Ханафи ғалымдары сахабалардың сөзін дәлелге санаған ба?

Жұма, 18.08.2017
Ханафи ғалымдары сахабалардың сөзін дәлелге санаған ба?

Ханафи ғалымдары сахабалардың сөзін дәлелге санаған ба?

Имам Ағзам Әбу Ханифа діни үкім шығаруға қатысты өз сөзінде: «Мен ең әуелі Алланың кітабымен, сосын Пайғамбарымыздың сүннетімен амал етемін. Одан кейін әуелі сахабалардың келіспеген тоқтамдарынан бұрын бірауыздан келісімін берген байламдарына үңілемін. Солардың ішінен өзімнің көңіліме жақын келгенін аламын. Содан кейін барып қана қияс жасаймын»[1] деген.

Әбу Ханифа осы дәстүрден ауытқымаған, дәлелдерге ерекше мән берген, діни мәселелерге үлкен жауапкершілікпен қараған мүжтәхид болатын. Имам Әбу Ханифаның сахабалар көзқарастарын алып, солардың айтқан өлшемдерінің шеңберінен шықпай жүруі, оларға сеніп, құрмет етуі үкімдерінің тек қана өз ойынан шықпағандығын көрсетеді. 

Осылайша, Әбу Ханифа сахабалардың сөздерін дәлел деп тапқан. Әрине, сахабалардың бәрінің дәрежесі бірдей емес еді. Олардың арасында дінді терең меңгеріп, үкім шығаруда ерекше қабілеттерімен танылғандары да бар еді.

Ханафи ғалымдары осы тектес сахаба пәтуаларына мысал ретінде әйел адамның етеккір мерзімі ары кетсе 3 күнге созылатындығына қатысты Абдуллаһ ибн Мәсғұдтан (р.а.), жүктілік мерзімінің екі жылдан бір сәт артық созылмайтындығына қатысты Айша анамыздан (р.а.) келіп жеткен көзқарастарды келтірген.

Имам Сарахси «Күмәнсіз, уахидан нәр алған Пайғамбарымыздан естіген болуы мүмкін деген ықтимал қиястан жоғары тұрады. Сондықтан, сахабалардың пәтуасын жеке көзқарастан (райдан) жоғары санау ахад хабарды қиястан жоғары қою секілді. Сахабалардың көзқарасы өз ойынан туындаған болса, олардың көзқарастары басқаларыныкіне қарағанда әлдеқайда сенімді болып табылады. Өйткені, олар Құранның түскеніне куәлік етіп, Пайғамбарымыздың берген пәтуаларын өз көздерімен көрді»[2],– дейді.

Ханафи ғалымдары қияс жасамастан бұрын сахабалардың пәтуаларына қарайтын. Сахабалардың бірауыздан келіскен шешімдерін алып, қиясты тәрк ететін. Осыған қатысты Кәрхи Әбу Юсуфтың мына сөздерін келтіреді: «Дәрет пен ғұсылдың екеуінде де ауыз бен мұрынға су алу қиясқа салсақ – сүннет. Бірақ, Ибн Аббастың сөзін негізге алып, қиясты тәрк еттік. Жараның аузынан ақпаған қан қияс бойынша дәретті бұзғанымен, Ибн Аббастың сөзін негізге алып, қиясты тәрк еттік. Бір күн, бір түн немесе одан да аз уақытқа талып қалғанда қияс бойынша оқылмаған намаздардың қазасын өтеу қажет болса, бұл қиясты Аммар ибн Ясирдің сөзіне сүйене отырып, тәрк еттік...»[3]

Жалпы, ханафилар сахабалардан келіп жеткен және ол жайлы дау тудырмаған қандай да бір хадисті дәлел ретінде қабылдаған. Олардың бір тоқтамға келмей, түрлі көзқарас білдірген хабарларын үкімге негіз етіп алмаған. Ондай жағдайда хабарды жеткізуші қаталескен немесе ол үкімнің күші жойылған деп бағалаған. Мәселен, Амр ибн Шұғайыбтың әкесі және атасы арқылы Пайғамбарымыздан риуаят еткен «Зекет, оны жеп тауыспастан бұрын жетімдердің дүние-мүлкінен жақсылық жолында жұмсаңдар»[4] деген хадиске сүйене отырып, сахабалар балиғатқа толмаған баланың дүние-мүлкінен зекет беріп-берілмейтіндігі жайлы өзара бір ортақ тоқтамға келе алмаған. Хазірет Әли мен Ибн Аббас секілді сахабалар осы хадисті дәлел ретінде қолданып, зекет берілу қажет деп тапса, Ибн Мәсғуд өсиет тасталған баланың зекет берілуі тиіс жылдарды есептеп, балиғатқа жеткен соң оған хабар беру керектігін, алайда, беріп-бермеуге келгенде ерікті екенін айтқан. Ханафилар бойынша, егер бұл хадис нақты болса, сахабалар арасында кең тарап, пікір қайшылығы туындаған жағдайда дәлел ретінде қолданылар еді ғой деп ой түйген[5]

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы



[1]    Бағдади, Тарих, 13-т., 368-б.

[2]    Сарахси, Усулус-Сарахси, (Тахқиқ Әбул Уәфә әл-Әфғани), Стамбул, 1984, 2-т., 108-б.

[3]    Сарахси, Усул, 2-т., 106-б.

[4]    Осыған ұқсас риуаятқа қараңыз: Муатта, Зекет, 12

[5]    И. Хаккы Үнал, 164-165-б.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 384 рет
JoomShaper
Top