Әбу Ханифа қиясты хадистен жоғары қойған ба?

Бейсенбі, 24.08.2017
Әбу Ханифа қиясты хадистен жоғары қойған ба?

Құқықтық мәселелер туындағанда Әбу Ханифа сүннетті қаншалықты дәлел ретінде ұстанғандығы жайында фиқһ ғалымдарының арасында түрлі пікірлер бар. Тіпті, «фиқһи мәселелерді шешкенде қиясты хадистен артық санайды» деп, Әбу Ханифаға күмәнмен қарағандар кездесіп жатты.

Мұны толық түсіну үшін оның фиқһтағы әдіснамасынан хабардар болуымыз қажет. «Риуаят етілген хадис жайында оның фиқһи көзқарасы қандай, оның фиқһи көзқарасы хадиске сай ма, жоқ қайшы ма? Егер пәтуасы хадиске қайшы келсе, себебі неде? Мүмкін хадис оған жетпеді ме жоқ әлде ол Құранға немесе мәшһүр хадиске сүйене отырып айтты ма?» деген сауалдардың жауаптарын білу Әбу Ханифаның құқыққа қатысты қағидаларының негіздері мен тармақтарын зерттеп шығуды қажет етеді.  

Әбу Ханифаға көзі тірісінде де «Сүннетке қайшы келді» деген жала жабылған. Қайтыс болғаннан кейін де оның атақ-абыройын көре алмағандар жала жапқандарын қоймады. Негізінде, Әбу Ханифа пайда болған мәселенің шешімі табылуына ықпал ететін хадис кездессе, ешқашан оны былай ысырып, қиясқа себепсіз жүгінбеген. Бұл жайында: «Біздің қиясты настан (Құран, хадис және ижма) артық санағандығымызды айтушылар бізге жала жабуда. Егер наста мәселенің жауабы табылса, қиясқа жүгініп неміз бар?»[1] – деп, өзінің ұстанымын ашық айтқан. Тіпті, Имам Ағзам қиясты басқа амал қалмаған жағдайда ғана қолданатындығын тілге тиек етіп: «Біз аса зәру болғанда ғана қияс жасаймыз. Алдымен біз пайда болған мәселенің шешімін Құраннан, сүннеттен немесе сахабалардың пәтуаларынан іздейміз. Егер бұлардан дәлел таба алмасақ, наста болған мәселемен салыстыра отырып, қияс жасаймыз»[2] деген.

Ибн Аууам Әбу Юсуфтың былай дегенін жеткізеді: «Әбу Ханифа  туындаған қандай да бір ахуал жайында сұралғанда: «Сізде бұл мәселеге қатысты қандай хадистер бар?» деп алдымен сүннетке ден қоятын. Сонда біз білгенімізді айтатынбыз, Әбу Ханифа да өз білгенін айтып, екі көзқарастың қайсысының дәлелі басым түссе, соған тоқтайтын. Ал егер екі көзқарастың дәлелдері тең түссе, жағдайға қарай біреуінің көзқарасын таңдайтын»[3].

Әбу Мұтғи әл-Бәлхий былай баяндайды: «Куфа мешітінде Әбу Ханифаның қасында отырған едім. Ішке Суфиян әс-Сәури, Муқатил ибн Хаиян, Хаммад ибн Сәләмә, Жағфар әс-Садық бас сұқты. Келген бойда Әбу Ханифаға «Естуімізше, сен дінде қиясқа жиі жүгінетін көрінесің. Сенің жағдайыңа алаңдаймыз. Өйткені, ең алғаш қияс жасаушы – Ібіліс» дейді. Өзінің көзқарасын дәлелдеу үшін Әбу Ханифа жұма күні таң атқаннан түс мезгіліне дейін олармен пікірталастырады. Соңында «Мен ең әуелі Алланың кітабымен, сосын Пайғамбарымыздың сүннетімен амал етемін. Сосын әуелі сахабалардың келіспегендерінен бұрын бірауыздан келіскен тоқтамдарына үңілемін. Содан кейін барып қана қияс жасаймын» деді. Оның жауабына көңілдері толған әлгі ғалымдар оның қолын сүйіп, құрмет көрсетіп «Ғұламалардың төресісің»[4] деп, ілімділігін мойындаған екен.

Осы мәселеге қатысты Әбу Ханифаның ғибратты ғұмыры жазылған манақыб кітаптарында мынадай қызықты оқиға кездеседі. Әбу Ханифа Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) немересі – Мұхаммед Бакирмен алғашқы рет Мәдина қаласында жолыққанда, Мұхаммед Бакир:

– Сен Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінін, хадистерін қиястан төмен санайды екенсің, солай ма? –  деп сұрайды. Әбу Ханифа :

– Құдай сақтасын, бұлай болуы мүмкін емес? – дейді. Сонда Мұхаммед Бакир:

– Мүмкін өзгерткен шығарсың?

– Мұндай жаладан Аллаға сыйынамын. Сіз өзіңіздің деңгейіңізге лайық орынға отырыңыз, мен де өз орныма отырайын. Шын мәнінде, мен сізді сахабалар өз арасында атаңызды (Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қалай құрметтеп сыйлағанындай құрметтеп, сыйлаймын» деп құрмет көрсетті. Осыдан кейін Мұхаммед Бакир тізе бүкті. Әбу Ханифа оның алдында жүрелей отырып оған:

– Сізге үш сұрағым бар, соған жауап бересіз бе? – деп оның келісімін алған соң сауалдарын қойды. 

– Әйел әлсіз бе, жоқ  еркек пе? Мұхаммед Бакир:

– Әйел.

– Әйелдің атадан қалған мұрадан үлесі қанша?

– Ер кісі екі пай алса, әйел бір пай алады.

– Бұл атаңыз Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөзі емес пе? Егер мен дінбұзар болсам, қияс жолымен ер кісінің үлесін бір, ал әйел кісінің пайын екі есеге арттырар едім. Өйткені, әйел заты әлсіз, табыс табу мүмкіндігі аз, ал ер кісінің әйел затына қарағанда күш-қуаты мол. Еңбек етіп, мол табыс таба алады. Бірақ, мен қияс жасамаймын, аят пен хадис болса, осылармен амал қыламын.

– Ең абзалы намаз ба, әлде ораза ма?

– Намаз.

– Атаңыздың айтқаны осылай. Егер мен оның дінін бұзған болсам, әйел хайыздан (етеккірден) тазарғаннан кейін намазының қазасын өтеуге әмір берер едім. Оразасының қазасын өтеттірмес едім. Бірақ, мен осындай жолмен, яғни, қияспен өзгеріс енгіздім бе?

– Зәр лас па, әлде ұрық па?

– Әрине, зәр лас.

– Егер мен атаңыздың дінін өзгерткен болсам, зәрмен былғанған денені бастан-аяқ жуындырып, ғұсыл алуды, ал ұрық бөлінген адамға тек дәрет алуды бұйырар едім. Бірақ, мен хадиске теріс көзқарасымды таңып, қияспен Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  дінін өзгертуден аулақпын. Дінде мұндай өзгеріске жол беруден Алла бізді сақтасын! – дейді.

 Осыдан кейін Мұхаммед Бакир орнынан тұрып, Әбу Ханифаны құшақтап, маңдайынан сүйді[5]. Осы әңгімеден байқағанымыздай, Әбу Ханифа «нас» (Құран мен хадис және ижма) бар жерде қиясқа жүгінбейтіні анық еді.

Хадисті қабылдау шарты қатаң болғандықтан, көптеген хадистерді сахих санамағандықтан, (Құран мен хадистің жалпы үкіміне қарай) қияс пен райды жиі қолданды. Алланың Әбу Ханифаға берген қабілеті мен зеректігінің арқасында ол секілді ешкім қиясты көп қолдана алмады. Осылайша, Әбу Ханифа бір жағынан хадисті қабылдауда сақтық танытумен өзге хадисшілерден ерекшеленсе, екінші жағынан,  қиясты «там-тұмдап» қолданатын фиқшылардан оқ бойы озық шығуымен ерекшеленетін. 

Ибн Абдулбәррдің кітабында Имам Мұхаммедтің былай дегені риуаят етілген: Білім төрт түрлі болады: 

1.  Алланың кітабында болғаны және ұқсасы;

2.  Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисінде болғандар және ұқсасы;

3.  Сахабалардың бірауыздан келіскен пәтуасы және осыған ұқсасы;

4.  Сахабалар әлдебір мәселеге түрлі көзқарас білдірсе, фиқһ ғалымдары да осылардың біреуінің көзқарасын алып, туындаған мәселелерді соған салыстыра отырып шығарған пәтуасы[6]. Имам Сарахси осынау төрт білім жүйесінің төрт сатыдан тұратынын айта келіп, төртіншісі туралы «Мұсылмандардың дұрыс деп санаған мәселелері және осыған ұқсағандары» деп ой түйеді.

Олай болса, Әбу Ханифа да осы төрт жүйеден тысқары кетіп, үкім шығармаған. Оның қиясы (салыстыру тәсілі) хадистен артық дегендерге Әбу Ханифаның Шағранидің «әл-Мизан» атты еңбегінде былай дегені жазылған: «Алла атымен ант етейін! Бізді қиясты настан артық санады дегендер жалған сөйлеп, бізге жала жабуда», «Егер қандай да бір мәселеге қатысты нас (Құран немесе хадис) кездесіп жатса, қиясқа жүгінудің қандай  қажеттілігі бар, біз тек басқа барар жер, басар тауымыз қалмаған зәру жағдайда ғана қиясты қолданамыз. Қандай мәселе болмасын, алдымен Құраннан, сүннеттен және сахабалардан дәлел іздейміз. Егер бұлардан ешқандай дәлел таба алмасақ,  үкімі болмаған мәселені үкімі бар мәселемен салыстырамыз (қияс жасаймыз)», «Алдымен Құранда болғанды, содан кейін сүннеттен кездескенін аламыз. Бұлардан кейін сахабалардың амал қылып, келіскен мәселелеріне біз де келісіп, сонымен амал қыламыз. Егер олар қандай да бір мәселеде ортақ келісімге келе алмай пікір қайшылығына ұрынса, қияс (салыстыру тәсілі) арқылы шешім шығарамыз». «Аллаһ елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткен барлық нәрсе біз үшін барлығынан артық, әке-шешем ол үшін құрбан болсын, біз оған қарсы шығуымыз мүмкін емес. Сахабалардан жеткендерді таңдаймыз. Олардан басқалары болса, олар да адам, біз де адамбыз[7].

Бір сөзінде Әбу Ханифа «Алланың дінінде райдан (жеке көзқарас бойынша үкім беру) сақтаныңдар. Сүннетке бағыну – міндет. Кім бұдан бас тартса, адасады»[8] деген-ді. Олай болса, оның бұл жазбасынан түсінетініміз, Әбу Ханифа қиясты сахих хадистен басым санамаған. Тіпті,  Ибн Хазм, Ирак еліндегі фиқһ ғалымдарының әлсіз хадистердің өзін қиястан жоғары санауда бірауыздан келіскендігін айтқан.

Осы ойды Ибн Қайим да қуаттап, «Иьламул-муаққиғин» атты еңбегінде: «Әбу Ханифаның шәкірттері, ханафи мәзһабында әлсіз хадистердің қияс пен ижтихадтан артық саналатындығына және бұл мәзһабтың негізгі қағидалары осы негізге құрылғандығына бірауыздан келіскен. Мысалы, «Намазда күлу жайындағы», «Сапарда құрманың шырынымен дәрет алу жайындағы», «Он дирхамнан аз ұрлық жасаған адамның қолын кеспеу жайындағы», «Хайыз уақытының ең көбі он күнге созылатындығы жайындағы» және «Жұма намазы міндетті түрде адам көп шоғырланған қалалық жерде атқарылуы керектігі жайындағы» хадистер әлсіз болғанына қарамастан, қияс пен ижтихадтан артық саналған. Және әлсіз деген сөз оларды хадис қатарынан шығарып тастау дегенді білдірмейді, әлсіз хадистер өзіндік тізбегі бар хадистердің бір шоғыры, ол ол ма, хронологиялық шежірелік негізі жоқ жазылған көптеген тарихи еңбектерден әлдеқайда сенімді, объективті болып келеді. Әлсіз хадис христиандар мен еврейлердің киелі кітаптарында келтірілген кейбір дәлелдерден нақты болып саналады. Ғалымдар назарында әлсіз саналуына Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисті жеткізушілердің бойындағы кемшіліктері себеп болған. Негізінде, алдыңғы буын ғалымдар мен кейінгі ғалымдардың «әлсіз» хадистің терминдік мағынасын түсіндіруі әр қилы. Алдыңғы буын ғалымдары қандай да бір хадисті  «әлсіз»  деп ат қойып, айдар тақса, кейінгі ғалымдар ол хадисті «хасан» деп, үкім берген.

Әбу Зәхра «Мынаны нақты айта аламыз: Әбу Ханифаның мәзһабы ешқашан қиясты хадистен жоғары санаған емес. Керек десеңіз, мұсылман фақиһтарының ішінде ешкім қиясты сахих хадистен жоғары қоймаған. Егер қандай да бір риуаятты қабылдамаса, ол Құранға және діннің негіздерінің біріне қайшы келгендіктен туындаған. Бірақ, бұл хадисті ұмытып, қияспен амал ету деген сөз емес. Бұның себебі, нақты бекітілген діни үкімдерге немесе фиқһ әдіснамасының басты ережелеріне сәйкес келмейтін риуаятты алмауда жатыр. Өйткені, ине жасуындай болса да күмән тудырған дәлел нақты дәлелдің алдында ақырғы үкімге өз ықпалын «жүргізе» алмайды. Ғалымдар үкімі нақты хабарды айғақ ретінде алып, күмәндісін қолданбаған»[9].

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Әбу Ханифа мәзһабында егер қандай да бір  мәселе, яғни, оған тікелей немесе жанама қатысы бар хадис табылса, қияс пен ижтихадты бас-көз демей қолдана бермеген. Міндетті түрде әуелі хадиске мән берген. Осыған орай, Таханәуи, көпшіліктің «Әбу Ханифа қиясты тым көп қолданған» деп айтып жүргеніндей емес, қайта керісінше қиясты ең сирек қолданған мүжтәхидтердің бірі екендігін атап өткен[10].

Әбу Ханифа үкім шығару мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарап, былайғы жұрттың зердесі жете бермейтін дәрежеде парасат-пайымы кең, кез келген жағдайды жан-жақты талқылай алуымен ерекшеленген ғалым еді[11].

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы



[1]   Имам Шағрани, Мизанул-Кубра, «Дарул-фикр» баспасы, Бейрут, 19951 т. 15 б.

[2]   Имам Шағрани, 1-т.,  15-б.

[3]   З. әл-Кәусәри, Танибул-Хатиб, 86-б.

[4]   Шағрани, Мизан, 1-т., 53-б.

[5]   Мекки, Манақиб, 1-т.,168-б.; Хайсами, Хайратул-хисан, 177-б.

[6]   Ибн Абдулбәрр, Жамиул баянил илм, 2-т.,36-б.

[7]   Шағрани, әл-Мизан, 1-т., 15-б.

[8]   Бұл да сонда, 1-т., 47-б.

[9]  Әбу Зәхра, 289-б.

[10]  Таханәуи, Иғлаус-сунән, 1-т., 11-12-б.

[11]  М. әс-Сибаи, әс-Сунна, 470-б.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 337 рет
JoomShaper
Top