асхабул-хадиске жатқызады. Мақдиси болса, Ахмед ибн Ханбәл мен Исхақ ибн Рахуяны хадисшілерден десе, Имам Шафиғиды бірде асхабур-райға, бірде асхбул-хадистің қатарынан дейді. Бәйхақидың риуаяты бойынша асхабул-хадисті бес санатқа бөлуге болады. Олар: мәлікилер, шафиғилар, ханбәлилер, рахауиялар, хүзәймиялар[22]

Хадис мектебі ретінде қабылданған Мәдина медресесінің фиқһтағы көшбасшысы саналған табиғин ғалымы Саид ибн Мусәйяб жайлы Әли ибн әл-Хусейн «Саид ибн Мусәйяб әсәрда[23] адамдардың арасындағы ең ғалымы, райда да ең фақиһы еді»[24] деген.

Саид ибн Мусәйябтың шәкірті әрі Имам Мәліктің ұстаздарының бірі Рәбия ибн Әбу Абдуррахман әл-Рәррух райды көп қолданғандықтан, «Рәбиятур-рай» деп аталып кеткен. Міне, асхабул-хадис бола тұра райды қолданғандықтары білдірілген осы табиғин ғалымдары рай дегенде тікелей фиқһты меңзеген. Осы рай өкілдерінің басты ерекшеліктері де олардың мықты фақиһ болуында жатыр. Сондықтан, Пәздәуи «Усул» атты кітабының кіріспесінде «Біздің бұрынғы ғалымдарымыз асхабул-хадис және мәани еді» дей келе», ғұламалар мәани (фиқһ пен рай) терминін Әбу Ханифа мен оның мәзһабындағылар үшін қолданғанын, сондықтан да олардың асхабур-рай деп аталғанын, рай дегеніміз – фиқһ ілімінің бір атауы екенін»[25] айтқан. Яғни, бұл екі топты Хижаз және Ирак аймағымен шектеу дұрыс емес. Мәселен, Рабиатур-рай райшылығымен аты шыққан мүжтәхид – мәдиналық, ал райшыларға жаны қас Шағби болса – ирактық[26].

Бағдади рай терминін көбіне насстарға назар аудармастан жасалған жеке көзқарас ретінде танып, әхлур-рай деп әхлус-суннаның тысындағы шектен шыққан бидғатшыларға қолданған. Бұл сол кезеңдегі көптеген хадисшінің ортақ көзқарасы еді[27].

Кейбір ғалымдар асхабул-хадис пен райды өз ішінде екіге бөліп: муғтәдил, яғни жұмсақ әрі қатты (радикалдар) деп жіктейді. Бұл жіктеуге сай аят-хадистердің тек тікелей мағынасын алып, сахабалар пәтуасын дәлелге санамаған захирилер асхабул-хадистің радикалды тобына, ал рай мен хадисті сирек қолданып, үкім шығарар кезде хадиспен қатар сахаба һәм табиғиндердің пәтуаларымен шектелуге тырысқан хадисшілер муғтадил, яғни, жұмсақ топтағыларға жатқызылады. Олардың қатарына Ахмед ибн Ханбәл мен алты хадис жинағын құрастырушы ғалымдар кіреді. Ал асхабур-райдың жұмсақтарына көбінесе Құран мен хадисті негізге ала отырып, осы мәселелерге аса жауапкершілікпен қарап, аят пен хадисте айтылмаған мәселелерде қияс пен рай әдісін қолданып, үкім шығаруға тырысқан имам Әбу Ханифа, Шафиғи, Ибн Әбу Ләйлә, Әузағи, Суфиян әс-Сәури секілді фақиһтер, ал радикалдарына Құранның тысында басқа дәлелді қабылдамағандар жатқызылған[28]

Табиғин кезеңінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен сахабалар арасында қолданылған ойлану, пікір түю және мәселелерді бір-бірімен салыстыра отырып елеп-екшеу мағынасында рай әрі хадисшілер тарапынан, әрі асхабур-рай деп аталған адамдар тарапынан да қолданылғандығы шындық[29]. Соған қарамастан өзара талас-тартыстың толастамауы нәтижесінде осы пікірталастардың орталығының Хижаз бен Ирак мектебі ретінде көрініс тауып, көбіне хижаздықтар – «Хадисші», ал Ирактықтар – «Райшы» деп аталып кеткендігін байқаймыз. Негізінен, бұлай жіктеудің ғылыми шындықтарға сай келе емес.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы



[1]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 83-б.

[2]    Бұхари, Илм, 38.

[3]    Ибн Мажә, Мұқаддима, 2; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/452

[4]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 83-93-б.

[5] آراء من رأى، ما يترجح للانسان بعد فكر وتأمل «Ақылға салып, ойланғаннан кейінгі тұжырымды пікір». Мұғжамул-фуқаһа 1/218; Хадисшілер  рай ғалымдары деп қияс ғалымдарын атаған. Өйткені олар қалыптасқан ахуалға байланысты, егер хадистегі үкім кесімді емес немесе хадис пен риуаят кездеспесе, өзінің көзқарасын айтқан. Лисанул араб, 14/291;

Рай сөздікте «қөзқарас, ой» деген мағынаны білдіреді. Ал фиқһ кітаптарында: «Ешқандай хадис пен аят болмаған фиқһи бір мәселе жайында, мүжтәхидтің белгілі бір қағидаға сүйеніп айтқан жеке көзқарасы», Ислам илмихали, Дианет ишлери башканлығы, Анкара, 2006, 1-т., 155-б; А. Шенер, Қияс, Истихсан, Истислах, Анкара, 1974, 51-б.; Х. Караман осыған қатысты: «Хазірет Омар, Ибн Мәсғуд, Ибн Аббас және Али секілді сахабалардан келіп жеткен және ижтихадтың уақыты мен мәнін түсіндіретін сөздерде Құран, сүннет және тура жолдан қия баспаған имамдардың айтқандарында қандай да бір мәселенің үкімі табылмаған жағдайда барып үкім шығару тәсілі яғни, сахабалардың тәсілі «ижтихадур-рай» немесе тек «рай» деп аталған. Бертін келе қияс, истислах, истихсан секілді ижтихад жасау тәсілдері осы ұғымның аясына кіріп кеткен» дейді. Қараңыз: Х. Караман, Ислам хукукында ижтихад, Анкара, 1975, 57-б. 

[6]  И. Гольдциер, Захирилер, систем ве тарихлери, (түрік тіліне ауд. Ж. Тунч,), Анкра университеси илахият факултеси иайынлары, Анкара, 1982, 10-б.

[7]   Ғазали, Ихяу улумиддин, 1-т., 262-б.

[8]   Ибн Хазм, Ибталуль-қияс, Гольдциер, Захирилер, 167-б.

[9]   Ибн Қайим әл-Жәузия, Иламул-муаққиғин, 1-т., 66-б.

[10]  Калажи, Мәусуату фықхи Ибраһимин-Нәхәи, 1-басылым, Мекке, 1979, 1-т., 127-б.

[11]  Бағдади, Шәрәф, 145-146-б. И. Хаккы Үнал, 28-б.

[12]  Шағрани, Мизанул-Кубра, «Дарул-фикр» баспасы, Бейрут, 1995 1-т., 147-б.

[13]  Ф. әр-Рази, Мәнәқубуш-Шәфиғи, 245-беттен И. Хаккы Үнал, 29-б.

[14]  Хаккы Үнал, 30-б.

[15]  Ибн Абдулбәрр, Жамиғу баянил-илм,  2-т., 121-б.

[16]  М. әс-Сыбаи, әс-Сүннәту уа маканатуһа фи ташриғил исламиати, 471-б.

[17]  М. әс-Сыбаи, әс-Сүннәту уа маканатуһа фи ташриғил исламиати, 472-б.

[18]  У. Дәхләуий, әл-Инсаф фи баяни Әсбәбил ихтиләф, (Ауд: Мұса Хуб) 73-74-б. Йени академи баспасы, Стамбул, 2006.

[19]  М. Хұдари, Тарихут-тәшриғил-исләмии, Матбаатул-истиқама, Каир, 1939, 5- басылым, 200-б.

[20]  Ибн Құтайба, Маариф, (тахқиқ С. Уккашә), Дәрул-мариф, 4-басылым, Каир, 1981, 169-171

[21]  Ибн Құтайба, Тәуил мухталифил-хадис, (Тахқиқ М. Зухри ән-Нәжжәр), Каир, 1386 һ., (Түрікше аударған М. Хайри Кырбашоглы,), Хадис мүдафаасы, Стамбул, 1979, 17-б.

[22]  И. Хаккы Үнал, 37-38-б.

[23]  Әсәр – сахаба мен табиғиндерге телінген сөз бен іс-амалдар

[24]  Ибн Сағыд, Табақат, 5/90

[25]  Пәздәуий, Усул, 1/15-16-беттен И. Хаккы Үнал, 36-б.

[26]  Х. Караман, Ислам хукукында ижтихад, Анкара, 1975, 109-б.

[27]  Ехлур-рәй, Ислам энциклопедиси, (М. Есад Кылычер) ТДВ, Стамбул, 1994, 10-т., 523-б.

[28]  Х. Караман, Ислам хукукында ижтихад, 109-125-б; М. Есад Кылычер, Әхли рәй // Ислам ансиклопедиси, 10-т., Стамбул, 1994, ТДВ, 523-524-б.

[29]  Ибн Абдулбәрр, 2-т., 61-б.; Х. Караман, Ислам хукукында иж-тихад, 106-б.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 563 рет
JoomShaper
Top