Әбу Ханифа және қазақ қоғамы

Бейсенбі, 19.02.2015
Әбу Ханифа және қазақ қоғамы

Кез келген халықтың мәдениеті, өмір-салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде діннің және соның негізінде қалыптасқан діни түсініктің алар орны ерекше. Ал, қазақ халқының діни санасының қалыптасуында ислам дінінің, оның ішінде сунниттік ханафи мәзһабының рөлі үлкен. Өкінішке орай, соңғы кедерге дейін қазақ халқының тарихындағы ислам дінінің рөлі тиісті деңгейде зерттелмегендіктен, көпшілік одан бейхабар қалды. Соның нәтижесінде кейбір «дін таратушы» білгірсымақтар қазақ жерінде ислам діні бұрын болмағандай, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана келгендей етіп көрсетіп, сырттан алып келген түсініктерін «ең дұрыс түсінік» ретінде ұсынып, бұрынғы әдеттер мен түсініктерді мансұқтап, ел арасына бүлік салды. Әрине, тәуелсіздік алған жылдардағы елдегі діни сауатсыздықтың қалыптасуына дінге қарсы жүргізілген  жетпіс жылдық атеистік саясаттың ықпалы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Қазақстан тарихының жаңадан жазылуы барысында осы олқылықтың орны толтырылуы тиіс.

Орталық Азияда ислам берік орнамай тұрған кездері түрлі діндермен қатар,  ханафилік кең тарамастан бұрын шииттердің, мұғтазилиттер мен шафиғилердің болғандығы белгілі. Алайда Қарахан патшасы Абдулкәрім Сатұқ Бұғра ханның 921 жылы сүнниттік ханафи бағытты  түркілер үшін ресми дін ретінде жариялауы нәтижесінде бұл аймақтарда ханафи мәзһабы  кең тарай бастады. Әсіресе Мәуәрәннахр аймағында көптеген ханафи ғалымдары өсіп жетіліп, бұл аймақ ханафи мәзһабының орталығына айналды. Осы кезеңдерден бастап біздің бабаларымыз ханафи мәзһабын ұстанып, ислам мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты. Солардың бірқатарын ғана атап өтейік. Мәселен күллі түркі жұртының мұысылмандықты қабылдауында ерекш орны бар «Пир-и Түркістан» атанған Иассауи бабамыздың осы ханафи мәзһабын ұстанғанын айта кетуге болады.  Әрине, Ахмет Иассауи бабамыздың қай мәзһабты ұстанғанына қатысты әр түрлі пікірлер айтылғанымен, мен өз басым Имам Ағзам мәзһабын ұқстанған деген пікірді қолдаймын. Өйткені мұны қуаттайтын айғақтар аз емес. Мәселен хикметтерінің Қазан баспасында ханафилікті ұстанғандығына қатысты өлең жолдары бар. Сонымен қатар оның ұстазы Жүсіп Хамаданидің де ханафи мәзһабын ұстанғандығына қатысты мәліметтер бар. Қазақ даласынан шыққан Сұлтан Бейбарыс Мысырды билеген кезде 4 мәзһаб өкілдеріне қазы тағайындауы да ханафи мәзһабы күшеюіне оң жағдай туғызды.

Сол Мысыр елінде ханафи мәзһабының таралуына үлес қосқан ғалымдардың бірі Қауам Қауам ад-Дин әл-Атқани әл-Фараби ат-Түркістани еді. Ол ғылым мен абыройының арқасында Мысырдағы Сүргатмыш медресесін басқарып, ханафи мәзһабының беделги ие болуына қызмет еткен ғұламалардың бірі. Сонымен қатар Каирде Қауам ад-Диннің тағы бір жерлесі, әрі тұстасы өмір сүрген. Ол Таразда 1272 жылы туылған Һибатулла бин Ахмад бин Муалла бин Махмуд ат-Тарази ат-Түркістани әл-Ханафи. Кейбір дерек көздерінде ол Шуджа ад-Дин деп те аталады. Ол да Әбу Ханифа мазһабы және мұсылман заңы  (фиқһ) һәм дін негізінің (усул ад-Дин) білгірі болған (Ә. Дербісәлі. Каир медреселерін басқарған Отырар имамы), Хайдар Дулати,

Сондай атақты ғұламаларымыздың бірі Хұсам ад-Дин ас-Сығнақи. Ол ханафи фиқһын терең меңгеріп фиқһ, усулул-фиқһ, ақида, араб тілі саласында мол мұра қалдырған бірегей ғалым (Ш. Керім. Сығанақ саңлағы, Алматы, 2012 ж.).  

Сонымен қатар, осы тұста ханафи усулін жандандырған ерекше ғалымдардың бірі жерлесіміз Шәмсул-Әиммә әл-Кердериді (599-642/1203-1244 ж.) де айтпай кетуге болмайды. Ислам ғылымдарындағы беделіне байланысты ол «Фақиһ әл-машриқ», «хабар әл-кәмил», «Шәмс әл-миллә уәд-дин», «шейх», «аллама», «мухаққиқ», «Әбул-бурһан» деп аталған. Ол фиқһ негіздері саласының жандануына ерекше үлес қосуына байланысты өз заманынының Дәбусиі ретінде қабылданған. Өз кезеңіндегі әйгілі ғалымдардан сабақ алған Кердери «өз дәуірінің Әбу Ханифасы» деп те аталған. 

Жерлесіміз Кердеридің шәкірті Әбул Бәракат ән-Насафидің (қ. 710) де осы салаға сіңірген қызметі ерекше. Ол шамамен үш ғасыр (ХI-XIV) бойы ханафи мәзһабының орталығы болған Бұхарада өсіп жетілген. Ол жерлесіміз атақты Хусамуддин әс-Сығнақиға ұстаздық жасаған. Нәсәфи – ханафи мәзһабының классикалық дәуір кезеңінен кейінгі уақытта өте беделді саналған тұлға. Ол негізгі ислам ғылымдары саласының барлығында өте құнды кітаптар жазған. Ол шығармалардың кейбірі ханафи ғалымдары арасында ықпалды болған. «Мәнәрул-ануар» атты кітабы классикалық дәуір кезеңінен кейінгі ханафи фиқһ негіздері саласында ең құнды шығармалардың бірі екендігі ешқандай талас тудырмайды. Осы шығармаға байланысты жүзге жуық зертеу жұмыстары жасалған. Екінші бір маңызды шығармасы жоғарыда аты аталған «Кәнзуд-дақаиқ» – ханафи мәзһабының ең негзгі қайнаркөз кітаптардың бірі.

Кезінде Кашмирді билеген Мырза Хайдар Дулаттың да ханафи мәзһабының таралуына ықпал еткені белгілі. Осы орайда Профессор Ә. Дербісәлі ағамыздың мына бір сөзін келтіре кетсек: «Сөйтіп Египет пен Шам елі және Бағдад пен Басра шаһарларын да ежелгі мәдениет ошақтары десек, ол мәдениетте біздің Сайрами, Тарази (1272-1333), әл-Фараби (870-980), Түркістани, Сығнақи (1240-1317) Женди бабаларымыздың да қосқан мол үлесі бар» (Ә. Дербісәлі. Марокко мен испаниядағы жәдігерліктеріміз)

Сонымен қатар қазақ даласында туып, Ислам өркениетіне өзіндік үлес қосқан Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Иүгнеки, Жүсіп Баласағұни т.б. секілді әлемге әйгілі мақтаныштарымызды да айтпай кету үлкен қателік болады. Қазақ халқы – Ислам дінін қабылдап қана қоймай, Ислам өркениетіне өзіндік үлесін қоса білген, мәдени мұрасының тамырлары тереңде жатқан халық.

Мұны өкінішке орай көпшілік біле бермейді. Әсіресе шет елдерде жартылай сауаттанып келген кейбір жастар имандылыққа қарқынды түрде бет бұрып келе жатқан момын хақымызды бүлікке бастап, ата-бабалырымыз мүлдем жатсынбастан ғасырлар бойы ұстанып келген, ғылыми негізде қалыптасқан осы бағыттағы түсінігімізді адасушылықпен кіналап, жастарымызды өз саптарына қосуға жанталасып жатқаны өкінішті құбылыс.  Ал соңғы жылдары қоғамымызды дүр сілкіндерген террорлық актілер мен кешегі Сирияға аттанған жастар қоғам тыныштығы мен тұрақтылығына қатер төндіруде.  

Әлем жұртшылығының назары қазіргі таңда мұсылман елдеріндегі оқиғаларға ауып, ислам діні көп жағдайларды экстремизм және терроризм секілді жағымсыз, исламның негізгі рухына жат терминдермен қатар аталып, әлемдік деңгейдегі қоғамдық санада исламға қарсы жиреніш туындауда. 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан бері батыста жүргізіліп жатқан кең көлемді қоғам санасын монипулациялау нәтижесінде қазіргі кезде исламға оң қабақ танытпайтындардың саны 50 пайызға жақындап қалған. Бұл өз кезегінде жахандық басқаруды қолында ұстағысы келетін күштердің ұзақ мерзімдік стратегиясының жеміс бергендігін көрсетеді. Осы жағдайлар қоғамдағы миссионерлік әрекеттерді тасада қалдырып, жұртшылық назарын арнайы, жасырын күштер тарапынан басқарылып отырған «исламдық» топтардың іс-әркеттеріне аударып жіберді. Қазақ жұртын толықтай евангелизациялауды көздеген миссионерлік ұйымдар үшін бұл өте қолайлы жағдай жасап беруде. Миссионерлік әрекеттердің ел бірлігіне қаншалықты қауіпті екеніне Африка және Оңтүстік Кореяның христиандануы жақсы үлгі бола алады. Мәселен, 1900 жылдардың басында Африка халқының 7% христиандықты қабылдаса, 100 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 55 % жеткен. Папуа-Жаңа Гвинея секілді елдерде бұл көрсеткіш 11-ден 95 % жеткен. Ал Оңтүстік Кореяда ХХ ғасырдың екінші жартысында протестанттардың евангелизациялау саясатының нәтижесінде сан ғасырлар бойы буддизм мен дәстүрлі культтерді ұстанып келген кәріс халқының 30 пайызы христиандыққа өтіп кеткен. Өкінішке орай біз бұл мәселенің діни тұтастығымыз үшін қаншалықты қатерлі екенін естен шығарып алғандаймыз.

Әрине бұл исламның атын жамылып, өз саяси-идеологиялық пиғылдарын жүзеге асырғысы келетін топтардың әрекеттерін елемеу керек дегенге келмейді. Ел зиялылары мен дін мамандары шынайй діни құндылықтар мен дінді құрал еткен діни әрекеттердің ара-жігін ажыратып беріп, ұдайы ағартушылық шараларын жүргізуі қажет.

Еліміздегі демократиялық принциптерді базбір кереғар, радикалды діни топтар өз мүддесіне шебер пайдалануда. Діни ағымдардың қауіптілігін бажайлайтын тәжірибенің аздығы және дін мамандарының тапшылығы да мәселені күрделендіруде. «Салафиттік» бағыттағы діни ағымдардың зияндығы айтылған күннің өзінде тиісті шаралардың қолға алынбауы тіпті уаххабилік бүліктің зияндығын айту «қоғамда діни алауыздыққа себеп болады» деген бүркемелі ұстаныммен жылы жабылып кетуде. Онымен қоймай «салафиттерді» «байсалды» және «радикалды» деп жіктеп, «байсалдыларын» зиянсыз деп, қоғамда кең таралуына көз жұма қарауымыз, діни жағдайды одан сайын күрделендіре түсуде.

Жастар арасында экстремистік топтарға қосылушылардың санының артуы да қазақ қоғамын ерекше алаңдатуда. Әсілінде діни экстремизм тек Қазақстанның емес, әлемді толғандырып отырған құбылыс. Оның сыртқы әрі ішкі факторлары да бар. Сыртқы факторға жахандық коньюктураның ықпалы бар екені айтпаса да түсінікті. Ал ішкі факторға мыналарды жатқызуға болады:

а. Діни сауатсыздық нәтижесінде қалыптасқан діни иммунитет әлсіздігі; Мұны ұлттық мүддеге негізделген идеологиялық базамыздың әлсіздігінің көрінісі деп те бағалауға болады. Иммунитетті қалыптастыру үшін біртұтас діни түсініктің қалыптасуы шарт. Осы әлсіздіктің салдарынан жастарымыз соқыр сенімге бой алдырып фанатизмге, оның түбі радикализм мен экстремизмге жол ашуда;

ә. Дін саласындағы мамандардың жетіспеушілігі салдарынан шет елдік жат ағымдардың діни түсініктерінің қателіктеріне тиісті деңгейде жауаптардың берілмеуі;

б. Діни құбылыстарға тиісті деңгейде мемлекеттің көңіл бөлмей, тым еркін түрде әрекет етуге мүмкіндік беруі. Ғаламтор беттерінде дәстүрлі діни түсінігімізді мансұқтауға бағытталған сайттардың емін-еркін жұмыс істеуі, араб тілдерінен аударылып таратылып жатқан кітаптар жастарды өз ұлтынан, діни түсінігінен мемлекетінен жырақтауға алып баруда.

в. Діни топтардың материалдық мүмкіндіктетрі мен жоспарлы түрде әрекет етулері. Қазіргі таңда радикалды діни топтардың жетегіне қосылғандардың қатарында әл-ауқаты өте жоғары деңгейдегі адамдар, ақындар, спортшылар, өнер адамдары тіпті кримминалдық топ мүшелері де бар. мен ;

г. Жастар арасындағы жұмыссыздық пен қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік (жемқорлық, мемлекеттік қаражатты талан-таражаға салу мен құқық қорғау саласындағы әділетсіздік). өз кезегінде қоғамдағы наразы топтардың діни арбауға шалдығуына жол ашуда.

2011 жылы  қазақ халқының діни тұтастығы мен бірлігін сақтап, одан ары нығайту жолында діни сенімге қатысты заңға өзгеріс енгізіліп, жаңа заңның преамбуласында «халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитыны» баса аталып көрсетілген болатын. Сонымен қатар, Елбасымыз 2012 жылғы жолдауында дін мәселесінің қоғамымызда қаншалықты өткір тұрғандығын айта келе:  «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек» деп діни ұстанымымыздың қай бағытта жүргізілуі тиіс екендігінің астын сызып тұрып белгілеп берген болатын.

Сонымен қатар «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп ғасырлар бойы осы ханафи мәзһабы мұрасы незінде қалыптасып, қанымызға сіңген діни түсінігіміздің маңыздылығын да атап өткен еді.

Расында қазақ елінің діни санасының қалыптасуында сүнниттік ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осы мәселені біз өзіміздің діни «ішкі» сүзгі ретінде қалыптастыруымыз міндет. Онсыз біз сырттан келіп, еліміздің тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдарға қарсы тұра алмаймыз. Ханафи мәзһабының ғылыми мұрасы бұған толықтай жеткілікті. Негізінен ханафи мәзһабының ислам өркениетінде ерекше орны бар.

Ханафи мәзһабы – аят-хадистер негізінде жүйелі ойлаудың үлгісі, адам баласының сенім, ғибадат, ахлақ, жан-дүниесі мен сыртқы көрінісі арасында тепе-теңдікті негізге алған, уақыт өте келе бір жүйеге түсіп үлкен мектепке айналған, әлемнің түкпір-түкпіріне тараған, төзімділікті насихаттайтын даңғыл жол.

Иракта пайда болып, орталығы Куфада орналасқан ханафи фиқһының шартарапқа таралуының тарихи кезеңдері мен қоғамдық, діни және әлеуметтік көптеген себептері бар. Солардың бірі, оның айналасында жиналған ижтихад шурасы (үкім шығару алқасы) мен фиқһ академиясының өздерінен бұрынғы сахаба және табиғиндардан келіп жеткен Құран мен хадис мұрасын, олардың көзқарастары мен ижтихадтарын терең зерттеп, бойларына сіңіре отырып, өмірдің барлық салаларын қамтитындай етіп кең көлемде дамытуында жатыр. Осылайша, фиқһты жеке адамның қажеттіліктерін өтейтін, қоғам мен басқару тәсілін оңтайландырған біртұтас әрі бай дәстүрге айналдыра алулары да ерекше рөл ойнады. Әбу Ханифа мен шәкірттерінің аят-хадиске сүйенген дәстүрлі діни түсінікті көңілге қонымды етіп түсіндіру арқылы, насс (аят-хадис) пен ақылдың арасында тепе-теңдік орната отырып, дамытқан фиқһ әдіснамасы нәтижесінде жүйесіз ойлауға негізделген түсінік тізгінделді. Қазіргі таңда да бұл аса маңызды.

Басқа мәзһаб имамдарымен салыстырғанда адам факторына ерекше мән берген, адами құндылықтарды мүмкіндігінше барынша қорғауға тырысқан Имам Ағзам Әбу Ханифа еді. Бұны мұсылман әрі мұсылман емес көптеген зерттеушілер мойындаған.

Әр түрлі мәселелерге қатысты оның шығарған үкімдеріне назар салған кезде күмәнді жағдайларда жаза беруден мүмкіндігінше сақтанып, адамдарды қорғайтын үкімдер шығарғанын және мұсылман емес адамдардың құқығын мейлінше қорғауға тырысқанын көреміз.

Адамдар үшін жеңіл жағын және оларға пайдасы тиетін істерді таңдау ұстыны ханафи мәзһабының негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Бұны да өз ойларынан емес, діни негіздерге сүйене отырып шешеді. Өйткені, Құран кәрімде «Аллаһ тағала сендерге қиындық емес, жеңілдікті қалайды» («Бақара» сүресі, 185-аят) делінсе, Пайғамбарымыз хадистерінің бірінде «Дініңіздің жақсысы − жеңіл келгені» деген. Бұл, жалпы, ханафи мәзһабында «Истихсан» әдісі ретінде үкім шығаруда негізгі дәлелдердің бірі саналған.

Әр түрлі хадистер арасынан түпкі мақсатқа тура келгенін таңдау – хадис талдауда Әбу Ханифаның баса назар аударған мәселелерінің әрі негізгі ерекшелігінің бірі. Жалпы фақиһ (ислам құқық танушысы) ғалымдардың міндеті – естіген хадистерін екінші біреуге дәл естіген күйінде жеткізу емес, сол хадистерден негізгі мақсатқа сай үкімдер шығару. Ал бұл өз кезегінде хадистерді тереңірек түсіну әрі хадистен үкім шығаруға қатысты жақтарын мұқият зерттеу арқылы ғана мүмкін болмақ. Бұл – тек қана Имам Ағзамға тән емес, басқа да фақиһтар ұстанған әдіс.

Ханафи мәзһабының өзге мәзһабтардан ең негізгі айырмашылықтарының бірі – шариғат дәлелдерінің қатарына әдет-ғұрыпты да қосуы. Әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуа беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – Ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі. 

Хижаз аймағынан тысқары өңірлерде өмір сүретін мүлдем басқа мәдениет пен салт-дәстүрі бар адамдар арасында пайда болған кәләмдық, философиялық, саяси жағдайлардың ықпалымен қалыптасқан Куфаның әлеуметтік қажеттіліктері, туындаған жаңа мәселелер қалыптасқан құқықтық тәжірибеде Құран мен хадистен бөлек сол қоғамның әдет-ғұрпын ескеруді қажет етті.

Құран мен сүннетке жіті назар аударғанда, шариғаттың құқықтық нормалар бекітуде қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктерді назарға алғандығы, түбегейлі өзгерістерді бірден емес сатылай, бірте-берте өзгерту әдісін қолданғандығы, халықтың аят-хадиске қайшы келмейтін дәстүрлерінің жалғасын тапқандығы байқалады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай ұстанымдарын негізге алған фақиһтар кейбір мәселелерге қатысты үкім берерде халықтың әдет-ғұрпына мән берген. Бұл өз кезегінде әр түрлі ұлт пен дін өкілдерінің Ислам дінін жатсынбай қабылдауына жағдай жасады.

Шариғат үкімдерінің және Ислам құқығының негізгі қағидаларына қайшы келмейтін әдеттер негізге алынуы керек. Өйткені, Ислам құқығындағы үкімдердің негізгі мақсаты – адамдардың игілігі, әділетсіздікті болдырмау және қиындықтың алдын алу. Олай болса, Ислам құқығы бойынша үкім берілер кезде белгілі бір қоғамда әдетке айналған ғылым, білімде өзіндік орны бар ғалым мамандардың да құптаған көзқарасымен есептеспеу былайғы жұртты қиындыққа итермелеп, тығырыққа тірейді. Ал бұл – өз кезегінде Ислам құқығының ең негізгі мақсатына қайшы.

Ислам құқығының негізгі ұстанымдарының бірі саналған «Уақыт талабына, яғни, заманның өзгеруіне байланысты үкім де өзгереді» дейтін ережесі Исламның алғашқы кезеңдерінде-ақ қолданысқа енген болатын. Әбу Ханифа мен шәкірттерінің Ислам аймағының кеңеюі нәтижесінде қоғамдық құрылымы бөлек, басқа мәдениет өкілдеріне қарағанда орталыққа жақын аймақта өмір сүргендіктен, мұндай өзгерістерге көбірек куә болғаны белгілі. Берген үкімдері мен хадистерді талдауда осы мәселеге айрықша назар аударғаны байқалады.

Ханафи мәзһабының араб емес ұлттардың арасында кең таралуының негізгі себептерінің бірі – әр аймақтағы халықтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, мұсылмандықты ұстануға ерік беруінде. Сонымен қатар діни мәтіндерді сөзбе-сөз, тек тікелей түсінуден бұрын оның астарындағы арнасының көзін ашып, зерттей отырып, ақылмен шешуге тырысуы, дініміздегі жеңілдікті ту етіп ұстануы – басқа дін өкілдерінің, соның ішінде ата-бабаларымыздың да сонау ықылым заманда осы мәзһабты қабылдауына жол ашты десек қателеспеген болармыз.

Мемлекеттік жүйе мен қауіпсіздікті де қамтамасыз етуде, азаматтардың бәріне тең қарап, қоғамда әделеттілікті орнатып, мемлекеттің баяндылығын қамтамасыз етуде мәзһабтардың рөлі ерекше еді. Ислам мемлекетінің негізгі тұғырына айналды. Негізінде, Ислам тарихындағы мемлекеттердің ресми мәзһаб ұстанымдары құқықтық бірлік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шара еді әрі өзіндік пайдасын да тигізді.

Қорытындылай айтар болсақ, мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету жолында әлеуметтік, саяси-экономикалық факторлар ғана шешуші рөл атқарып қоймайды. Қазақстан халқының рухани һәм діни түсінігінің біртұтастығы да аса маңызды саналады. Осы тұрғыда ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі діни сүниттік-ханафи мектебіміздің даму тарихы, ғылыми негіздері, өміршеңдігін қамтамасыз еткен ұстанымдары мен қазіргі кезеңде оны дамытып, жүйелеудің бағыт-бағдарын айқындау кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан да Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасау қажет. Жинақталған ғылыми мәліметтер негізінде Қазақстан Республикасының рухани біртұтастығын сақтау, сондай-ақ, қоғамдық бірізділікті қамтасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап, пайымдау арқылы іргелі ғылыми еңбектер жазу мемлекет тарапынан тікелей қолға алынып, мамандар жұмылдырылуы тиіс. Сонымен қатар халықаралық конференциялар өткізіп, салмақты ғылыми-сараптамалық баяндамалардың жасалуына мән беру қажет.Алайда, айтылған ойлар тек конференцияларда талқылынып, БАҚ беттерінде ғана қалып қоймай, мәліметтердің бәрі тиісті мәлімет орталықтарында сараланып, талданып, қорытынды шығарылуы тиіс.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқанындай «Біз тегіміз – түрік, дініміз – Ислам екенін ұмтпауымыз керек» деген ұстанымды жетекшілікке ала отырып, ата-бабаларымыз ежелден қабылдаған Ислам дінін, соның ішінде ханафи-матуриди мазхабын, тариқатта бүкіл түркі жұртының мұсылман дінін қабылдауында мол еңбек сіңірген Йасауи жолын, қазақ хандығы кезеңінде қоғамның қамын күйттеген хандар мен билердің, ел мүддесін қорғап, жырларына тиек еткен ақын-жыраулардың, бертін келе Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, Ж. Көпеев, Ғұмар Қараш, ат-Тарази, Ж. Аймауытов, А., Байтұрсынұлы, С. Ғылмани т.б. секілді қазақ зиялылыры мен дін қайраткерлерінің діни-ағартушылық көзқарастарын, қоғамның діни өміріне қосқан үлестерін концептуалды түрде дамыту қажет. Сонда ғана қазіргі діни ренессанс кең белең алып жатқан әлемдік өркениеттің көшіне мұсылман қазақ елі ретінде қосылып, тарих сахнасында өзіндік орнымызды ала аламыз.

 Алау Әділбаев, теолог, PhD доктор

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 3198 рет
JoomShaper
Top