«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес салынған тыйымдар

Жұма, 20.04.2018
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес салынған тыйымдар

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тыйым салынады:

 

1) арнайы белгіленбеген орындардан тыс жерлерде дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге;

2) рұқсатсыз қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға;

3) сараптамадан өтпеген діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға;

4) рұқсатсыз ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) белгіленген талаптарды бұзуға;

5) заңды діни қызметке кедергі келтіруге, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзуға немесе олардың діни сезімдерін қорлауға не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге;

6) миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыруға, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуларына;

7) діни бірлестіктің өз жарғысында көзделмеген қызметті жүзеге асыруына; 

8) діни бірлестіктің саяси қызметпен айналысуына, сол сияқты саяси партиялардың қызметіне қатысуына және (немесе) оларға қаржылық қолдау көрсетуіне, мемлекеттік органдардың қызметіне араласуына не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын діни бірлестік мүшелерінің иемденіп алуына;

9) мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, мекемелерде, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құруға;

10) уәкілетті органмен келіспей шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруына, сол сияқты діни бірлестік басшысының кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолданбағанда.

Жоғарыда аталған заңнама талаптарын бұзу, өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабының    1-тармағының 1), 2), 3), 4) тармақшаларын және 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8-тармақтарын бұзу 50 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады.

Сонымен қатар, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабының тармақтарына сәйкес айыппұлмен қатар мынадай әкімшілік шаралар қолданылады:  

1)               әкімшілік айыппұл;

2)               қызметін тоқтату;

3)               қызметіне тыйым салу;

4)               ел аумағынан әкімшілік шығарып жіберу.

Жалпы, елімізде қызмет атқарып отырған діни бірлестіктер мен жеке тұлғалар дін саласындағы заңнамаларды сақтайды. Дегенмен, жекелеген діни бірлестіктердің ұстанушылары тарапынан заңнама талаптарын көре-біле тұра ашық бұзу деректері байқалып тұрады. Мәселен, Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдіктерінің дін істері басқармаларының ақпаратына сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі - Әкімшілік кодекс) 490-бабы бойынша діни қызмет саласында 322 әкімшілік құқық бұзушылық дерек анықталған болса, оның ішінде өңірлердегі ішкі істер органдарымен Әкімшілік кодекстің 489, 462, 453 және 454 баптары бойынша 73 құқықбұзушылық деректері анықталған.

Атап айтқанда:

         Әкімшілік кодекстің 490-бабының 1 бөлігі бойынша, яғни 1) дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу; 2) қайырымдылық қызметті жүзеге асыру; 3) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) тарату; 4) Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) белгіленген талаптарды бұзуға қатысты 167 дерек анықталған.

         Әкімшілік кодекстің 490-бабының 2 бөлігі, яғни заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру (егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса) бойынша 24 дерек анықталған.

         Әкімшілік кодекстің 490-бабының 3 бөлігі, яғни миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуы бойынша 46 дерек анықталған.

         Әкімшілік кодексінің 490-бабының 7 бөлігі, яғни уәкілетті органмен келіспей шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруы, сол сияқты діни бірлестік басшысының кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолданбауы бойынша               8 дерек анықталған.

         Әкімшілік кодекстің 490-бабының 8 бөлігі, яғни осы баптың бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздіктер) бойынша 4 дерек анықталған.

         Анықталған заң бұзушылық деректері бойынша 322 заңды және жеке тұлғалар 20 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қолданумен жауапкершілікке тартылды.

        

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 848 рет
JoomShaper
Top