Мәзһабқа бөлінушілік

Сәрсенбі, 15.11.2017
Мәзһабқа бөлінушілік

Келесі бір саяси мәзһаб – Шииттер. Хз. Әлидің Муавиямен шайқасының нәтижесінде ислам үмметі екіге жарылады. Осы соғыстан кейін бір-біріне тәуелсіз екі ислам мемлекеті пайда болады. Харижилермен болған соғыстан соң Куфа қаласында Хз. Әлиді кек алу мақсатында келген харижит Абдуррахман ибн Мулжим әл-Муради өлтіреді.

Хз. Әли таң намазында тұрған уақытта Абдуррахман ибн Мулжим оны уланған қанжармен ұрады. Осыдан кейін жарақаты ауыр Әли (р.а) үш күн төсек тартып жатады да, жан тапсырады. Бұл уақыт аралығында ұлдары Хасан мен Хусейнге, мұсылмандарға өсиет айтып үлгереді. Оның айтқан соңғы сөздері: «Алладан басқа құлшылыққа лайық Құдай жоқ» (Бұһари). Қайғылы оқиға хижраның қырығыншы жылы рамазан айының жиырма бірінші жұлдызында орын алды. Бұл кезде Әлидің (р.а) жасы алпыстан асқан болатын.

Сондай-ақ, харижит Абдуррахман ибн Мулжимнің пікірлестері бір күнде Хз. Әлимен бірге Муғауяға және Мысырдағы Әмір ибн Асқа да қастандық жасауға келіскен болатын.  Әли шаһид болды, Муғауйя болса аяғына жарақат алып, аман қалады. Мысырдағы Әмір ибн Ас таң намазына келмей қалып, оның орнына шыққан Харидж ибн Хузафа жарақат алып, ол да бақилық болады.

Хз. Әлидің орнына халифалыққа оның үлкен ұлы Хасанды халық бірауыздан қолдап сайласа да ол мұсылман үмбетінің бірлігін ойлап, биліктен бас тартады. Өзіне берілген халифалықты Муавияға береді. Ол бүкіл ислам әлемінің халифасы атанып Омейядтар мемлекетін құрады (661ж.) Муавия қайтыс боларынан бұрын өз орнына ұлы Язидті отырғызады. Бұл жағдай үлкен наразылықтарға жол ашады. Язидтің халифалығын мойындамаған Хз. Әлидің екінші ұлы Хз. Хусейн Кербелада 680 жылы 10 қазанда жақтастарымен бірге зұлымдықпен өлтіріледі [1]. Бұл оқиға қоғамда бітпейтін шиеленістерге жол ашып береді.

Үшінші халифа Хз. Османның тұсынан басталып Кербела оқиғасына дейін жалғасқан қайшылықтар уақыт өте келе халифалықтың яғни имамдықтың Хз. Әли мен оның ұрпақтарына тән екендігі туралы көзқарасты қалыптастырып, бірнеше діни ағымдардың шығуына себеп болды.

«Шиа» арабша бір сөз. Қазақша «жақтас» деген мағынаға келеді.              Хз. Әлидің, Муавиямен шайқасында Әлидің жағын алғандарға осы есім берілген. Халифалық мәселесінде Хз. Әлиді қолдаған әркімді осы атаудың ішіне кіргіземіз. Жеке бір мәзһаб ретінде қалыптасқан және қазіргі кезде де өмір сүріп отырған шииттікке былай анықтама беруге болады: «Хз. Әлидің құран және сүннет, сондай-ақ өсиет арқылы халифа екендігін, халифалықтың тек қана соның ұрпақтарына тиісті екендігін, бұл мәселенің халықтың еркінде емес, діннің шарттарынан болып табылатынын қабылдайтындар.» [2]. Жалпы атауы Шииттер деп аталатын бұл мәзһаб өз ішінде көптеген тармақтарға бөлініп кеткен. Ең бастылары мыналар: Кайсаниттер, Зейдиттер, Исмаилиттер, Имамия және Ғалие (шеткі шеиттер).

Кайсаниттер өз атауын Әбу Амр Кайсаннан алады. Хз. Әлидің Мұхаммед ибн Ханафия атты ұлын имам және ақырзаманда құтқаратын Махди деп қабылдайтын шектен шыққан шиит тобы болып табылады. Кайсаниттер Мұхаммед Ханафияның өлмегенін, «Жәбәли Радва» деген жерде жасырынып жүргенін алға тартып,  алғашқы рет ғайып (жасырынған) имам сенімін ортаға шығарады. Бұл сенім кейін басқа да шииттік ағымдарға өтті. Реинкарнацияға сенеді, әрбір көрінген шындықтың екінші көрінбейтін көмескі беті бар екендігін қабылдайды. Бұл сенімдерінің негізін құрайды [3]. VII ғасырдың орталарынан кейін тарих бетінен өше бастайды. Шамамен бір ғасырлық мерзімнен кейін бұл ағым түбегейлі жойылып кетеді. 

 

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

философия ғылымының кандидаты

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Unlu Nuri. Islam Tarihi. – Istanbul, 1992. – C. 1. – S. 170-173.

2.Kutluay Yasar. Tarihte ve Gunumuzde Islam Mezhepleri. – Istanbul, 1968. – S. 103.

3.Uludag Suleyman. Islamda Inanc Konulari ve Itikadi Mezhepler. – Istanbul, 1992. – S. 289-290.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 152 рет
JoomShaper
Top