Зайырлылық пен руханилық: қайтсек қатар өрістемек?

Сейсенбі, 16.09.2014

       Зайырлылық деген не? Сыртқы форма ішкі мазмұнға қызмет етуге тиісті. Сонда ғана қоғамның үйлесімді дамуына жол ашылады. Дін саласына қатысты айтқанда, діни таным өзінің табиғаты жағынан «біз және олар», «біздікі дұрыс, өзгелердікі теріс» дилеммасын тудыратын таным. Яғни сыртқы форма басым түседі. Мемлекеттің зайырлылық ұстанымы осы бөліністі болдырмауға, діндер арасында ортақ платформа, тепе-тең сұхбаттасудың орын алуына мүмкіндік береді. Жасырары жоқ, исламды тек құлшылықпен, мешітпен, Құранмен байланыстыру – дініміздің тынысын тарылтатын жәйт.  Қазіргі таңда әлемді алаңдатып отырған радикализм мен фундаментализм құбылыстарында ішкі мазмұннан көрі сыртқы болмыстың жоғары тұруы, көп жағдайда билік үшін, жаулап алу үшін де пайдаға асқаны тарихтан аян. Шындығында ислам идеялары адамгершілік тәрбиеге қызмет етуі керек. Елбасы Н.Назарбаевтың (25 тамыз, 2014 жыл) Ұлытау жерінде берген сұхбатында: «Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. ...Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек» деп дінді өркендету жолы қайсы деген мәселеде бағыт сілтеді.  

         Сонымен, зайырлылық дегеніміз - діни канондарға құрметпен қарау, діни мәдениетті оқыту, қолдау және мемлекет пен діни бірлестіктер арасында теңдікті сақтау, ғылым мен дінді ымыраластыру жүйесі. Зайырлылықтың түрі көп. Оған идеологиялық, мәдени-әлеуметтік және ағартушылық аспектілер тән.  Сондықтан да оның өзгелерге ұқсамайтын қазақстандық типін, моделін жасау маңызды. Ол үшін зайырлылық руханилықпен ұштасса, байытылса жөн. Мысалы оқу орындарында діншілдіктің емес, құдайшылықтың рухы тамыр жайса игі. Өйткені, құдайшылық пен жоғары руханият егіз ұғымдар.     

Жоғары руханият деген не? Осыған келейік. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов «Жоғары руханият – зайырлы және діни құндылықтар негізі» деген тақырыппен «Егемен Қазақстан» газеті(22 шілде, 2014 ж.) тілшісіне берген сұхбатында дінді руханилендіру қоғамдағы діни ахуалды реттеудің негізгі тетігі дей келе, бұл ойын былайша дамытты: «Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы жоғаланымыз түгенделіп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханилендіру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн».

        Реті келіп тұрған соң, «дінге руханият негізі ретінде қарау», «діннің рухани әлеуетін пайдалану» және «дінді руханилендіру» деген тың ойлардың астарын аша кетпекпіз. Абай атамыз: «Адам екі нәрседен тұрады: бірі – тән, бірі жан», - деген. Кәне тән үшін күніне үш рет тамақтануды кім ұмытсын. Ал, жанымызға да жүйелі нәр, азық керектігі ше? Әлбетте, мұны ескере бермейміз.  Тамақ тоқ, көйлек көк болса болды, бітті деп. Шындығында жан жабырқап, көңіл шіркін пәс болса, ештеңе де ілгері баспайды, ісіміз де көгермек емес. Қайта ұрыс-керіс, жанжал көбейіп, араздыққа, күншілдікке себептер табыла кетпек. Таңның атысы, күннің батысы ойлағаның құр құлқынның қамы болса, жаның ашықпағанда қайтеді. Нәпсі тойымсыздығы жайында:

                                    Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,

                                    Алған сайын дүниеге тоя ма екен?

                                    Қанша тірі жүрсе де, өлген күні

                                    Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен, -

деген данышпан Абайдан артық айта алмасақ керек-ті. Екінші жағынан, жан азығы деген, кейбіреулер ойлайтындай, әлемдік деңгейдегі жылтырауық мәдениет емес. Оның суаты - тек әдебиет пен түрлі өнер өрістері десек те қателікке ұрынамыз. Кәдуілгі адамдардың бірі бірімен сәлемдесуі, сіз-біз деп сыйласып, бірін бірі қонаққа шақырысуы, жасы үлкен адам келе жатқанда, атып тұрып орын беру, қыз-келіншектердің ер адамды кес-кестемей, сызылып жол беруі сияқты көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын әдет-ғұрыптардың күллісі жан азығы болып табылады.Негізінде, махаббат пен әділет бар жерде, өсіп өнбейтін, көгермейтін ештеңе де жоқ. Мінеки, діннің рухани әлеуетін пайдаға асыру деген ой-пайымда осы астар бар. 

Сайып келгенде, руханилық дегеніміз - ұлттық дәстүрдің тамырынан нәр алатын сабақтастық, ата-баба салтымен жұғысты болатын мәдениеттің үлкен қайнар бұлағы. Сондықтан «дінді руханилендіру» тіркесі ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жандандыру, сол арқылы халыққа имандылық тәрбие беру деген мағынаны білдіреді (негізі, дінді руханилендіру, жандандыру, мейлі, реформалау делініп түрліше айтылса да, бұлар ниеті ізгі, мақсаты ортақ әрекеттер. Барлығы жан азығын молайту, имандылықты нығайту, қоғам санасын кемелдендіруді көздейді. Оның «Мәңгілік Ел», «Қазақстан-2050» сияқты стратегиялық мақсат, идеялармен қабыса табысуы осымен өз түсінігін табады). Дінді руханилендіру жайлы берер түсінігіміз әзірге осы.

Тағы бір пысықтай отыралық, жоғары руханият - қоғамда бауырмалдық, жанашырлық, үлкенді сыйлау, ауызбіршілік сияқты адамдық нормаларды қалыптастыру және ғылымды азық қылу. Оның негізі – Құдайға сенім, терең теологиялық таным. Кең мағынасында Аллаға ұнамды істердің бәрі де – құлшылық болып табылады. Хадис-шариф: «Адамның жақсысы – адамдарға, елге пайдасы тигендері» деген.

Бұған дейін мемлекеттің дін саласы саясатында зайырлылыққа, оны діндарлықпен үйлестіру ісіне басымдық берілді (қоғамдық сананың посткеңестік даму сатысында осылай болуы заңды да). Ендігі жерде зайырлылықты руханилықпен байыта дамытқан жөн. Руханилықтың өзегі - имандылық тәрбие мен дәстүрлі құндылықтар синтезі. Бұл діннің тәрбиелік һәм мазмұндық жағына баса мән беру бағыты. Бұл жағдайда дін «әлсіремейді», қайта халық пен діннің арасы жақындай түспекші.

«Түйе үстінде отырып, сирақ үйіткен»-дей болмауы үшін зайырлылық пен руханилықты қосақтап өрістету деген ойымызды тарата отыралық.

Құранда: «Шын мәнінде сен бір ескертушісің. Сондай-ақ, әр елдің де өз шапағатшысы бар» (Рағд сүресі, 7-аят) және «Бір қауым өзін өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді» (сонда, 11-аят) делінген. Бұл аяттар әр елдің, әр ұлттың мәдени-рухани көші ешкімге ұқсамайтын өзіндік соқпақпен өтуі керектігіне меңзейді. Екіншіден, жоғары руханият – қазақ даналары сілтеген бағыт. Дәлелге хакім Абайдың «толық адам», «үш сүю» ілімдерін атасақ та жеткілікті. Аталмыш ілімдер бойынша  Тәңірілік үш сипат (ғылым, мейірім, әділет) барша діндерге, ұлттарға, жалпы адамзатқа ортақ негіздер. Әсілі, адамзат қауымдастығы өркениетке осы үштіктің салтанат құруы арқылы жетті. «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа қол емес», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және Хақ жолы осы деп әділетті». Теңіздей терең жоғары руханият ұғымының мән-мағынасын осылай жеткізеді Абай (данышпан қалыптастырған теология ілімінің негізі де осы концепциялар).

Тағы бір жәйт, жоғарыда айтылғандай, руханилендіру үдерісі дін ғұрыптық, салт-жоралғы қалыбында қалмай, оның адамгершілік, тәрбиелік әлеуеті молынан ашылуына мүмкіндік береді. Мейірім, әділет сезімнің қайнары болу деңгейіне көтерілсе, дініміз исламның қоғамдық сананы толымды ететін, бүкіл қауымның мінезін өзгертетін, Әулие бұлақтың басында Елбасы айтқандай, «Елдің басы біріктіретін» құдіретті күшке айналары сөзсіз. Бізше алдағы уақытта дінді өркендету мен зайырлықты дамытудың сара жолы осы.

        Мінеки, қай қырынан қарасақ та, жоғары руханият ұғымы дін саласындағы арқа тірек концепция болуға сұранып-ақ тұр. Қазақ елі қашанда Батыс пен Шығысты қатар емген ел. Бүгінгі көпұлтты Қазақстан үшін де зайырлылық пен руханилықты қос қанаты қылу заңды дүние, жарасымды құбылыс деген пікірдеміз.

 

Асан Омаров -

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-

зерттеу және талдау орталығының

ғылыми хатшысы

 

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 2168 рет
JoomShaper
Top