Мәзһабқа бөлінушілік

Сенбі, 18.11.2017
Мәзһабқа бөлінушілік

Тармақтарға бөлініп кеткен Шииттердің келесі мәзһабы – Зейдиттер. Зейдиттер деп Зейд ибн Зейнелабидиннің және оның ұлы Яхияның имамдығын қабылдайтындарға айтылады.

Омейядтарға қарсы 740 жылы Куфа қаласында көтеріліс бастаған Зейдтің жақтастары оны жалғыз тастап кетуіне байланысты өз мақсатына жете алмай өлтіріледі. Зейдиттер өздерінің діни дүниетанымдық жағынан суниттерге ең жақын шииттік ағым саналады. Олар Хз. Әлидің имамдығын Хз. Мұхаммед тікелей емес, жанама тұрғыда білдіргенін, ең лайықты таңдау бар жерде лайықты болған біреудің халифалығы да қабылданатынын айтады. Осылайша Зейдиттер алғашқы халифа Хз. Әбу Бәкір мен Хз. Омардың халифалықтарын заңды деп есептейді. Имам Зейдтің көзқарастары мысырлық араб ғалымы Мұхаммед Әбу Захраның «Мәзһабтар тарихы» атты еңбегінде кеңінен баяндалған [1].

Жарудия, Сулеймания және Батрия секілді топтарға бөлініп кеткен Зейдиттер көп уақыт бытыраңқы түрде өмір сүреді. Аббаси халифатының әлсіреуінен пайдаланған олар Табаристанда және Йеменде мемлекет құрады. Табаристан Зейдиттері 917 жылға дейін тұрады. Йемен Зейдиттері қазіргі кезге дейін бар  және Йеменнің ресми мәзһабы Зейдилік болып табылады [2].

Шектен шығып кеткен шииттік ағымдардан саналатын Исмаилиттерге Жафар ас-Садықтың өлімінен кейін имамдықтың үлкен ұлы Исмаилге және одан ұлы Мұхаммедке берілгеніне сенетіндерді жатқызамыз.

Негізінде имам Жағфар ас-Садық өзінен кейін имамдыққа үлкен ұлы Исмайлды мұрагер етіп тағайындаған болатын. Бірақ, мұрагер болған Исмайыл әкесінен бұрын бақилық болады. Исмайлдың жақтастары өз ұстанымдарын дәлелдеу үшін Муса пайғамбардың кезіндегі оқиғаны алға тартады. Мұса көзі тірісінде ағасы Һарунды өзінен кейін мұрагер ретінде тағайындаған болатын. Алайда Һарун Муса пайғамбардан бұрын көз жұмады. Міне, дәл сол сияқты Исмайл да әкесінен бұрын көз жұмғанымен имамдық соның ұрпағынан жалғапақ дейді.

Жағфар ас-Садық 765 жылы қайтыс болған соң екінші ұлы Муса Қазым имам болып сайланады. Осы жерде Исмайлдың жақтастары сайланған Муса Қазымның имамдығын мойындамай, бөлініп шығады. Сөйтіп  имам ретінде Исмайлдың баласы Мұхаммед ибн Исмайлды қабылдайды. Сондықтан да Жағфар ас-Садықтың үлкен ұлы Исмайлды әкесінен кейінгі ізбасар имам деп қабылдаған бұл топты «исмайлия шииттері» деп атап кеткен.

Исмаилиттердің негізгі көзқарастары мыналар:

- имамдық Исмаил және оның ұлдарына тиесілі;

- имамдардың барлық іс-әрекеттері дұрыс. Өйткені олар күнәсіз әрі таза;

- имамдардың әрбір сөзі Құран, әрбір бұйрықтары тәңірден бастау алады;

- имам – жер бетіндегі Алланың өкілі. Алланың нұрына бөленген, табынуға тұрарлық тұлға;

- дін мен иман осы жолды қабылдау арқылы және оған бағынудан тұрады [3].

Исмаилиттер туралы ауқымды зерттеулер жүргізген иран тектес Фарход Дафтари деген ғалымның ағылшын тілінен түрік тіліне аударылған «Исмаилиттер» атты еңбегінде аталған ағымға қатысты нақты әрі дәл мәліметтер беріледі [4]. Қазіргі таңда бұл ағымның Иран, Ауғанстан және Үндістан секілді жиырмадан астам елде өкілдері бар.

Шииттердің келесі бір тобы әрі ең үлкені саналатын имамия шииттері
Хз. Алидің өзінен бастап оның ұрпақтарының заңды имам екендігіне сенеді. Дін ішінде көптеген тармақтарға бөлініп кеткен бұл ағымның ішінен имамдардың санын он екімен шектеген «Иснаашария» (он екі имам) уақыт өте келе бүкіл шииттерді білдіретін халге келеді. Бұлар бұл он екі имамға сенуді иман негіздерінен деп біледі. Олар:  

1. Али ибн Әбу Талиб (600-661 ж.ж.);

2. Хасан ибн Али (624-669 ж.ж.);

3. Хусейн ибн Али (625-680 ж.ж.);

4. Али Зәйнулабидин ибн Хусейн (659-713 ж.ж.);

5. Мұхаммед Бақир ибн Али Зәйнулабидин (676-733 ж.ж.);

6. Жағфар Садық ибн Мұхаммед Бақир (695-765 ж.ж.);

7. Муса Қазым ибн Жағфар Садық (745-799 ж.ж.);

8. Али Рыза ибн Муса (765-818 ж.ж.);

9. Мұхаммед Тақи ибн Али Рыза (811-835 ж.ж.);

10. Али ән-Нақи ибн Мұхаммед (827-868 ж.ж.);

11. Хасан әл-Асқари ибн Али (846-873 ж.ж.);

12. Мұхаммед Мәһди ибн Хасан 869 жылы дүниеге келген. шииттер оны «Мәһди» немесе «Худжжату әл-қаим әл-Мунтазыр» деп атайды. Олардың сенімі бойынша ол әкесі Хасан Әл-Асқари 873 жылы қайтыс болғаннан кейін «ғайып» болған.

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

философия ғылымының кандидаты

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Muhammed Ebu Zehra. Mezhepler Tarihi. – Istanbul, 1978. – S. 146-164.
  2. Uludag Suleyman, Kavukcu Fuad. Kelam Dersleri. – Istanbul, 1974. – S. 86.
  3. Enver Benhan Sapolyo. Mezhepler ve Tarikatlar Tarihi. – Istanbul, 2006. –
    S. 433.
  4. Farhod Daftary. Ismaililer. Tarih ve Kuram. – Ankara, 2001. – S. 571.

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 147 рет
JoomShaper
Top