Әбу Ханифаның баласына айтқан өсиеті

Сейсенбі, 30.06.2015
Әбу Ханифаның баласына айтқан өсиеті

Бұл өсиетті Имам Ағзам баласы Хаммадқа айтқан екен. Жақсылап тыңда:

«Балам! Алла сені тура жолға бастап, әрқашан сенің жәрдемшің болсын. Ұлым! Саған айтпақ әкелік насихатымды құлағыңа құйып, жадыңда сақтасаң, бұл дүниеде де, ақыретте де бақытқа кенелерсің.

  1. Алладан қорқып он екі мүшеңді күнәдан тыйып, Жаратушымыздың бұйрықтарын толығымен орында.
  2. Қажетіңе жарар ілімді үйренуде талабың қайтпасын.
  3. Дініңе және өмірлік тұрмысыңа зияны тимейтін кісілермен ғана қарым-  қатынаста бол.
  4. Керегіңнен тыс нәрселерден нәпсіңді тый.
  5. Мұсылманға да, зиммиге де (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілі) өктемдік көрсетпе.
  6. Алла берген ризық-несібеңе қанағат ет.
  7. Өзгеге мұқтаж болмау үшін барыңды дұрыс пайдалан.
  8. Адамдар саған жек көріп қарайтындай іс жасама.
  9. Қажетіңнен артық дүниеге беріліп кетуден сақтан.
  10. Кісіге жолыққанда сөзіңді сәлеммен баста. Сөзің көркем, мәмілең кішіпейіл болсын. Жақсыларға жағымды, ал жаман кісілермен мәмілелі қатынаста бол.
  11. Аллаға көп зікір, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауат айт.
  12. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан мына истиғфар дұғасын үнемі айтып жүр:«АллаһумаантаРабби, лаиләһаиллаанта. Халақтаниуаанаабдука, уаанаалааһдикауауағдикамаистатағту. Ағузубикаминшарримасанағту, абулакабиниғматикаалайа, абубизамби. Фағфирлифаиннаһулаяғфирузунубаиллаанта»мағынасы: «ЖаратқанИем, сенменіңРаббымсың, Сененөзгетәңіржоқ. Сенменіжараттың, менсеніңқұлыңмын. Сеніңуәдеңебарыншалайықболуғатырысамын. Өзімжасағанжаманістерімнен Сененпанасұраймын. СеніңқұзырыңаӨзіңбергеннығметіңніңжауапкершілігімен жасағанкүнәмдіарқалапбарамын. Күнәмдікешірегөр. КүнәлардытекСенкешіресің». Осы ұлы истиғфарды түнде оқып жатқан пенде сол кеште кенеттен көз жұмса пейішке кіреді. Сол сияқты таңертең  оқып, күндіз қайтыс болса да оқыған пейішке кіреді.
  13. Әр күні Құран оқуды әдет қыл, оқыған Құраныңның сауабын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), ата-анаңа, ұстаздарың мен барша мұсылмандарға бағышта.
  14. Дұшпаннан гөрі досыңнан сақтан. Өйткені, адамдар арасында бұзықтық көбейген сәтте дұшпаның досыңды пайдалануы мүмкін.
  15. Сырыңды, дүниеңді, ұстанған жолың мен барар жеріңді құпия сақта.
  16. Көршілік ақысына дұрыс қара және көршіңнен келер келеңсіздіктерге сабырлық таныт.
  17. Әһли сунна уал жамағат жолына берік бол, адасқандар мен надандардың маңына жолама.
  18. Барлық ісіңде ықыласты бол. Қандай жағдай болса да адал ризық табуға бар күш-жігеріңді сал.
  19. 500 xадис ішінен таңдап алған мына 5 хадиске амал ет:

-  Расында амалдар ниетке сай. Әр адамның ниетіне қарай ісі болмақ.

-  Кісінің шынайы мұсылмандығы өзгенің ісіне килікпеу.

-  Өзіңе тілегенді өзгеге де тілемейінше кәміл иманға жетпейсің.

- «Халал да, харам да ашық айтылған. Алайда олардың арасында күмәнді нәрселер де бар. Көпшілік оны біле бермейді. Одан бойын аулақ ұстаған пенде діні мен абыройын қорғайды. Күмәнді істерден сақтанбаған кісі харамға өтіп кетуі айдан анық. Мұндай кісінің рұқсат етілмеген қорық маңында малын жайып жүрген шопан іспетті. Яғни кез-келген сәтте оның малы қорыққа өтіп кетуі мүмкін. Алланың тыйым салған үкімдері бар. Ол Алланың харам еткен істері. Денеде бір кесек ет бар, ол аман болса дене де аман, ал сырқаттанса дене де сырқат. Ол – жүрек».

- Кісіге сөзімен де, ісімен де зиян тигізбейтін мұсылман – шынайы мұсылман.

20.  Денің сау, басың аман күндерде де үнемі үрей мен үміт арасында жүр. Алла тағала жайлы ойың жақсы, ниетің шынайы, ізгі үмітпен дүние сал».

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 3003 рет
JoomShaper
Top