Имам Ағзамның ұстаздары

Бейсенбі, 17.08.2017
Имам Ағзамның ұстаздары

Әбу Ханифаның ұстаздарын тану оның ғасырлар бойы нұр шашып, көңілдерді шуаққа бөлеген ілімінің қайнарларының бастауының қайда жатқанын  көрсетеді.

Бұл жайында өзі: «Мен ілім мен фиқһтың қайнаған ортасында өстім. Ғұламалармен бірге жүріп-тұрдым. Фиқһта ең білгір деген ғалымнан білім алдым» деген[1]. Әбу Ханифаның бұл сөзі оның нағыз ілім ордасында өскенін көрсетеді. Көптеген ғалымдармен жолығып, белгілі бір салада тереңдеп, танымал болғандарынан сабақ алған. Солардың арасында Ирактағы фиқһ саласының көрнекті ұстаздарының бірі Хаммад ибн Әбу Сүлейменге шәкірт болып, одан ілім үйренген. Әрине, ол Хаммадтан ғана сабақ алумен шектелмеген.

«Тарихул-Бағдат» кітабында Әбу Ханифаның кімнен ілім алғандығы жайында былай делінген: «Әбу Ханифа бір күні Халифа Мансұрдың жанына барады. Халифаның жанында Иса ибн Мұса да бар еді. Бұл тақуа, сопы ғалым Иса ибн Мұса халифа Мансұрға бүгінгі әлемнің бірегей ғалымы осы деп, Имам Ағзам Әбу Ханифаны көрсетті. Сонда Мансұр:

– Ей, Нұғман, ілімді кімнен үйрендің? – дегенде Әбу Ханифа:

– Хазірет Омардан білім алғандар арқылы Омардың, хазірет Алиден сабақ алғандар арқылы Алидің, Абдуллаһ ибн Мәсғудтан ілім үйренгендер арқылы Абдуллаһ ибн Мәсғудтың білім кәусарынан сусындадым. Иә, өз кезеңінде Ибн Аббастан асқан ғалым жоқ еді, – дейді. Осыны естіген Мансұр:

– Сен өте дұрыс істегенсің, білімді түп-тамырынан алған екенсің»[2], – деп мақтайды. Осы жерден байқағанымыздай, Әбу Ханифа ілімінің бастауын ілім мен фиқһы жағынан танымал осы төрт сахабаға апарып негіздейді. Шынында да, Әбу Ханифа мен оның мәзһабының ілімінің қайнар бұлағы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жарық дүниеден өткеннен кейін, Куфаға қоныс аударған Али ибн Әбу Тәліп пен Абдуллаһ ибн Мәсғуд еді. Осы сахабалардан ілім алған Мәсрук ибн Әжда (қ. 63 һ.ж.)[3], Алқама ибн Қайс (қ. 62 һ.ж.)[4] және Шурәйх ибн әл-Харистан (қ. 80 ж)[5] Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (қ. 104 ж.)[6] мен Ибраһим ән-Нәхәи (қ. 96 ж)[7] сабақ алған. Олардан Хаммад ибн Әбу Сүлеймен (қ. 120 һ.ж.) арқылы Әбу Ханифа ілім үйренген[8]. Сонымен қатар, Абдуллаһ ибн Аббастың құлы Икрима (қ. 105 һ.ж.) мен Абдуллаһ ибн Омардың азат етілген құлы Нафи (қ. 117 һ.ж.) арқылы осы екі аты аталған сахбалардың ілімдерінен сусындаған. Меккенің фақиһы Ата ибн Рабахтан (қ. 114 һ.ж.) ұзақ жылдар бойы сабақ алған[9].

Олай болса, Әбу Ханифа өзінің ұстазы Хаммадпен бірге басқа да фиқһ және хадис ұстаздарынан сабақ алуды тоқтатпаған. Кейбір кітаптарда ұстаздарының саны төрт мың деп беріледі. Әрине, мұнда біраз әсірелеу бар екені байқалады,  дегенмен, бұл оның бір ғана ұстаздан сабақ алмағанын көрсетеді.

Әбу Ханифаның ұзақ жылдар бойы дәріс алған ең негізгі ұстазы Хаммадқа тоқталмастан бұрын ғылыми танымының қалыптасуында ерекше рөл ойнаған Куфа медресесінің негізін қалауға себеп болған сахабалар[10] мен табиғиндарға аз-кем тоқтала кеткен жөн.

Алқама ибн Қайс ән-Нәхәи. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлі суішкілігі таусыла қоймаған кезде дүниеге келген, әйгілі сахабалардың ілім каусарынан сусындап, Куфа мектебінің негізін қалаған табиғиндардың бірі – Алқама ибн Қайс ән-Нәхәи (қ. 62/681). Ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ілімнің қақпасы» деген марапатына бөленген, өзінің ұрпағын жалғастырушы хазірет Алиден нәр алған. Төрт халифамен қатар жүздеген сахабадан хадис риуаят еткен Алқама Ибн Мәсғудпен Куфада бірге өмір сүріп, одан сабақ алған. Куфалықтар Ибн Мәсғудты Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең қатты ұқсайтын сахаба десе, жұртшылық Алқаманы да тақуалығы, ілімі мен түр-әлпеті жағынан Ибн Мәсғудқа қатты ұқсататын. Алқамадан кейбір сахабалардың өзі білмегендерін сұрап үйренгендігі айтылады. Ибн Мәсғуд «Менің білгендерімді Алқама да біледі»[11] деп, оның ілім дариясы екенін айтып кеткен. Өз кезегінде Әбу Ханифа Әузағимен Меккеде кездесіп, бір мәселенің шешіміне қатысты өзінің келтірген дәлелінің де негізсіз емес екенін көрсету үшін «Хаммад Зухриден, Ибраһим Сәлімнен, ал Алқама сахаба болмаса да Ибн Омардан деңгейі төмен емес» деген кезде, Әузәғи оның уәжіне жығылған[12]. Ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетін сақтауға зор үлес қосқан алып имамдардың бірі. Одан көптеген табиғин имамдары хадис алған. Ол Куфада Әсуәд ән-Нәхәи, Ибраһим ән-Нәхәи, Хаммад ибн Әбу Сүлеймен секілді ғұламаларды тәрбиелеп жетілдірген кемеңгер тұлғалардың бірі. Осы орасан еңбегіне орай оны Куфа медресесінің құрушысы десек қателеспейміз.

Мәсруқ ибн Әждә. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниемен қош айтыспай тұрып, Йеменде Ислам дініне өткен Мәсруқ ибн Әждә Хамадани (қ. 63/682) Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында Мәдинаға келген. Әбу Бәкірдің артында тұрып намаз оқыған, Әбу Бәкір, Омар, Осман, Али, Мұғаз ибн Жәбәл (Бәрінен де Аллаһ разы болғай!) секілді сахабалардан ілім үйренген. Айша анамыз да оған ерекше құрмет көрсеткен. Кейін Куфаға қоныс аударып, Ибн Мәсғудтан сабақ алған. Тақуалығымен қатар ілімге деген құштарлығымен де ерекшеленген тұлға еді. Біраз уақыт қазылық міндетін де атқарған Мәсруқ жайлы «Қады Шурәйхтан да білгір ғалым еді» делінген[13]

Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (104/722). Әбу Ханифа – сахабалардың пәтуаларын талмай іздестіріп, оларды бір-бірімен салыстырып, зерттеген ғалым. Ол табиғиннің жасы үлкендерінен фиқһ ілімін үйреніп, олардан хадис риуаят етті. Әбу Ханифаға білім берген табиғиндер түрлі саланы меңгерген ғалымдар еді. Солардың ішінде Куфада өмір сүріп, хадис ілімінде танымал болған ғалым – Шағби. Ол Омар ибн Хаттабтың кезінде дүниеге келген. Абдуллаһ ибн Мәсғудпен бірге тілдік мәселелерді көп талқылаған оның ең фақиһ шәкірті еді. Тіпті табиғин болғанына қарамастан, сахабалардың арасында отырғанда адамдардың оған сауал қоюы білімінің қай деңгейде болғандығынан хабар береді. Соған қарамастан ол әр мәселеде пікірін білдіруден сақтанып, кейде «Оны Ибраһим ән-Нәхәиден сұраңдар»[14] дейтін. Әбу Ханифаның түбегейлі ғылымға бет бұруына әсер еткен осы Шағби еді.

Ибраһим ибн Язид ибн Қайс ән-Нәхәи (қ. 95/714). Нәхәи Йеменнің Мәзхиж аймағында тұратын Пайғамбарымыздың кезінде мұсылмандықты қабылдап, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұғасын алған үлкен елдің атауы болып табылады. Олар кейін Куфа аймағына қоныс аударған. Осы елден «Нәхәи» лақабымен аталатын ғалымдар көп шыққан. Солардың арасындағы ең танымалдарының бірі Ибраһим ән-Нәхәи – имам, хадис хафызы, өз кезеңінде күллі Ирак аймағының ең білгір фиқһ ұстазы еді. Аталмыш аймақта көптеген ғалымдар өмір сүргенімен, ақылдылығы мен алғырлығының арқасында он сегіз жасының өзінде ілім үйрететін кісілердің дәрежесіне жеткен. Сахабаларды көзі көрген, бірақ, олардан хадис риуаят етпеген.

Ол өзінің ұстаздары секілді Құранға ерекше мән беретін, өзі қари әрі тәпсірші болатын. Шағби, Әбуд-Духа және Ибраһим үшеуі хадистерді бірге талқылайтын. Мәселе пәтуа беруге келіп тірелгенде барлығы да осы Ибраһимнің аузына қарайтын. Жарық дүниемен қош айтысқан кезде қай жағынан алғанда да оның орнын жоқтатпайтын адам шықпады[15].

Ханафи фиқһының қалыптасуында оның орны бір төбе. Шах Уәлиуллах Дәхләуидің «Ханафи фиқһының қайнар көзі» деп атаған Ибраһим ән-Нәхәи Әбу Ханифаның ұстазы Хаммадтың көзқарасы мен ғылыми әдісінің қалыптасуына ең үлкен ықпал жасаған ғалымдардың бірі[16]. Әбу Ханифаның шәкірттерінің еңбектеріне үңілгенде Ханафи мәзһабының пәтуаларының көпшілігінің Ибраһим ән-Нәхәидің хадистері мен пікірлеріне негізделгені байқалады[17].

Икрима (қ. 105 ж).Икрима Абдуллаһ ибн Аббастың ілімін бойына сіңірген мәуласы (азат етілген құлы), фиқһ ғалымы. Ұстазы Ибн Аббас оның білімінің кемеліне келгенін көргенде: «Бар, халыққа пәтуа айт!» деген.  Бір күні Саид ибн Жабирге: «Сенен асқан білімді кім бар?» деп сұрағанда ол: «Икрима» деп жауап берген екен. Икрима қайтыс болғанда халық ол жайлы: «Ең фақиһ ғалымымыз дүниеден өтті» деп қайғырып, қара жамылған болатын. Ал әл-Уақиди оны «Мекке мүфтиі» деп атаған[18].

Әбу Абдуллаһ Нафи. Нафи (қ. 117 һ.ж.) Абдуллаһ ибн Омардың ілімін өз бойына жинаған оның мәуласы, табиғин ғалымы. Көптеген сахабаның көзін көріп, олардан Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүбарак хадистерін жеткізген, дінді терең меңгерген имам еді. Хадис ілімінде оның сенімділігі мен дәрежесінің жоғарылығын ғұламалар бірауыздан мойындаған. Тіпті, имам Бұхари мен имам Мәлік Ибн Омардан Нафи арқылы жеткен тізбекті ең сенімді деп қабылдаған. Халифа Омар ибн Абдулазиз осы терең білімділігін ескеріп, оны Мысыр еліне хадис үйрету үшін арнайы ұстаз ретінде жіберген. Ол 117 жылы Мәдинада дүние салған[19]. Көптеген ғұламалар Нафиды бір көрсем деп армандайтын. Әрине, Әбу Ханифа бұдан тыс қалмақ емес[20]. Әбу Ханифаның «Муснадындағы» (хадис жинағы) хадистердің көпшілігі имам Нафи арқылы келіп жеткен.

Ата ибн Әбу Рабах. Әбу Ханифа тек қана Куфаның ғалымдары емес, сонымен қатар, Хижаздың ғалымдарынан да ілім алған. Солардың бірі – Меккенің фиқһ маманы болған Ата ибн Әбу Рабах[21]. Ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ардақты сахабаларының бірі, Құран білгірі Абдуллаһ ибн Аббастың ілімінен сусындап өскен белгілі табиғин ғұламаларынан. Тарихи дереккөздерде имам Ағзамның елу бес рет Меккеге қажылыққа барғандығы айтылған[22]. Әрине, мұнда әсірелеу болғанымен, бұл оның өмірінде қажылыққа жиі барғандығын көрсетеді. Әбу Ханифа Меккеге әр сапарында Ата ибн Әбу Рабахпен жолығып тұратын.

Ілімінің тереңдігі мен тақуалығына тәнті болған Әбу Ханифа «Атадан артық адам көрген емеспін»[23] деген.

Мәлік ибн Әнас. Әбу Ханифа хадистер әлі толықтай жинастырылып, жазылып, жүйеленбеген уақытта өсіп-жетілді. Ол өз аймағында ғана ілім алумен шектеліп қалмай, Ислам әлемінің әр түрлі орталықтарындағы білгір ғалымдармен кездесіп, солардан ілім алуға тырысқан. Оның хижаз мектебінің көрнекті өкілі Мәлік ибн Әнаспен (қ. 179 һ.ж,.) ұзақ уақыт бірге жасаған ғылыми тәжірибе алмасуына қатысты мәліметтер тарих кітаптарында егжей-тегжейлі берілген. Имам Мәлік ибн Әнас – мәліки мәзһабының құрушысы, ең алғаш жинақталып, хадисшілердің сенімінен шығып, жоғары бағаланған «Муатта» атты хадис кітабын жинастырған ғалым. Оның хадис ілімінде, Құран мен хадистерден үкім шығарудағы білгірлігін замандас ғұламалары түгел мойындаған[24].

Ол қажылық уақытында Имам Мәлікпен фиқһ мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасатын. Осы алып имам Әбу Ханифаның білгірлігіне таң қалып: «Мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахих хадистерін толық білуде және оны түсіндіруде имам Ағзам Әбу Ханифадан артық жанды кездестірмедім» деген екен[25].

Өз заманында Шам мектебінің ең ірі имамы, көптеген сахабалардан хадис риуаят еткен, тақуалығы және сүннетке деген беріктігімен аты шыққан, фиқһ маманы әрі мухаддис Имам Аузағимен (қ. 157 ж.)[26] фиқһ үкімдерін талқылайтын.

Әбу Ханифа осындай сапарларында өзінің берген пәтуаларын басқаларға айтып, олардың да пікіріне ден қойып, қажет жерінде сынға салып, өз ойымен бөлісетін. Түрлі елдердің салт-дәстүр, қоғамдық қарым-қатынасымен танысып, фиқһ мәселелерін әр елдің мекенінің ерекшеліктерін ескере отырып, шешім  қабылдайтын[27].

Әбу Ханифа Иракта тұрғанымен Меккеге жиі барып, сол жердегі ғалымдардан сабақ алатын. Ол Меккеде, Аллаһтың сүйікті құлы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір басқан ізін, іс-әрекеттерін зерделеп, өзімен қатар жүргендей күй кешетін. Бәзбіреулердің айтып жүргеніндей, оны «Хадистің қайнар көзінен қашық аймақта өмір сүргендіктен, көбіне өз ақылына сүйеніп үкім шығарған» деу қисынға келе бермейді. Оның Пайғамбарымыздан келіп жеткен әрбір дұрыс хабарды көзінің қарашығындай сақтап, тіпті әлсіз хадистердің өзін қисынға салған дәлелдерден жоғары қойғандығына келесі бөлімдерде келтірілген мәліметтерден толықтай көз жеткіземіз.

Ал енді Әбу Ханифаға ең алғаш ұстаздық қылып, оның ғылыми тұлғасының қалыптасуына тікелей себепкер болған Хаммад ибн Әбу Сүлейменге аз-кем тоқтала кетейік.

Куфалық Хаммад ибн Әбу Сүлеймен әл-Әшғари фиқһ ілімін хазірет Али (р.а) мен Абдуллаһ ибн Мәсғудтан (р.а.) үйренген табиғин ғалымы. Әбу Ханифаның фиқһ ілімін жақсы көріп, сол ілімге терең бойлауына ықпал жасаған ең негізгі тұлға. Оның әкесі әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридың мәуласы (азат етілген құлы) еді. Куфада туып-өсіп, Ибраһим ән-Нәхәиден фиқһ ілімін үйренді. Оның көзқарастарын терең меңгергендердің әрі Куфа фиқһына райды кіргізгендердің алғашқыларының бірі еді[28]. Тек Нәхәиден ғана емес, сонымен қатар, заманының хадис ғалымы Шағбидан да фиқһ ілімін үйренді. 

Сахаба Әнәс ибн Мәліктен хадис тыңдап, одан хадис риуаят еткен. Омар ибн Хаттабтың мәуләсы Абдуррахман ибн Сағыд, Ибн Аббастың мәуласы Икримадан және т.б. табиғиндардан хадис риуаят еткен[29]

Хаммад – дәулеті шалқыған, парасатты кісі болған. Мал-мүлкінің бір бөлігін өзінің маңдай терімен саудадан тапса, біразы әкесі мен туғандарынан мұраға қалған. Тарихшылар оның ілімі терең, жақсылық жолында дүниесін аямаған, қолы ашық, көңілі кең дархан кісі болғанын жазады[30]. Осы жағынан да Әбу Ханифа ұстазы Хаммадқа ұқсаған.

Хаммад Ибраһим ән-Нәхәидан дәріс оқып, оның фиқһын ең жақсы меңгергендердің бірі еді. Ұстазы Ибраһим ол жайлы өзіне келген Мұғираға «Оның етегіне мықтап жармасыңдар. Былайғы жұрттың ішінен маған ең көп сауал қойған сол» десе, өзінен кейін кімнен пәтуа сұрау керек дегендерге «Хаммадтан» деп жауап берген[31]

Хаммад ибн Әбу Сүлеймен ұстазы жарық дүниемен қош айтысқан кезден бастап, (96/714) Куфа мешітіндегі фиқһ дәріс алқасына ұстаздыққа өтеді. Ол осы мешітте табаны күректей жиырма төрт жыл ұстаздық етсе, оның сабақтарына ең ұзақ қатысқан талантты да, алғыр шәкірті Әбу Ханифа еді. Хаммад ибн Әбу Сүлейменнен фиқһ ілімін жиырма екі жасынан қырыққа келгенге дейін оқып, он сегіз жыл сабақ алған. Ұстазы Хаммад қайтыс болғанға дейін (120 һ.ж.) одан сабақ алуды тоқтатпаған. Ол ұстазы Хаммад қайтыс болғаннан кейін ғана өз біліміме сүйеніп сабақ беруді бастаған. 

Тумысынан зерек Әбу Ханифа Хаммадқа келгенге дейін сол кездегі түрлі ағым өкілдерімен талқыға түсе  алатындай деңгейде болатын. Оның ұстазына терең құрметпен қарағаны бір бөлек, ғылыми мәселелерді әбден жан-жақты талқылап, санасына құйып алғанға дейін тыным таппайтын. Ұстазы оның бұл қасиетіне түрлі мәселелерді талқылау барысында-ақ көз жеткізген-ді. Ақиқатқа жету үшін ұстазымен қаншама рет қызу пікір алмасса да, екеуі бір-бірінен айырылғысы келмейтін.

Әбу Ханифа Хаммадтың ең жақсы көретін шәкірттерінің алдыңғы сапында тұратын. Ол ұстазынан естігендерін бірден қағып алатын асқан зеректігімен ерекшеленетін. Басқа достары қателесіп, жаңылысып жатса, ол естігендерін санасына құйып алатын. Сондықтан, ұстазы оны дәріс алқасының ең алдында өзімен бір қатарға отырғызатын, басқаларына мұндай сый-құрмет көрсетпейтін[32].

Хаммад шәкіртін жан-жақты тәрбиелеп әрі оның біліміне көңілі толып: «Мендегі барлық нәрсені бойыңа толықтай сіңіріп, бұлақтың көзін суалттың»[33] деген-ді. Тағы бірде шәкіртінің ілімге деген терең ықыласына сүйсініп: «Мен жарықтың күндізге дос болып, қараңғыны нұрға бөлегеніндей ілімнің Нұғманға жан жолдас екеніне толық көз жеткіздім»[34] деген-ді.

Хаммад дүние салғаннан кейін Омеядтар  (Әмәуи) халифатының әділетсіздігі мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпақтарына жасаған зұлымдықтарына қарсы шыққандықтан Омеяд әкімдері оған қысым көрсетіп, жазалаған болатын. Әбу Ханифа Куфадағы әділетсіздіктерге шыдамай, Меккеге қоныс аударып, онда алты жыл тұрады. Әрине, жастайынан ілімге құштар Әбу Ханифа ол жерде қарап жүрмей Хижаздың ғалымдарымен кездесіп, ілімін шыңдай түскен. Ол өзі сабақ бере жүріп, Ибн Аббастың білімінен сусындаған табиғин ғалымдарынан білім алып, Құран, фиқһ бойынша ілімін тереңдеткен.

Ұстаздарының арасында шиға имамдарынан Зәйд ибн Али (қ. 122 һ.ж.), Мухаммед әл-Бакир (Зәйнүл-абидин) (қ. 114 һ.ж.), Жағфар Садық (қ. 148 һ.ж.) пен Әбу Мұхаммед Абдуллаһ ибн Хасанның (қ. 145) аттары да аталуда. Бірақ, Ибн Тәймия Әбу Ханифа Жағфар Садықпен құрдас болғандықтан, одан дәріс алмағандығын, Жағфардың әкесінің көзі тірісінің өзінде Әбу Ханифаның пәтуа беріп жүргенін, керісінше өзінен жасы үлкен Ата Ибн Әбу Рабах пен өзінің ұстазы Хаммадтардан дәріс алғандығын, бұл айтылғандардың шындыққа жанаспайтынын айтуда[35].

Әбу Ханифа әһлі-бәйтті (Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпақтарын) жақсы көретін. Сондықтан, аты аталған кісілермен жолыққанына ешқандай күмән келтірудің қажеті жоқ. Олармен кездесуін шиитердің көзқарасымен кетті деп жоруға болмайды. Оның еңбектеріндегі көзқарастары шииттердің сенімінен қаншалықты алшақ екені белгілі. Оның бұлайша түрлі ғалымдармен сұхбаттасуы сарапшыл, ізденімпаздығынан туындап жатты. Түрлі ұстанымдағы ғалымдармен жолығуы оның сараптау мен «тазасын» таңдау қабілетін арттырып, ижтихадта[36] дұрыс пәтуа беруде танымал сахабалардың пәтуаларын үйренуге жол ашты.

Ғылымға құлай берілген Имам Ағзам тек Ирак аймағының ғалымдарынан ғана емес, Мекке-Мәдина аймағындағы білгір табиғин ғалымдары мен Пайғамбармыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әулетінен шыққан ғұламалардың көпшілігімен жолығып, олардан өзіне керекті білім алған. Яғни, Әбу Ханифа өз заманындағы білім-білгірлігімен аты шыққан ғұламалармен кездесіп, өзіне қажетті мәліметтерді алудан тартынбаған. Пайғамбармыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұраға байлық емес, ілім қалдырған. Әбу Ханифа бұл ілімді, яғни, Құран мен хадисті толық менгеруге тырысып, өмірін хақ дінге қызмет етуге арнаған-ды.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы



[1]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 62-б.

[2]    Бағдади, Тарих, 8-т., 334-б.

[3]    Зәхәби, Тәзкирәтул-хуффаз, Дәру ихяит-турасил-араби, Хайдарабад, 1956, 1-т., 49-50-б.

[4]    Бұл да сонда, 1-т., 48-б.

[5]    Бұл да сонда, 1-т., 59-б.

[6]    Бұл да сонда,  1-т., 79-88-б.

[7]    Ибн Хажар әл-Асқалани, Тәхзибут-тәхзиб, Бейрут, 1968, 2-т., 154-155-б.

[8]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 68-б.

[9]    Бүл да сонда, 68-б.

[10]  Абдуллаһ ибн Мәсғуд пен Али ибн Әбу Тәліп жайлы төменгі бөлімдерде тоқталамыз.

[11]  Ибн Сағыд, Табақатул-Кубра, Бейрут, 1968, 6-т., 86-87-б.; Бағдади, Тарих, 2-т., 98-б.

[12]  М. Е. Кылычер, Ислам фыкхында рай тарафтарлары, Анкара, 1961, 32, 35-б.

[13]  Ибн Сағыд, Табақат, 6-т., 76-б.; Кылычер, 33-б.

[14]  Бұл да сонда, 6-т., 106-б., 250-б.

[15]  Бұл да сонда, 6-т., 332-б.

[16]  Бұл да сонда, 6-т., 284-б.; Әбу Захра, Әбу Ханифа, 90-91-б.

[17]  М.Ө. Арас, 59-б.

[18]  әл-Мукрим Мұхаммед ибн Жалалуддин, Табақатул фуқаһа, Бейрут, Лубнан, 1970, 1-басылым, 1-т., 70-б.

[19]  М. М. Әбу Зәху, әл-Хадис уәл-мухаддисун, Бейрут, 1984, 194-195-б.

[20]  М.әш-Шака, 47-48б.;  Р. Батыр, 46-б.

[21]  Ибн Абдулбәрр, әл-Интиқа фи фәдәилис-сәләсәти әл-әиммәтил-фуқаһа, Бейрут, ж.к., 158-б.

[22]  Әбу Захра, Әбу Ханифа, 91-б.

[23]  Бұл да сонда,  67-б.

[24]  Әбу Зәху, әл-Хадис уәл-мухаддисун, 245-253-б.; Т. Кочигит, Хадис ыстылахлары, Анкара, 1980, 214-218-б.

[25]  Ә. Б. Жүнісов. Ханафи мәзһабының маңыздылығы мен рөлі және қазіргі заман // Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы және қазіргі заман атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, Алматы,  «Атамұра»  2009,  29-бет.

[26]  Ибн Сағыд, Табақат, 7-т., 2, 185-б; Зәхәби, Тәзкирә, 1-т., 178-183; Әбу Зәху, әл-Хадис уәл-мухаддисун, 295-297-б.

[27]  Әбу Захра, Әбу Ханифа, 75-б.

[28] Ф. Сезгин, Gescihte Der Arabichen Schiriftumms, Leiden, 1967 (Араб тіліне аудархан Мхмуд Фәхми Хижәзи, Фәхм Әбул-Фадыл,), Тарихут-турасил-арабия, Мысыр, 1-т., 2-б.; М. Ө. Арас, Ебу Ханифенин ходжасы Хаммад ве фықхи гөрүшлери, Баян баспасы, Стамбул, 1996, 70-71-б.

[29] М. Ө. Арас, 71-б.

[30] Бұл да сонда, 75-80-б.

[31] Ибн Сағыд, Табақат, 6-т., 633-б.; М. Арас, 81-82-б.

[32] Бағдади, Тарих, 13-т., 333-б.; Мекки, Манақиб, 51-б.

[33] А. Әмин, Духаул-ислам, Каир, 1964, 2-т., 182-б.

[34]  Сәймиәри, 9-б.

[35]  Минхажус-суннадан, 5/531-532 И. Хаккы Үнал, Имам Ебу Ханифенин хадис анлайышы ве ханефи фықһынын хадис методу, Анкара, 1994, 19-б.; Жағфар Садықтан Суфиян Сәури, Суфиян ибн Уяйнә, Имам Мәлік секілді ғалымдар сабақ алған, ілімі терең, Пайғамбарымыздың ұрпақтарынан тараған кісі. Сондықтан қатарлас болса да Имам Ағзамның одан сабақ алуын жатсынудың қажеті жоқ. Ж. Садық жайлы кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз. Әбу Захра, Тарихул-мәзәһибил-исламияти, Дарул-фикрил-арабии, Каир, 1996, 669-706-б. 

[36]  Ижтихад – шариғи дәлелдерден діни үкім шығара білу үшін барлық күш-жігерін жұмсау

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 448 рет
JoomShaper
Top