Мемлекет және рухани құндылықтар

Сейсенбі, 15.03.2016
Мемлекет және рухани құндылықтар

Ғалам тарихындағы ең алғашқы мононормалардың (мемлекет) теократиялық сипатта болғандығы көпшілікке мәлім. Теократиялық мемлекеттердегі әрбір норма сакральді құндылықтарға негізделді. Қоғамдық қатынастағы жосық-жоралғылардың астарынан діни догма көрініс беріп отырды. Осыған байланысты теократиялық басқаруда саяси жүйе мен діни-рухани істердің  ара-жігі болмады. Теократиялық догмалар орта ғасырларда құрылған мемлекеттерге елеулі ықпал етті. Мысалы, VII ғасырда тарих сахнасына шыққан ислам дінінің негізінде халифаттық мемлекет пайда болды. Бірақ, ислам дінінің басты қайнар-көзі Құран мен сүннетте мемлекеттік басқарудың нақты тұрпаты белгіленбеген еді. Тек мемлекеттік басқарудың әділеттілік, баят (сенімділік), шура (кеңесу) секілді қағидаларға негізделетіні көрсетілген болатын.

Жалпы, мемлекеттік басқарудың өзегін дінге негіздейтін барлық жоғары саяси ұйымдардың ішкі мәні ұқсас болып келеді. Әйтсе де, тарихтағы ислами сипаттағы мемлекеттердің құрылысы мен тұрпатының бір-бірінен айтарлықтай айырмашылықтары болды. Мәселен, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Мәдина қаласында құрған мемлекеті пайғамбарлық басқаруға негізделген (уникальді) жоғары саяси ұйым болатын. Одан кейінгі пайғамбарлық басқаруды үлгі еткен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ізбасарлары Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли билік жүргізген саяси билік – халифаттық басқаруға негізделген мемлекет еді. Ал омаядтар, аббасидтер, буйдтер, фатимиттер секілді монорхиялық нысандағы мұсылмандық саяси жүйені әмірлік басқару тұрпаты деп атауға болады.

Дегенмен, кейінгі кезеңдегі жаһандану үдерісімен ислам мемлекеттерінің көпшілігі республикалық басқару тұрпатын қабылдады. Демократиялық құндылықтарды ұлықтайтын республикалық басқарудың ішкі құрылымы заң шығару (парламент), атқарушы (үкімет), сот жүйесі секілді билік бұтақтарының тепе-теңдік, тежемелік басқару қағидасына негізделеді. Тирандық басқаруға жол бермеу үшін билік бұтақтарының бір-бірінің құзыретін тежеп, құқықтық өкілеттік шеңберінде ғана әрекет етуге рұқсат беретін осы тепе-теңдік, тежемелік басқарудың қоғамдағы саяси теңдікті орнықтыратыны мемлекет теориясы ілімінде толық мойындалған. Бірақ қоғам тек саяси басқарудағы әділеттіліктен тұрмайды. Мысалы, әлеуметтің негізгі мәселелерінің бірі – рухани құндылықтар екендігі белгілі. Ал, теориялық тұрғыдан қарайтын болсақ, республикалық басқару жүйесінде рухани құндылықтардың орны нақты айқындалмаған.  

Шынтуайтында, руханиятсыз қоғамның тұл екендігі әмбеге аян. Осы себептен де, қоғамның моральдік құндылықтар мен руханиятқа зәрулігі ешқашан кеміген емес. Ал, саяси-экономикалық өркендеумен қатар әлеуметтің арын арлайтын һәм рухани кемелденуге жетелейтін басқару үлгісі бар ма?

Кезінде бұл зәрулікке Әбу Бакр Уаррақ қоғамды рухани басқару туралы мына концепциясымен жауап берген еді:

 «Қоғамдағы көсемдер дін басылары (улама), ел билеушілер (умара) және хикмет иелері (фуқара) болып үш топқа бөлінеді. Улама жолдан азса, дін кетер. Умара азса, қоғам бұзылар, Фуқара азса, ахлақ кетер. Уламаны аздыратын – ашкөздік, Умараны аздыратын – әділетсіздік, Фуқараны аздыратын – риякерлік. Ел билеушілер дін басыларына құлақ аспай әділетсіздік жайлап, қоғам бұзылса, дін басылар ел билеушілерінің айтқанына еріп, ақиқаттан тайса, руханият иелері риякерлік жасаса, қоғам шіриді».

Орта ғасырлардағы Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірінде умара рөлін хан-сұлтандар, улама қызметін би мен қазылар, ал фуқара міндетін абыздар мен ақын-жыраулар атқарып келді. Патшалық Ресейге бодан болған кезеңде де Ыбырай, Абай, Шәкәрім Мәшһүр Жүсіп және т.б. ағартушылар халықтың ары мен ұяты бола білді. Тіпті, кешегі кеңестік кезеңде халықтың өз ішінен шыққан ақын-жазушылар мен өнер иелері халықтың рухани тірегіне айналған болатын.

Бүгінгі таңда әлем мемлекеттерінің көпшілігі діни құндылықтарды тұтынып-тұтынбауды азаматтардың еркіне қалдыратын зайырлы жүйені ұстанады. Оның ішінде қазақ мемлекетінің де зайырлы жүйеге өткеніне ширек ғасырға жуықтады. Зайырлы жүйеде діни істер мемлекеттік басқарудан бөлінген. Мемлекеттік басқарушы органдар да діннің ішкі мәселелеріне араласпайды. Осыған сәйкес зайырлы жүйеде дін мамандары діни ғұрыптарды орындау һәм ұйымдастыру мәселелерімен ғана шұғылдануға тиісті болып саналады.

Әйткенмен, бүгінгі қазақ қоғамындағы имамдар мен молдаларды діни рәсімдерге ғана жауапты  десек қателесеміз. Шартты түрде алатын болсақ, Кеңес үкіметі дәуірінде молда мәйіт жуушы болып есептелсе, қазіргі имамдарымыз қоғамның кірін жуатын елдің рухани тіректеріне айналып отыр. Бұл, әлбетте, халықтың тарихи тәжірибесі ескерілген зайырлықтың қазақстандық үлгісінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Яғни, біз заманауи қажеттеліктерге сай руханиятымызды әрлендіре түсетін демократиялық таңдау жолына түстік. 

Мұхан ИСАХАН

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 2916 рет
JoomShaper
Top