Ханафи фиқһының қалыптасуы мен ерекшелігі

Бейсенбі, 17.08.2017
Ханафи фиқһының қалыптасуы мен ерекшелігі

Шындығында, Әбу Ханифа ислам тарихында аты әмбе жұртқа танымал көрнекті тұлға. Барлық мұсылман үмбеті оны үлкен ғалым екендігін бірауыздан мойындаған. Имам Зәхәби кітабында «Әбу Ханифа діни мәселелерді терең білуші фақиһ һәм имам...Риуаяттарды үйренуге ерекше мән берген. Осы мақсатта сапарға да жиі шыққан. Фиқһтағы терең мәселелерді зерттеу бойынша алдына жан салмаған рай саласында шоқтығы биік тұлға. Бұл салада адамдар оған тәуелді»[1] десе, тағы бір жерінде «Әбу Ханифаның фиқһ пен оның терең мәселелерін талдауда имам екендігін барлығы мойындайды. Бұл – зәредей күмәнсіз ақиқат»[2] деген.

Әбу Ханифа фиқһ ілімін қалыптастырып, жүйелеген, фиқһ мәселелерін алғаш бабтарға бөліп, классификация жасаған, парасат-пайымы биік ғұлама. Ол фиқһ негізін қалап, ислам әлеміне үлкен еңбек сіңірген әрі ұлы танымал ғалымдарды тәрбиелеген.

Әбу Ханифа іліммен терең айналысуымен қатар сауда-саттығын сенімді досы арқылы жүргізіп отырғаны белгілі. Сондықтан, оған тұрмысқа, саудаға байланыс-ты сан алуан сауал қойылған да болатын. Сансыз сауалдарға шариғат өлшемдеріне сай жауап бере білу үшін де ижтихад жасауына тура келген. Әбу Ханифаның фиқһ тармақтарына қатысты жасаған ижтихадтарының көптігі сонша, кейбіреулер оның санының милионнан асып жығылатындығын айтады. Мәселенки, әл-Баберт Мұхаммед ибн Мұхаммед Акмалуддин өзінің «Әл-иная фи шарһил Һидая» атты еңбегінде Әбу Ханифаның ижтихад жасаған мәселелерінің саны бір милион екі жүз жетпіс мыңнан астам екендігін жазған[3]. Әбу Ханифаның үкім шығарған мәселелерінің саны қанша екені нақты белгісіз. Дегенмен, басқа фиқһ имамдарымен салыстырғанда әлдеқайда артық екендігі рас.

Ол сабағын ерекше тәсілмен жүргізетін. Бір жағынан, өткен-кеткен жағдайларға қатысты үкімдердің жай-жапсары түсіндіріліп жатса, екінші жағынан, төбе көрсеткен оқиғаларға қатысты үкімдердің қалай шығарылуы керектігі сөз болатын. Болып өткен және осы заманғы жағдайларға байланысты үкімдерді түсіндіріп талдау барысында болашақта орын алуы ықтимал мәселелердің де шешімін табуға тырысатын. Сондықтан, оның сабақтарында өткен мен қазіргі шақпен шектеліп қалмай, болашақта бой көрсетуі мүмкін мәселелер де қарастырылып, сол арқылы фиқһтың негізгі қағидалары қаланған еді.

Ханафи мәзһабының құрылып, кең таралуының басты себептерінің бірі – Әбу Ханифа мен шәкірттері-нің жинақтаған фиқһтық тәжірибелерінің сол кезеңдердің өзінде хатқа түсіп, одан кейін де жалғасын табуында жатқан болатын. Әрине, кейбір пәтуалардың Әбу Ханифаға дейін де, мәселенки, қазы Шурәйх, Ибраһим ән-Нәхәи мен Хаммад ибн Сүлейменнің фиқһтарында кездесетіні ақиқат, десе де, Куфаға телінетін Ирак фиқһының ең алғаш Әбу Ханифа кезеңінде жүйелі түрде хатқа түсе бастағаны белгілі. Профессор М. Хамидуллахтың атап өткендей, әр бір мәселе «Фиқһ академиясы» және «Кодификация тобы» деп аталған қырық адамнан тұратын арнайы топтың талқысына салынған. Бұл алқаға басқа шәкірттер мен халықтың қатысуына рұқсат берілмеген. Әрбіреуінің көзқарасы «ішек қырындысына» дейін талқыланып, пісірілгеннен кейін барып қана үкім шығарылып, жазбаша бекітілген. Сол алқаға қатысқан он кісінің арнайы хатқа түсіруімен ханафи фиқһының үкімдері жинастырылған[4]. Ибн Әбил Аууам Әсуадтың баяндағанындай, Әбу Ханифаның білім мәжілістерінде әлдебір мәселенің шешіміне қатысты пікірлер талқыға салынар кезде әуелі кезегімен түрлі пікірлер айтылып, жауаптары берілетін. Соңында шәкіреттері Әбу Ханифаға жүгінетін. Әбу Ханифаның жауабы да олардың айтқан жауабынан алыс кетпейтін. Яғни, Әбу Ханифаның көзқарасы көпшіліктің көзқарасына сай келетін.

Муаффақ әл-Мекки: «Әбу Ханифа мәзһабы тек өзінің көзқарасынан ғана тұрмайды, ол  шура (кеңесу) негізінде құрылған», – деді[5]. Яғни, Әбу Ханифа мәзһабының негізгі қағидалары қарамағындағы шәкірттері әрі танымал ғалымдардың көзқарастарымен санасу арқылы қалыптасқан. Осыған орай, Зәхид әл-Кәусәрий «Әбу Ханифа өзінің мәзһабын (шәкірттерімен) ақылдасып-кеңесу арқылы қалыптастырған. Ол (діни мәселелерде) шәкірттерінің пікіріне құлақ аспай, өз білгенімен үкім шығарған емес. Бұл оның дінде ижтихад жасау және Аллаға, елшісіне және мүміндерге ерекше шынайылық таныту жолын ұстанғандығын білдіреді. Ол діндегі көптеген түйінді мәселелерді ортаға салып, шәкірттерінің пікірін тыңдап, өзінің көзқарасын айтып, бір ай көлемінде немесе одан да көп уақыт бойы бір тұжырымға келгенше олармен ой бөлісетін еді. Соңында шәкірті Әбу Юсуф түйіні шешілген мәселені әдіснамаға енгізіп қоятын. Осылайша, ол әдіснаманы толық хатқа түсіреді. Әрине, бұл мәзһаб (жол, ұстаным) негізін бір ғана адам қалаған, соның ғана көзқарасына құрылған мәзһабқа қарағанда ақиқатқа ең жақын және көңілге қонымдысы»[6] деген.

Ибн Каррама былай деді: Бір күні Уакиғ ибн Жаррах әл-Куфидің жанында тұрған едік. Бір кісі келіп: «Әбу Ханифа қателесті» деді. Уакиғ оған: «Білмейтін адамдар ғана осылай дейді. Керек десеңіз, адасқан адамдардың айтатын сөзі бұл.  Бұлай беталды сөйлеуіңе жол болсын! Әбу Юсуф пен Мұхаммед секілді фиқһ имамдары, хадис маманы Яхия ибн Әби Зайд, Хафс ибн Ғиас, Хиббан ибн Али мен Мундал, араб тілі ғалымдары Қасым ибн Мағын, тақуа Дәуіт әт-Таий, Фудайл ибн Иаз секілді әрбіреуі өз алдына бір төбе, шоқтығы биік ғұламалар қасында жүргенде ол қалайша қателеседі? Осындай достары бар адам қателесе ме? Егер ол қателессе, достары қатесін түзетер еді ғой?», – дейді[7].

Әрине, бұл имам Әбу Ханифа ешқашан қателеспейді деген сөз емес. Бірақ, кез келген мәселені осынша білгір ғалымдардың талқысына салып барып шешім шығарған, сахабалардың кезеңін «өкшелеген» уақытта өмір сүрген және Алланың дінінде зеректігі һәм парасаттылығымен танылған Әбу Ханифа секілді имамның қателесу ықтималы басқаларға қарағанда қандай болатынын өзіңіздің де ішіңіз сезіп отырған шығар. Жалпы, ақылдасу – Исламның бекіткен негізгі ережесі. Әбу Ханифаның кеңесуге басты мән беруі – шариғаттың өлшемдерінен қия баспаудан туындаған терең жауапкершілігінің айқын көрсеткіші.

Әбу Ханифа сахабалар мен табиғиндер кезеңінде бай мәдени мұрасы бар әрі ой еркіндігі үстемдік құрған Ирак аймағында жаңалықтарды ұстаздары әрі етене араласқан ғалымдар арқылы тану мүмкіндігіне ие болды. Айналасындағы дәріс алқасындағы таңдаулы, зерек шәкірттері де өздерінен бұрын қалыптасқан мол мәдени мұраны қайта қарастырып, фиқһтық мәселелердің көбеюіне қарай оларды жүйелеген үлкен ғылым алқасын, яки, академиясын құрды. Әуел баста аталмыш аймақтағы фиқһ Ибраһим ән-Нәхәиден бастап (қ. 96/714) «Ирак фиқһы» деп аталды. Ғалымдардың арасында Ибраһим ән-Нәхәидың ықпалының күштілігіне  байланысты оның фиқһының Нәхәидің фиқһынан ерекшелігі жоқ деушілер де кездеседі[8]. Десе де, Ибраһим ән-Нәхәидің фиқһын ұстазы Хаммадтан алумен  қатар, тек онымен шектеліп қалмай, көптеген ғалымдардан ілім алып, зейінінің күштілігі мен үкім шығару қабілеті, шәкірттерінен құралған академиясы арқылы өзіндік жүйе дамытқан мүжтәхид ғалым екені күмәнсіз[9]. Ханафи фиқһының алғашында Мәдина мектебі секілді аты шықпаса да, бертін келе Әбу Ханифа кезеңінде жұлдызы жана бастады. 

Хижри II ғасырда (8-ғ.) Ирак фиқһының ішінде Әбу Ханифа және шәкірттерімен қатар Осман әл-Батти, Ибн Шүбрүмә, Ибн Әбу Ләйлә секілді фиқһ ғалымдарының да көзқарастары бар еді. Осы кезеңде Иракта жинақталған фиқһтық тәжірибелердің бертін келе Әбу Ханифаның атымен байланыстырылып, «Ханафи мәзһабы» деп аталуы Имам Ағзамның өз замандастары мен шәкірттері алдында білгір ұстаз ретінде көрініп, көзқарастары мен қолданған әдісінамасының салмақтылығына тікелей қатысты[10]. Оның қажыр-қайраты мен жетілдірген түлектерінің арқасында мектебі «Ханафи мәзһабы» деп аталып кетті[11]

Имам Ағзам дамытқан керемет әдістемесі, қыруар еңбегі мен ижтихады кез келген мәселенің түйінін тарқатып, соның нәтижесінде жинақтаған фиқһ мәліметтері арқылы мұсылмандардың ғибадаттары мен басқа да амалдарын Ислам рухына сай атқаруына мүмкіндік беретін сара жол салып кетті[12].

Әбу Ханифаның Ислам фиқһына сіңірген қыруар еңбегіне қарамастан, Имам көзі тірісінде де, дүниеден озғаннан кейін де осыған қатысты дау-дамайдан құтылмаған. Осылайша, бұл дау ғұлама дүние салғаннан кейін де толастамады. Былайғы жұрт екі топқа бөлінді: біреулері Әбу Ханифаның ұлы ғалым екендігін айтып дәріптесе, біреулері көреалмаушылықпен немесе бір мәзһабқа көзсіз байланып, өзгелерді мойындамай, жұртты Әбу Ханифаның өзінен де, оның фиқһынан да алыс ұстауға жанталасты, ол жайлы жағымсыз пікір таратқандар кездесіп жатты. Сол пікірлердің кейбір сарқыншақтарының әлі күнге дейін сақталуы өкінішті-ақ. Осындай ірі тұлға имам Ағзамға жабылған жалалардың негізгі себептеріне қысқаша ғана тоқтала кетейік.

Әбу Ханифаның өзгешелігінің бірі – қияс тәсілін жиі қолдануда. Оның себебі, жоғарыда атап өткендей, ол Хижаздан мүлде бөлек, әрдайым түрлі толқулар орын алған орта мен дәуірде өмір сүрді. Фиқһтық мәселелерді әр түрлі қырынан алып талқылағандықтан, сол кезде орын алған жағдайлармен қатар болашақта орын алуы мүмкін деген ахуалды да қарастырып, ижтихад жасаған. Әрине, бұл әхлул-хадистің ұстанған әдісінен өзгеше еді. Оның қиясты жиі қолданғаны ақиқат. Бірақ, осы әрекетіне бола оны өлтіре сынға алудың ешқандай да жөні жоқ. Өйткені, сахабалар кезеңінің өзінен бастап-ақ, мұсылман ғалымдары осы әдісті қолданғаны мәлім. Ал Имам Ағзамның ерекшелігі – қиясты белгілі бір жүйеге салып, реттей отырып, туындауы мүмкін-ау деген мәселелерге жауап табуда қолданғанында еді. Өйткені, Ирак аймағының өмір шарттары қандай да бір мәселе туындаған жағдайда үнсіз қалуды емес, сол мәселенің шешімін шариғат өлшемдеріне сәйкестендіре отырып, мұсылмандарға жол көрсетуді талап етті. Оны «Аят-хадис тұрғанда қиясты таңдады және ахад хадистерді дәлелге санамады» деп сынаудың ешқандай да ғылыми негізі жоқ[13].

Әлі орын алмаған мәселелерді қозғау кейбір білімді кісілерге аса ұнай қоймады. Олар мұндай тәсілге «Босқа уақыт жоғалту», «Пайдасыз істермен халықтың миын ашыту» деп қарады. Мәселен, Зәйд ибн Сәбиттен қандай бір мәселе жайында сұрала қалса «Бұл болған жағдай ма?» деп сұрайтын еді. «Әзірге бола қойған жоқ» десе, ол: «Болмайынша оның жауабын іздеп, әлекке түспеңдер» деп жауапсыз қалдырғанды жөн көретін. Ал мүжтәхид имам саналған Әбу Ханифа бұлай ойламайтын. Халыққа дұрыс бағыт сілтеп, жол көрсету үшін болашақта туындауы мүмкін деген мәселелердің шешімін табуға тырысқан[14]. Орайы келгенде мына бір оқиғаны айта кетейік. Қатада Куфа қаласына келген кезде Әбу Ханифа оған мынадай сауал қояды: «Уа, Қатада! Егер бір кісі бірнеше жыл қарасын көрсетпей кетті делік. Әйелі оны өлдіге санап, басқа біреуге тұрмысқа шығады. Сол сәтте алғашқы күйеуі қайтып оралып, өзінің қалың малын талап етеді. Мұның үкімі қандай?» деп сұрағанда, Қатада: «Бұл өмірде болды ма өзі?» деп өзіне қайыра сауал қояды. Әбу Ханифа: «Жоқ» деп жауап берді. Қатада: «Сен неге әлі болмаған мәселелерді қозғайсың?» деді. Сонда көреген Әбу Ханифа: «Басымызға қиындық келмей тұрып, қамдануымыз қажет. Осындай жағдай орын ала қалған кезде, одан шығудың жолын да білетін боламыз» деп жауап қайтарады[15].

Имам Ағзамға жала жабылуының бір себебі, оның табиғин имамдарының айтқан мәселелеріне қатысты «Олар қалай ижтихад жасаса, мен де дәл солай ижтихад жасаймын» деп, сол кездегі ғалымдардың кейбір көзқарастарына келіспей, мүлдем басқа пәтуа беруін алғашында адамдар жатсынып, жатырқауынан туындап жатты. Әрине, өз имамдарын пір тұтқан адамдар үшін өздерінікінен бөлек пікір айтып, дәлел келтіретін біреудің шыққаны ұнай қоймасы белгілі.

Жалпы, фиқһ мәзһабтарының қалыптасып-дамуы Ислам мәдениетінің дамуымен тығыз байланысты болуы кездейсоқтық емес. Алғашқы ширек ғасырдан астам билік құрған әділ халифалар мен шамамен бір ғасырға жуық мұсылмандарды басқарған Омеядтар әулетінің билік еткен кезеңі – ислам дінінің жайқала өркен жайған кезеңі. Омеядтар ел ішіндегі толқуларды басып, өзге де мемлекеттің маңызды шаруаларымен айналысқандықтан, дін ғалымдарының ісіне араласуға мұршасы болмады. Хижраның ІІ ғасырынан басталған Аббасидтер кезеңі Омеядтарға қарағанда бір ерекшелігі, мемлекетті діни негіздерді ескеріп құрылымдауында. Аббасидтер мемлекетті діни үкімдер бойынша басқарғандықтан, дін ғалымдарына айрықша көңіл бөлді. Әрине, мұндай саясат діни ілімдердің дамуына да оң ықпал етті. 

Аббасидтер кезеңі мемлекеттің барлық құрылымдарының бір ізге түсіп, ислам мәдениетінің даму кезеңімен тұспа-тұс келді. Жаңа көзқарастардың пайда болуы және фиқһ саласындағы қайшылықтардың тереңдеуі, фиқһ ғалымдарының міне, осындай ортада қатардағы жай адамның құқықтық пікірталастарға қатысып, қандай да тығырықтан шығар жол іздеуі, фиқһтың даму сатысын жақыннан танып-білу мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан, жұртшылықтың сеніміне бөленген белгілі бір фақиһтың көзқарасына ден қою қажеттілігі туындады. Сонымен қатар, мемлекеттік жүйе мен қауіпсіздікті де қамтамасыз етуде, азаматтардың бәріне тең қарап, қоғамда әделеттілікті орнатып, мемлекеттің баяндылығын қамтамасыз етуде мәзһабтар Ислам мемлекетінің негізгі тұғырына айналды.

Осы себепті, «Мәзһабтар бидғат, Пайғамбарымыз кезінде мәзһаб деген болмаған» деу сол кездегі тарихи шындықты білмеуден туған сөз. Ал алып имам Әбу Ханифаны «Ең алғаш мәзһаб құрушы, бидғатшы» деп жала жабу – сорақы қателік. Мәзһабтардың шығуы заман талабы, тарихи қажеттілік еді[16].

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы



[1]    Зәхәби, Сияру Ағламин-нубәлә, 6-т., 390-б.

[2]    Бұл да сонда, 6-т., 403-б.

[3]    З.Кәусари, Нукатут-тарифа фит-тахаддус ан рудуди Ибн Әби Шәйба ала Әби Ханифа,  Каир, 1945, 5-б.

[4]    Али Жума, Мадхал иләл-мәзәһибил-фиқһия, «Дәрус-сәләм» баспасы, Каир, 2004, 90-91-б.; Ахмет Өзел, Ханефи мезхеби, Ислам ансиклопедиси, Стамбул, 16-т., 3-б.

[5]    З. Кәусәри, Хуснут-тақади, 12-б.

[6]    З. Куәсәри, Хуснут-тақади, 11-б.

[7]    Хайсами, Хайратул-хисан, 108-б

[8]    Ш. У. әд-Дәхләуи, Хужжәтул-лаһил-бәлиға,  Мысыр, һ. 1332, 1-т., 534-б.,

[9]    Әбу Зәхра, Әбу Ханифа, 198-202-б.

[10]  А. Бардакоглы, // Ханефи мезхеби, Ислам Ансиклопедиси, ТДУ, 16-т., 1-б.

[11]  Бұхара мен Самарқанд аймағында ІІІ/ІХ ғасырда Ирак фиқһының ханафи фиқһына ауысуында әуелі Әбу Ханифаның жеке басының қасиеттері мен Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбанидің 6 еңбегі маңызды рөл ойнады. Қараңыз: А.Муминов. «Роль и место ханафитских улама в жизни городов Центрального Мавараннахра (V-VII/VIII-XIII вв.)», Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора исторических наук, Ташкент-2003, 20-б.

[12]  А. Әділбаев, Әбу Ханифаның Ислам құқығы (фиқһ) саласындағы орны // Қазақстандық халықаралық құқық журналы, № 1 (41), Алматы, 2001, 3-9-б.

[13] әз-Зәбиди, Уқудул-жәуәхирил-мунифә фи әдилләти мәзһаби Имам Әби Ханифа, Стамбул, һ. 1309, 1-т., 45-б. Әбу Ханифаның ахад хабарларды қабылдау шарттарына келесі тарауда кеңірек тоқталдық. Қараңыз: 263-б.

[14]  Бағдади, Тарих ,13-т., 348-б.

[15]  Бағдади, Тарих, 13-т., 348-б.; М. әс-Сыбаи,  әс-Сүннету уа маканатуһа фи ташриғил исламиати,  440-б.

[16]  Мәзһабтар туралы қосымша мәлімет үшін қараңыз: Мәзһаб туралы таным, (құрастырғандар: Т. Түгелұлы, Б. Тұрғанбекұлы), Алматы, 2011

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 499 рет
JoomShaper
Top