Мазхаб – мұсылмандық мәйегі

Сенбі, 31.08.2013
Мазхаб – мұсылмандық мәйегі

Аллаһ ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы Ислам үкімдерін толығымен жеткізіп, қиямет күнге дейін тұратын дін етіп таңдады. Ислам кемеліне жеткен, ешбір кемшілігі жоқ дара дін.

بسم الله الرحمن الرحيم

Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында (хажжатул-уадағ) мұсылман қауымның алдында тұрып ұзақ сөйледі. Бұл Аллаһ елшісінің өз үмбетіне жеткізген соңғы өсиеті еді. Сонда екі дүниенің сұлтаны (с.ғ.с.):

و قد تركتُ فيكم ما إن اعتصمتم به, فلن تضلّوا أبدا, أمرا بيّنا, كتاب الله و سنة نبيّه...

Яғни, «Мен сендерге бір дүние қалдырып барамын, оны мықтап ұстасаңдар ешуақытта адаспайсыңдар, анық іс. Ол – Аллаһтың кітабы мен Оның пайғамбарының сүннеті»,-деді.

Аллаһ ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы Ислам үкімдерін толығымен жеткізіп, қиямет күнге дейін тұратын дін етіп таңдады. Ислам кемеліне жеткен, ешбір кемшілігі жоқ дара дін. Ханиф, яғни Жалғыз Жаратушыға құлшылық етуді бұйыратын бұл дінде ескерусіз қалған, мән берілмеген мәселенің өзі жоқ.

Аллаһтың кітабы мен расул сүннеті мұсылман үмбетінің жолбасшысы. Діннің діңгегі саналатын осы екі негіз хақ жолдан жығылмауымыздың дара кепілі. Әз-пайғамбарымыз үмбетке өсиет еткені де осы.

Алайда, әрбір мұсылман өздігінше Құранды ашып, оның ішінен өзіне қажетті үкімді таба алады ма? Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) біздің күнімізге жеткен сансыз сүннет-хадистерінен жаңылмай өзіне тиісті пәтуаны шығара алады ма? Әрине, мұсылмандығымды өзім, ешкімнің көмегінсіз Құран және сүннет арқылы орындай аламын деу дұрыс емес. Бұрыстығы былай тұрсын, қауіпті қателік. Құран шексіз білім бұлағы. Құраннан қатардағы жай мұсылман баласының бір үкім алуы мүмкін емес. Тіпті, Құранның уахи болып түскеніне куә болған сахабалар да өздігінше аяттар жайлы дербес пәтуа айтпаған. Әуелі аяттың мән-мағынасын Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұрайтын еді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері мен сүннетін де қарапайым мұсылман баласы өз бетінше талқылап, тұжырым жасауына шамасы келмейді. Дархан білімнің қайнары саналған сүннетті пәтуа құралы етіп қолдану үшін бірнеше ғылымды толық қанды игеру қажет.

Ал, жай кітап дүкенінен сатып алған кітапшаны бір-екі рет парақтап алып, сүннетте былай деген екен деп дүмшелік жасап жүргендер қаншама! Жылдар бойы ғылыммен айналысып жүрген ғұламалар мұндайға батылы бармайды. Ал, біз әр біріміз өздігімізше ғұламасымақ болып жүргенімізге жөн болсын!

Құран және сүннет ғылымдарының ғибратын сүзіп, маңызын ұсынуда мазхабтың орны ерекше. Мазхаб тарихы сахабаларға барып тіреледі.

Мазхаптың негізі сахабалар дәуірінен бастап қаланды. Мекке тұрғындары пәтуаны тек Абдулла бин Аббастан (р.а.) сұрайтын. Хазіреті Абдулламен бірге Мекке қаласында өзге де сахабалар өмір сүрді. Алайда, олардың ешбірі Абдулланың (р.а.) бұл әрекетін қате деп сынаған жоқ, керісінше құптады. Ал, Ирақ халқы Абдулла бин Масудтың (р.а.) пәтуасымен амал ететін. Бұл сахаба да ел тұрғындарына үкім шығарып, пәтуа берді. Ал, Хижаз өлкесінің мұсылмандары Абдулла бин Омардың (р.а.) пәтуасын басшылыққа алатын. Бұл жайт әз-Пайғамбарымыздан кейін халифалар дәуірінде көпшілік сахабалардың көзі тірісіндегі құбылыс. Ешбір ғалым сахаба бұл жағдайды бидғат деп бағаламаған. Демек, мазхаб ұстану бидғат емес, керісінше мазхабтан бас тарту бидғат болып табылады.

Мазхабтың негізінде жалғыз ғалым тұрмады. Шариғат мектебінің қалыптасуына, оның кемелдік дәрежеге жетуіне мыңдаған ғұламалар өздерінің сүбелі үлестерін қосқаны мәлім. Табиғиндер заманында арнайы ғылыми орта құрылып фиқһ ғылымымен терең шұғылданатын мектептер әр елде бой көтере бастады. Мектеп негізін құрушы мужтахид ғалым және оның ғұлама шәкірттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын ауқымды алып барды. Олар шариғатты шыңдап әмбебап етуді мақсат тұтты. Фиқһты қолдану үшін шариғат негіздерін, оның теориясын жасап шықты. Әрине, мұны жазуда Құран және сүннетке сүйенді. Осындай фиқһ мектептерінің ішінен ысылып төртеуі шықты. Ғылым мен тақуалықты арқау еткен бұл мазхабтардың өміршеңдігін сыншы уақыттың өзі дәлелдеді. Ғылым мен тақуалық дейтінім, өзінің артынан мұсылмандарды ертуші мужтахидке қойылатын негізгі талап осы екеуі. Ал, төрт мазхабтың тарландары Әбу Ханифа, имам Малик, әш-Шафиғи, Ахмад бин Ханбал дін ғылымында теңдесі жоқ, шоқтығы биік ғұлама болды. Сонымен қатар, тақуалықта алдына жан салмайтын шынайы салих мұсылман еді.

Мазхаб ұстану және тақлид дегеніміз не?

Мазхабпен жүру дегеніміз ғалымның жеке ойына жүгіну емес. Мұндай ой қате түсінік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынан бастап, осы күнге дейінгі мұсылмандардың ұстанып келе жақтан шариғаты, бір шариғат – Аллаһтікі, ғалымның ойы емес. Алайда, адамзат барлығы бірдей жеке дара дін мәселесін біле бермейді. Аллаһ расулінің (с.ғ.с.): «Ғұламалар пайғамбарлардың мирасқоры» деген сөзі де осыны білдіреді. Ғалымдар қалың халықтың өз сөздеріне бағындырмайды. Олар пайғамбардан қалған дінді дұрыс үйретушілер. Сондықтан қарапайым мұсылман ғалымның етегінен, ал ғалым мужтахидтің соңынан ілесуі қажет. Осылайша Құдіретті Аллаһтың бірегей, дара жолында ешбір соқпаққа сүрінбей жүре алады.

Бұл ақиқат біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ілесуімізде де айқын байқалады. Себебі, Аллаһ елшісінің артынан жүруіміздің мақсаты адами тұлға болғандықтан емес, ілесуіміздің себебі ол Аллаһ пен пенделер арасындағы байланыстырушы тұлға. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын тәпсірлегенде туралықты ұстанғаны ешбір шүбәсіз. Сол секілді мужтахид имамдардың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерін мұсылмандарға жеткізуде, хадистің мән-мағынасын ұғындыруда тек қана түсіндіруші міндетін атқарады. Яғни өздігінен, өз жанынан сөз қоспайды.

Имам аш-Шатыби: шариғат меңгерген ғалым деп дін мәселесінде сөзі дәйекті, шығарған пәтуасын көпшілік мойындап орындайтын ғалым. Мұндай ғұламаның соңынан мұсылмандарының еруінің жалғыз бірден-бір себебі ғалымның шариғатты жетік һәм шебер меңгерген маман және Құран мен сүннетке сай негізде үкім мен пәтуа шығаратындықтан. Бұл санаттағы ғалым өзінің дәлел-дәйектерін пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне және сүннетіне сүйенен шығарады. Ал, қатардағы мұсылман діни түрлі және түйінді мәселелермен басын қатырмай сол мужтахид-ғұламаның пәтуасын басшылыққа алып ғибадатын да, өзге діни амалдарын да орындай береді. Себебі ғалымның пәтуасына құлақ салуымыз ол пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін түсіндіруші қызметін атқарады. Әйтпесе, ғалым өз ақылына, дербес ойына, негізсіз тұжырымына арқа сүйеп үкім шығара алмайды, олай етуге оның құқығы да жоқ. Ешбір ғалымға өз бетінше ойына ғана сүйеніп үкім шығару құқығы берілмейді. Мұндай құқыққа шариғатты әкелуші, елшілік міндеті жүктелген пайғамбар ғана лайықты. Мағсум, яғни күнә жасамайтын сипатқа ие тек қана Аллаһ елшісі ғана.

Әрбір мукаллаф, яғни балиғат жасына жетіп мойнынан ғибадат міндеттелген мұсылман баласы мұсылмандық парызын өтеуде үш топқа бөлінеді.

1. Шариғатқа жетік мужтахид-ғұлама. Бұл топ өкілі Құран және сүннет негізінде үкім мен пәтуа шығаруға толық мүмкіндігі бар ғалым.

2. Муқаллид – мужтахид ғалымға ілесуші топ. Бұған өздігінше Құран мен сүннеттен үкім ала алмайтын, ижтихад және истинбат, яғни шариғи қағида шығаруға білім деңгейі жетпеген қатардағы мұсылман. Бұл топтың өкілі бағыт-бағдар беруші, шешім шығарушы адамға мұқтаж. Яғни, фиқхтың негізін, шариғаттың қағидалары толық меңгерген ғалымның соңына ілесуі шарт. Бұған қоса, шала сауатты, ғалымсымақтарға ілесу қатаң тыйым салынады. Әйтпеген жағдайда, шипа іздеген науқастың өз өмірін дүмше дәрігерге тапсырғандай халге ұшырайды.

3. Мужтахидтік дәрежеге жетпеген, бірақ амалдардың дәлелін түсінуші және қолдану жолын білуші топ. Мұндай мұсылман туындаған мәселеге орай бұлтартпас дәлел тауып дұрыс шешім қабылдауға қабілетті болады. Алайда, үкімге қолданған дәлелі қуатты және де әлсіз де болуы ықтимал. Дәлелі қуатты болған жағдайда ол мужтахид секілді болады. Ал, мужтахид пен мужтахид тәрізді адам тек қана білімге сүйенеді. Ал, егер тапқан дәлелі әлсіз болған жағдайда ол жай діни сауаты саяз мұсылман тобынан болып табылады. Мұндай жағдайда ондай ғалымға да мужтахидтің пәтуасімен жүруі уәжіп.

Мұсылман баласына екі жағдайда мужтахидке ілеспей өз бетінше үкім шығаруға рұқсат етіледі.

Бірінші: Егер бір мәселені зерттеу барысында оны толыққанды меңгеріп, мәселеге қатысты дәлелдерді үйретіп, оған қоса зерттеу тәсілі мен әдісіне белгілі дәрежеде жетік болса. Шын мәнінде мұндай жағдайда мұсылман өзінің ижтихадына сүйенеді, сондай-ақ, өзінің білімдік потенциалын жасырып қалмауы қажет. Ал, білім дәрежесі басқа да мәселелерді толық қамтып жатса ол кісі сол мәселелердің үкімінде де өз ижтихадына сүйенуіне рұқсат етіледі.

Екінші: белгілі бір мәселе төңірегінде мазхаб имамының шешіміне қайшы немесе дәлелі күштірек бір хадис тауып алса. Яғни, табылған хадистің дұрыстығына, аталған хадис мәселеге тікелей қатыстылығы мен талдауы дұрыстығы анық болған жағдайда мазхабқа ілеспей, сол хадистің үкіміне мойынсынады. Өйткені төрт мазхаб имамдары бірауыздан өз шәкірттері мен ізбасарларына белгілі бір мәселенің пәтуасына қайшы дұрыс хадис табылған жағдайда хадис үкіміне жүгіну қажеттігін айтып, «егер хадис дұрыс болса ол менің мазхабым» деген.

Алайда, мұның өзіндік шарты бар. Әрбір хадисті дәлел ретінде қолдана беруге болмайды. Бұл сөз жайында имам ан-Науауи: «Дұрыс хадис тапқан әрбір кісі имам Шафиғидің сөзін арқау етіп «бұл Шафиғидің мазхабы» деп айтуы дұрыс емес. Хадистің астарына үңілмей, талдамай сыртқы мағынасына қарап амал ету қателік. Имамдардың бұл сөзі, яғни «хадис дұрыс болса, ол менің мазхабым» деген сөзі барлық мұсылмандарға қатысты емес. Тек қана ижтихад ету дәрежесіне жеткен, білімі аят пен хадисті талдауға, сараптап қолдану аясын айқындайтындай білікті ғалымға айтылған. Имамдардың бұл сөзінің тағы бір сыры, ол хадисті білмеген болуы яки болмаса сахих екендігін білмеген болуы мүмкін. Ал, имам Шафиғидің ол хадисті білмегендігін тек қана Шафиғидің барлық еңбектерін зерттеп шығумен, оның шәкірттерінің кітаптарын мұқият талдап шығумен ғана білуге болады. Бұл орындалуы өте қиын шарт. Бұл шартты орындаушы ілуде бір, яғни өте сирек. Мұндай шарттың қойылуының себебі Шафиғи көбінесе хадистің сыртқы мағынасы қарап әрекет етпей-тұғын. Алайда, ондай хадистердің өз үкімдерінде қолданбауына дәйекті дәлелі немесе ол хадистің тек белгілі оқиғаға, уақытқа ғана қатыстығына дәлелі болатын, сондай-ақ ол хадистің ауыспалы мағынасы болғандығын айтатын»,-дейді.

Тақлидтің дұрыстығына дәлел.

Бірінші дәлел: Әнбия сүресінің 7-аятында

فاسألوا أهل الذكر إن كنتم لا تعلمو

«Егер білмейтін болсаңдар, Зікір иелерінен сұраңдар»,-деген.

Бұл аят жайлы Жабир әл-Жағфи, одан Муса бин Осман, одан Абдурахман бин Салих, одан Ахмед бин Мухаммед әт-Тауси хазіреті Әлидің (р.а.): Зікір иелері – біз боламыз,-деген сөзін риуаят етеді.

Ибн Зайд бұл аят туралы: Құран иелері. Ал, зікір дегеніміз құран,-деп

إنا نحن نزلنا الذكر وإنا له لحافظون

Хижр сүресінің 9-аятын оқыды. (Табари тафсирінде көрсетілген).

Ғұламалар бірауыздан жалпы мұсылман қауымы мужтахид-ғалымдарға ілесуі міндет екендігін айтқан. Дәлел ретінде Нахыл сүресінің 43-аятын келтірген:

فاسألوا أهل الذكر إن كنتم لا تعلمون

Яғни, «Егер білмесеңдер, зікір (құран) иелерінен сұраңдар»,-делінген. Сондай-ақ, діні сауаттылығы ижтихад деңгейінен жетпеген әрбір мұсылман баласы Құран және сүннетке сүйене отырып ғибадат, және қарым-қатынас мәселесіне пәтуа берген ғалымның соңынан ілесу қажеттігін айтқан. Сонымен бірге қарапайым мұсылманның өз бетінше ижтихад етуі, яғни бір шариғи мәселе төңірегінде өз бетінше үкім етуі тыйым салынатындығын айтқан. (Құртуби тафсирінде көрсетілген).

Екінші дәлел: Ижмағ, яғни бір ғасырда туындаған шариғи сұраққа, сол заман ғалымдарының бірауыздан келіскен пәтуасы. Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларының білім деңгейі бірдей болмаған. Айтарлықтай айырмашылықтар болған. Сахабалардың барлығы бірдей пәтуа беретіндей қабілетті емес еді. Олардың арасында пәтуалы-мужтахид сахабалар болды, алайда олардың саны аз еді. Сонымен бірге сахаба болса да түрлі мәселелерге байланысты пәтуа сұраушылары да болды, олар басым көпшілік еді.

Кейде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек иман шарттары мен ислам негіздерін ғана білетін елді-мекендерге өз сахабаларын жіберетін. Өз кезегінде ол ауыл тұрғындары ғибадатқа қатысты сұрақтарда, сауда-саттық өзге де қарым-қатынас сияқты барлық діни мәселелерде сахабаның пәтуасын бұлжытпай орындайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да бұған қарсылық білдірмеген.

Ғазали өзінің «әл-Мустасфа» кітабының «тақлид және пәтуа сұрау» тарауында қарапайым мұсылманның тақлид етуі қажеттігін айта келіп: «Дәлел ретінде екі айғақты айтамын. Біріншісі: сахабалар ымрасы. Олар сауатсыз мұсылмандарға пәтуа беруші еді. Сондай-ақ, оларға мужтахид дәрежесіне жетуді жүктемеген. Бұл айғақ кең танымал және де көпшілік сахабалар мен ғалымдардан жеткен»,-дейді.

Сахабалар дәуірінде пәтуа беретін, төрелік айтатын ғалымдар саусақпен санарлықтай аз еді. Пәтуа берушілер өзге сахабалар арасында фиқһ, яғни шариғатты және риуаятты терең білуші және истинбат, яғни Құран мен сүннет негізінде шеберлікпен үкім шығарушы ретінде танымал еді. Сахабалардың ішінде ижтихадқа шебер, өзгелерден оқ бойы озық тұрған төрт халифа, Абдулла бин Масуд, Әбу Мұса әл-Ашғари, Муаз бин Жабал, Убай бин Кағб және Зайд бин Сабит еді. Ал, осы мужтахидтердің соңынан сансыз сахабалар ілесті. Басым көпшілік те сахаба бола тұра, Пайғамбардан тәлім алса да, өздігінше пәтуа айтудан сақ болды.

Үшінші дәлел: Ғалымдар  тұжырымдамасы. Белгілі ғалым шейх Абдулла Дараз: «Әрбір ижтихад дәрежесіне жетпеген, шариғат тарауларына қатысты түрлі сауалдарға тап болған мұсылман үш түрлі әрекет етеді. біріншісі: білімі саяз болғандықтан, мүлдем құлшылық жасамайды. Бұл ижмаға керағар, дұрыс емес шешім. Екіншісі: Құран мен сүннетке талдау жасап, дәйекті дәлелге сүйене отырып шешім қабылдайды. Алайда, бұл да мүмкін емес. Өйткені мұндай жағдайда мұсылмандар барлығы жаппай күнделікті тіршілігін тастап әр қимылына дәлел іздеумен әлекке түсер еді. Ал, бұл шөл ортасына жасанды көл жасау секілді әурегершілік әрекет. Үшіншісі: мужтахид ғалымдың етегінен ұстау. Бұл ең дұрыс шешім»,-деген екен.

Мазхаб ұстанбаудың зиянды салдары

Қандай ғылым болмасын, оның тарихы, сүйенетін негізі және уақыттық тәжірибесі болады. Ғылымның тереңге кететін тарихы мен тәжірибесі оның кемелденуіне үлкен септігін тигізеді. Ал, фиқһ яғни шариғат ғылымының тарихы пайғамбарымыздан бастау алып, соның негізінде көптеген фиқһ мектептері құрылды. Алайда, олардың арасында ең жүйеленгені, шариғаттың барлық саласын қамтығаны және көпшілік ғалымдардың қолдауын тапқаны осы күнге дейін жетті. Ең танымал төрт мазхабтың негізін салушы ғалымдар жан-жақты болды. Білімді, тақуа, ғибадатшыл, көркем мінезді және олар жеке өздері әрекет еткен жоқ. Фиқһ мектебі негізін қалауда олардың ғалым-шәкірттері бірге атсалысты. Қазіргі заман тілімен айтқанда ғылыми-зерттеу институтты құрды.

Қай ғылым өкілдерінің тарихи тәжірибеден бас тартқанын көрдіңіз. Дәрігерлердің, инженерлердің, мұғалімдердің. Қайта жаңадан өз бетінше кеткенін көрдіңіз. Заңгерлер де көне рим және грек заңдарын үйренумен, әскерилер де байырғы замандары қолбасшылардың соғыс тәсілдерін үйренеді, инженерлер де сонау заманғы заңдылықтармен санасады.

Қай мужтахидтің мазхабын ұстаған жөн

Ал, табиғиндер кезінде Абдулла бин Аббастың (р.а.) ең танымал шәкірттері Ато бин Әбу Рабах және Мужахид пәтуа айтатын. Тіпті, халифаның жаршылары Мекке қаласының көшелерін аралап осы екі ғалымнан басқа ешкім пәтуа айтпауын жариялайтын. Бұл жайтқа да сол шақтағы ғалымдардың ешбірі қарсылық айтпаған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде

خير القرونِ قرني ثمّ الذين يلونهم, ثمّ الذين يلونهم

Яғни, «Ең жақсы ғасырлар: Менің ғасырым, сосын одан кейін  келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры) жақсы»,-деп айтқан екен.

Имам Әбу Ханифа (р.а.) жоғарыда айтылған хадистегі жақсы ғасыр өкілі, һәм Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларына шәкірт болып, ғылым үйренген. Демек, табиғин дәрежесіндегі ғалым. Ал, табиғинның мәртебесі өзге ғалымдардан әлде қайда жоғары екендігін осы хадис айшықтап тұр.

Мен осы шын жүректен айтылған насихаттың мұсылман бауырларымыздың жүректерінен орын табуын тілеймін. Алла тағала еліміздің мұсылман жұртының ауызбіршілігі мен ынтымағын баянды еткен, әумин!

Р.Қамбаров

http://www.ummet.kz

 

 

 

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 4331 рет
JoomShaper
Top