Мәзһабқа бөлінушілік: ақида ағымдары

Дүйсенбі, 20.11.2017
Мәзһабқа бөлінушілік: ақида ағымдары

Өткен мақалада шиит мәзһабының ішіндегі ең үлкені имамия немесе иснаашария туралы айтқан едік.  Бұл тармақ 12 имамға сенуді иман негіздеріне айналдырғаны үшін «имамия», құқық (фыкһ) негіздерін имам Жафар ас-Садыққа сүйендіргендіктен «жафария», он екінші имамның келуін күтулеріне байланысты «асхабул-Интизар» (күтушілер) он екінші имамның әлі тірі екендігіне сенгендіктерінен «қаимия» деп те аталады.

Бұл ағым қазіргі таңда Иран Ислам Республикасының ресми мәзһабы. Сонымен қатар бұл тармақтың келесі ерекшелігі:

1. Имамдар санын он екімен шектеу.

2. Ниябет.

Он екі имам туралы өткен мақалада айтып кеттік. «Ниябетке» келетін болсақ, оның  мағынасы он екі имам әрі жалпы, әрі жалқы (жекелеген) іс-әрекеттерінде күнәсіз пәк болып саналады. Олардың наибтері, яғни  өкілдері тек қана жалқылықта күнәсіз  болып саналады [1]. Иснаашария атауының қашан пайда болғаны белгісіз. Тек бұл атаудың Х ғасырға дейін жоқ екені анық.

Иснаашария  атауының ең алғаш айтылған жері, Абдулқадыр әл-Бағдадидің «әл-Фарқу байнал Фирақ» атты еңбегі болса керек. Өйткені қолда бар деректер соны көрсетуде. Кейіннен Иснаашария мен Имамия екеуі бір мағынада қолданылған. Бұл мәзһабтың құқықтық жағын білдіру мақсатында «жафария» атауы мақұл көріледі.

Ислам қоғамында ең үлкен азшылықты құрайтын Иснаашария Ирак топырақтарында шыққанымен уақыт өте келе басқа да аймақтарға таралады. Иран, Азербайжан, кейбір шығанақ елдері, Ауғаныстан және Үндістан секілді жерлерде орналасқан. Иснаашария жалпы мұсылман қауымының 6 пайызы мен 10 пайыздық көрсеткіші арасын құрайды. Ең көп шоғырланған жері Иран мемлекеті. Ел халқының 88 пайызы иснаашариттер деп көрсетілген. Бұл ағымның келесі көп таралған аймағы Әзірбайжан болып табылады. Бұл елдің халқының 70 пайызы иснаашари шииттері екендігінен дереккөздер хабар беруде [2].

Ал енді ислам тарихындағы дүниетанымдық және сенім (иғтиқад) тұрғысынан ортаға шыққан ағымдар, мәзһабтар тарихи кітаптарында әртүрлі ретпен тізбектелген. Мысалы Әбул Хасан әл-Ашари иғтиқади мәзһабтарды Харижиттер, Шиа, Муржия, Мутазила, Жахмия, Дирария, Хусейния, Бекрия, Амме, Асхабул Хадис және Куллабие деп көрсетеді. Абдулқадыр әл-Бағдади болса Қадария, Мутазила, Муржия, Нажжария, Жахмия, Бакрия, Дирария, Каррамия және Мушаббиха десе, Шахристани Қадария және Сыфатия деп тізбектейді.

Ал енді соңғы уақыттарда пайда болған Уаххабилік және Ахмадия секілді ағымдарды назарға алатын болсақ алғашқы кезең мәзһабтары және жақын заманда шыққан мәзһабтар деп екіге бөліп қарастыруға болады.

Ақидаға қатысты алғашқы кезең мәзһабтарының әуелгісі – Қадария болып табылады. Мұсылмандардың арасында ортаға шыққан саяси қақтығыстар, Жамал және Сиффин соғыстарының нәтижелері, Омейядтардың кейбір жаман іс-әрекеттерін тағдырға байланыстырулары секілді себептерден Мабед әл-Жухани және Ғайлан әд-Димашқидің басшылығында «адам еркінің тағдырға қатысы жоқ» деген пікірді ұстанатын дүниетанымдық сенім пайда болды. Бұл қозғалыс VIII ғасырдың ортасында осы сарындас пікірдегі Мутазалиттермен бірігіп кетеді.

Бұл заманда мұсылман адамның иманы мен амалына қатысты мәселелер көтерілді. Өз кезегінде ғалымдар арасында қызу талқыға түскен иман, амал, тағдыр мәселелері ақида ағымдарының пайда болуына негіз болды: мұсылман адам үлкен күнә жасаса не болмақ, мұсылман ба, кәпір ма? Ондай адамның үкімі не? Күнә жасаған мұсылманды өлтіруге бола ма? Оның мүлкі, бала-шағасы не болмақ? Алла Тағаланың сипаттары қандай? деген сияқты сұрақтар көтерілді. Беделді ғалымдарға құлақ салмай, өз пікіріне сеніп, бір жақты кеткен ғалымдардың пәтуәлары халық арасына, қоғамда бүлік тудырып жатты. Мұсылман үмбетін «мұсылман» және «кәпірге» бөлді. Осылайша ертедегі ғалымдардың пікірлерімен үйлеспейтін адасқан ақида ағымдары бой көтере бастады.

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

философия ғылымының кандидаты 

 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1.  Neset Cagatay, Ibrahim Agah Cubukcu. Islam Mezhepler Tarihi. – Ankara, 1985. – S. 63-65.
  2. Islam Ansiklopedisi. – Istanbul, 2001. – C. 23. – S. 146.
Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 252 рет
JoomShaper
Top