Қазіргі заманғы құқықтық мемлекет пен діни бірлестіктер қарым-қатынасының негізгі үлгілері

Сенбі, 30.08.2014

Қазіргі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде құқықтану мен дінтану ғылымдарының күрделі категорияларының бірі – зайырлық. Зайырлық принципі қазіргі заманғы көптеген елдердің құқықтық мемлекеттердің ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты принциптерінің бірі болып табылады. Соған қарамастан зайырлық жан-жақты толық анықталмаған ұғым. Осы ұғымның мазмұндық мағынасының айқындалмағаны әртүрлі пікір-таластарға әкеп соғады. Біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде «зайырлық» пен «дінилік» үғымдарының арақатынасы маңызды.

 Ресей зерттеушісі И.В. Понкин атап көрсеткендей, зайырлық термині мемлекет пен діни бірлестіктер арақатынасына қатысты көп қолданылады. Мемлекеттің зайырлы сипаты, мемлекеттік және муниципальдық білім берудің зайырлы мазмұны туралы қоғамдық және ғылыми пікір-таластар қарама-қарсы көзқарастардың бар екенін көрсетеді [1].

Біреулер зайырлықты мемлекеттің діннен бөлінгенін, соған сай мемлекеттік қызмет пен білім берудің діни нышандар мен мазмұннан еркін екенін алға тартады. Басқалары зайырлықты азаматтардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде діни бостандықтарын қамтамасыз ету ретінде бағалайды. Мемлекеттің зайырлы сипатын түсіндірудегі осындай алуан түрлілік зайырлық ұғымының сырт қарағандағы анықтылығының түптеп келгенде соншалықты күрделі екенін аңғартады. Біз зайырлылықтың күрделі ұғым екенін ескере отырып, оны бірнеше аспектіде қарастыруға болатынын алға тартамыз.

Біріншіден, дүниетанымдық тұрғыдан, зайырлық діни дүниетанымнан өзгеше принциптер мен ұстанымдарға негізделетін көзқарастар жүйесі. Бұл тұрғыда зайырлы дүниетанымның қалыптасуында ғылыми білімдер жүйесі маңызды рөл атқаруы мүмкін. Алайда, ғылыми таным зайырлы дүниетанымның маңызды элементі болғанымен, оның мазмұнын толық қамтымайды.

Екіншіден, зайырлық ерекше құндылықтар жүйесі ретінде де қарастылуы мүмкін. Зайырлық мәдени құндылықты феномен ретінде ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды.

Үшіншіден, саяси-құқықтық тұрғыдан, зайырлық мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік дүниетанымның және басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.

Зайырлы мемлекет еуропалық өркениеттің жаңа заманғы туындысы. Оның негізінде екі үдеріс жатты. Біріншісі – секуляризация, екіншісі – еуропалық Қайта өркендеудің басты идеясы – гуманизм және антропоцентризм. Еуропалық адамның санасында төңкеріс жасаған бұл идея Қайта өркендеу дәуірінің атақты ойшылдарының бірі Пико делла Мирандолланың «Адамның абыройы туралы сөздер» еңбегіндегі: «Басқа жаратылғандардың бейнелері біз белгілеген заңдар шектерімен айқындалады. Ал, сен Адам, ешқандай шектермен қысылған жоқсың, сен өз бейнеңді өзің шешесің. Мен сені әлемде не барлығын ыңғайлы бағдарлау үшін дүниенің ортасына қоямын» деген көзқарасында айқын көрініс тапты [2]Яғни өз тағдырын өзі айқындау адамға Жаратушыдан берілген сый. Бұл идея Жаңа заман ойшылдары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Монтескье, Гоббс, Локк, Кант, Дидро, Руссо, Вольтер сияқты ойшылдар діннің әлеуметтік табиғатын ашып, оның тылсым дүниемен емес, қоғамдық өмірдегі қызметі мен маңызын талдауды мақсат етті.

Зайырлы мемлекет идеясы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам тұжырымдары аясында кеңінен қарастырылды. Буржуазиялық мемлекет бірінші кезекте, өз азаматтары арасында тағаттылық пен тыныштықты қамтамасыз етуге мүдделі еді. Себебі, экономикалық жетістікке тек қоғамдық келісім мен бейбітшілік жағдайында ғана қол жеткізу мүмкін болды. Сонымен қатар, Еуропа елдерінде осындай көзқарастарды негіздейтін дүниетаным түрі де қалыптасты. Ол деизм деген атауға ие болды. Бұл дүниетаным табиғат пен әлем Құдайдың туындысы, яғни оның жасампаздық әрекетінің салдары болғанымен, Құдай әрдайым оның ішкі заңдылықтарына араласпайды. Бұл жаратылған дүние жаратылыс актісінен кейін өз заңдылықтарына сай дамиды дегенді білдіреді.

Еуропалық Жаңа заман ойшылдары діннің мемлекет істері мен саясаттағы ықпалын шектеуді қолдағанымен, оның қоғамдық өмір үшін қажеттілігін теріске шығармады. Шарль Луи Монтескье «Құдіретті және адами заңдар» туралы жаза келіп, «Дегенмен, қоғам үшін тұрақты бір нәрсенің болғаны қажет; тұрлаусыз дүниенің бір тұрағы – дін» деп атап көрсетеді [3].

Қазіргі позитивизмнің негізін О.Конт діннің құлдырауы әлеуметтік қатынастардың ыдырауы қауыпын туғызатынын айтып кеткен еді. Алайда, позитивистік рухта ол болашақта діннің орнын ғылым басады, сондықтан дінге деген қажеттілікте жойылады деген көзқараста болды. Бірақ өмір ағымы О.Конттың алғашқы айтылған қауыпының шындыққа жақындығын айғақтаса, ғылымға деген үмітінің орындалмағанын аңғартты.

Неміс классикалық философиясының негізін салушы И. Кантта теориялық тұрғыдан Құдай идеясын рационалды танудың мүмкін еместігін алға тартқанымен, практикалық тұрғыдан, яғни қоғамдық өмір үшін діннің қажеттілігін мойындайды. Сонымен қатар, Кант этикалық қауымдастық пен саяси қауымдастықты ажыратады. Этикалық қауымдастық игілік заңдылықтарына мойынсұнса, саяси қауымдастық көпшілік құқықтық заңдарына бағынады. Бірінші жағдайда, адам игілік заңдылықтарына мойынсұнуды ерікті түрде таңдаса, екінші жағдайда мәжбүрлеу орын алады. Кант адам статусарлық және моральдық сенім мен дінді ажырата отырып, адамның сенім мен дінге мәжбүрлеудің немесе дәстүрдің ықпалымен емес, моральдық таным негізінде келгенін қалайды. 

Сөйтіп, ХҮІІІ ғасырдың басында зайырлы мемлекет тұжырымдамасының алғышарттары қалыптасты. Адамдардың табиғатынан туындайтын құқықтары мен бостандықтары және сондай-ақ міндеттемелері болады, олар қоғамдық заңдардың мәні мен мазмұнын, сипатын анықтайды. Зайырлы мемлекеттің конституциялық нормалары мен заңдары діни негіздеуді қажет етпейді. Зайырлы мемлекет ар-ұждан және діни наным-сенім бостандығы принципіне сәйкес азаматтарының діни тиесілігіне немесе дүниетанымдық ерекшелігіне қарамастан қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуын қамтамасыз етеді.

Алайда, бұл мұраттар Еуропа елдерінің заңнамалық актілерінде бірден көрініс таба қойған жоқ. Идея мен оның әлеумттік шындықта енуінің арасында ұзақ жылдар мен бірнеше ғасырлар жатты. Қазіргі халықаралық құқықта қалыптасқан діни наным-сенім бостандығының либеральдық түсінігі – батыс елдерінің мемлекеттік-құқықтық эволюциясының ұзақ дамуының нәтижесі. Өз мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін басшылыққа алған бірқатар елдер өз заңнамаларында діни наным-сенім бостандығына белгілі бір шектеулер қойып келді. Мәселен, 1689 жылы тағаттылық туралы Актіні қабылдаған Ұлыбританияда католиктердің діни наным-сенімдері мен азаматтық құқықтары 1832 жылға дейін шектеліп келді, тек 1974 жылы ғана католицизмді ұстанатын тұлғалар жоғарғы мемлекеттік лауазымдарға тағайындалу құқына ие болды. Ал Испаниядағы католик емес испандықтарға қойылған діни наным-сенім шектеулері Франко қайтыс болғаннан соң, 1975 жылы ғана алынып тасталды [4].

Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісіне сәйкес, мемлекет діннен ажыратылған, екіншісінде мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі. Мемлекеттік мәртебесіне ие болған дінге (конфессияға немесе діни ұйым) бірқатар ерекшеліктер тән. Мәселен, мұндай дін меншік иелену немесе заңды тұлға құқына ие, сонымен қатар, мемлекет дінге қаржылық немесе басқада материалдық қолдау көрсетеді, дінге бірқатар заңды өкілеттіліктен беріледі (неке қию, азаматтық хал-жағдайды тіркеу және т.б.), жастар мен балаларды тәрбиелеу ісіне белсенді араласу, кейбір елдерде діни қызметкерлер саясатқа араласу мүмкіндігіне ие болады.

Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес, мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды. Мұндай қатынас түрін сепарационалдық деп атайды. Ресей зерттеушілерінің пайымдауынша, бұл қатынас түрі АҚШ-тың заңнамаларында баянды көрініс тапқан.

Діни қатынастарды құқықтық реттеудің екінші түрі Еуропа елдерінде кең таралаған. Оны дифференциациялық түрі деп атайды. Бұл мемлекеттің діни бірлестіктерге қатынасының әртүрлілігін қамтиды. Еуропалық үлгіде адамның наным-сенім бостандықтарына шектеу қойылмайды, алайда мемлекеттегі діни бірлестіктердің мәртебесі бірдей емес. Діни бірлестіктердің мәртебесін реттеудің дифференциациялық түрі мемлекет пен конфессиялық қарым-қатынастың кооперациялық үлгісінің қалыптасуына негіз болады. Зерттеушілер осы үлгінің аясында діни бірлестіктердің құқықтық қалпының үш түрі болатынын атап көрсетеді. Олар: мемлекеттік конфессия мәртебесі, келісімді (консенсуалды) мәртебе және ресми танылған конфессия мәртебесі. 

Қазіргі уақытта мемлекеттік дін мәртебесі тек бірнеше Еуропа елдерінде ғана сақталып қалды. Мемлекет пен конфессиялық қарым-қатынастың кооперациялық үлгісіне сай мемлекет пен діни бірлестіктер екі жақты келісім шарт негізінде өзара әрекеттеседі. Бұл келісім шартта тараптардың барлық құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Осындай келісім шарт негізінде діни бірлестіктердің қоғамдық қатынастарға араласуының құқықтық ауқымы анықталады.

Мемлекет пен конфессиялық келісімдердің ішінде қарым-қатынастарды кең ауқымды реттейтін кодификациялық келісімдер мен жеке мәселелерді реттейтін келісімдер ажыратуға болады. Кодификацияланған келісімнің кең таралған үлгісі конкордат. Ол католиктік шіркеу мен тұрғындарының басым көпшілігі католиктер болып табылатын елдермен жасалады. Италия және Испания мемлекеттері мен Рим католиктік шіркеуі арасында осындай келісімдер бар. Алайда шіркеу мен мемлекет арасындағы мұндай келісімдер басқа діни бірлестіктермен, діни аз топтармен келісім жасауға кедергі келтірмейді.

Мемлекет пен конфессиялық қарым-қатынастың кооперациялық үлгісінің тағы көрінісі ресми танылған (дәстүрлі) дін мәртебесін беру. Белгілі бір конфессияны дәстүрлі деп тану оның осы елді мекендейтін халықтың рухани өміріндегі тарихи-мәдени маңызын мойындаумен байланысты.  Бұл осындай діни ұйымдарға қосымша құқықтар беретін мемлекеттік заңнамада көрініс береді. Алайда, дәстүрлі дін мәртебесінің нақты мазмұны әр елде әртүрлі болуы мүмкін. Кей жағдайда, бұл заң нормасы орын алған жағдайды сипаттаумен ғана шектеледі. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңына» сай «халықтың мәдениеті мен діни өмірін дамытуда ханафи бағытындағы ислам және православтық христиан діндерінің тарихи рөлін танитыны»  аталып көрсетілгенімен, бұл конфессияларға ешқандай ерекше құқықтар берілмеген. 

Бірақ кейбір елдерде дәстүрлі діндерді бөліп қарастыратын заң актілерінде оның құқық салдарлары жан-жақты қарастырылған.  Литва Республикасының «Діни қауымдар мен қауымдастықтар»  туралы заңы мемлекеттегі тоғыз қауымдар мен қауымдастықтарды дәстүрлі деп таниды.

Діндерді дәстүрлі және дәстүрлі емес деп бөлу олардың мемлекеттегі құқықтық мәртебесін және оларға деген қарым-қатынасты анықтайды. Кейбір елдерде тек дәстүрлі деп танылған конфессиялар ғана ғибадатханалар мен ғимраттар сала алады. Сонымен қатар діни бірлестіктер мәселен, Литва Республикасының заңнамаларына сай тек тіркелгеннен жиырма бес жыл өткеннен соң ғана мәртебесін өзгерту немесе дәстүрлі конфессия мәртебесін алуға өтініш бере алады, егер діни ұйымның бұл өтініші қанағаттандырылмаса он жылдан соң ғана қайтара өтініш түсіреді.

Бельгия корольдігінің конституциясына сәйкес алты деноминация жоғарыда аталған мәртебеге ие. Олардың қатарына католицизм, ағылшын шіркеуі, протестантизм (басқа протестанттық ағымдар), православие (гректік және орыс православтық шіркеу), иудаизм мен ислам кіреді. Аталған конфессиялардың дін қызметкерлері мемлекет тарапынан жалақы және зейнетақы алады.

Жоғарыда айтылғандардан байқайтынымыз, зайырлы мемлекеттерде діннің қоғамдағы мәртебесі заңнамалық негізде бекітілген. Мемлекет пен дін құрылымдары қоғамдағы орны олардың мәні мен мақсатына сай айқындалады. Осы тұрғыда көрнекті орыс ойшылы И.А. Ильиннің дін мен мемлекеттің арақатынасына қатысты: «Шіркеу мен мемлекет өзінің нақтылығы, рухы, мәртебесі, мақсаты мен әрекет ету тәсілдері бойынша бір-біріне жат. Шіркеудің құдіреті мен беделін өзіне таңуға талпынған мемлекет құлақ естімеген қорлыққа, күнә мен пасықтыққа жол ашады. Өзіне мемлекеттің билігі мен күш-қуатын таңуға талпынған шіркеу абыройын жоғалтып, өз мақсатынан таяды. Шіркеу сенімді орнату үшін де, діннен безген пасық пен залымды жазалау үшін де, соғыс үшін де қолына қару алмауы керек... Бұл тұрғыда шіркеу саясаттан тыс, саясаттың мақсаты оның мақсаты емес, саясаттың құралы оның құралы емес, саясаттың мәртебесі оның мәртебесі емес» деген орынды ой айтады.

Алайда мемлекет пен діннің ортақ мақсаты – адам абыройын, ар-намысын сақтау, адамгершілік нормаларының қоғамдық сана мен болмыста терең тамыр алуының алғышарттарына негіз қалау. Адамгершіліктің асыл мұраты алдымен діни қағидаттарда, кейіннен заң нормаларында көрініс тапқаны белгілі. Моральдық-этикалық ұстанымдар – діннің ажырамас бір бөлігі. Діни канондар жинағы (қасиетті ұстанымдар, ережелер) адамзат дамуының алғашқы кезеңінен бастап қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі жүйе болды. Әлемдік діндер – иудаизм, христианшылдық, буддизм, ислам қоғамның рухани және адамгершілік өміріне ғана емес, сондай-ақ құқықтық жүйелерінің дамуына да зор үлес косты. Мысалы, христиан діні, христианшылдықтың діни моральдық канондары ұзақ уақыт бойы әлем халықтарының бір бөлігінің  қоғамдық өміріне зор ықпал етті.

Библия, Құран, Талмуд сияқты қасиетті кітаптарда діни қағидаттармен қатар жалпы адамгершілік нормалары да көрініс тапқан. Мысалы, Библиядағы Мұса уағызындағы өсиеттерде адамдардың тұрмысына қатысты қабылданған адамгершілік нормалары мен талаптары жөнінде айтылады. «Мұса заңдарында» алты күн көлемінде еңбектеніп, жетінші күні демалудың қажеттілігі, сондай-ақ ата-ананы құрметтеу, кісі өлтіруге, ұрлық жасауға, жалған куәгерлікке тыйым салу, көре алмаушылықты айыптау талаптары белгіленген.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметінде реттеп отырады. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген.

Көріп отырағанымыздай, зиялылық түсінігінің ауқымы кең. Зиялылық пен мемлекеттің зиялы сипаты дінді теріске шығармайды. Қазіргі заманғы зиялылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зиялылық діни дүниетаным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Зиялылық әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Ал зиялы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Мемлекеттің зиялы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Сұхбатқа, өзараынтымақтастық пен түсіністікке негізделетін зиялылық және заңдылық пен құқыққа негізделетін зайырлы мемлекеттілік аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады.

Қазіргі уақытта діни қатынастар саласындағы маңызды мәселелердің бірі – толеранттылық принциптерін қоғамдық өмір тәжірибесіне кеңінен енгізу. Толеранттылық ағылшын тілінде басқаны қарсылықсыз қабылдауға қабілеттілік пен дайындықты білдірсе, француз тілінде басқаның бостандығын, оның ойлау мәнерін, жүріс-тұрысын, саяси және діни көзқарастарын құрметтеу дегенді аңғартады. Толеранттылық шығыс елдерінде басқаға мейірімділік таныту, кешірімді болу, жаны ашу мағынасында қолданылады. Толеранттылықтың шығыстық түсінігі қазақ халқына да тән. Қазір күні ана тілімізде толеранттылықтың синонимі ретінде тағаттылық, төзімділік сөздері қолданылып жүр. Біздің пайымдауымызша, толеранттылық сабырлық сақтау, сабырлық тану ұғымына да жақын тәрізді. Сабыр өмірде кездесетін қиыншылықтардан мойымауды ғана емес, өзгенің өзіндігін, яғни оның сенің құндылықтарың мен түсініктеріңе сәйкес келмейтін ұстанымдарына да салқын қандылық танытуды білдіреді. Әрине, толеранттылық басқаның шектен шығуына үнемі төзуді, бейжай қарау дегендік емес. Яғни, екі жақта белгілі бір шектен аспауы керек. Толерантты болу – барлық адамдарға ортақ бір принциптерді басшылыққа алу, жүріс-тұрыста, көзқарасты байқатуда белгілі бір әдептілікті сақтау, адамдардың намысына, ар-ожданына нұқсан тигізбеу. Жоғарыдан байқағанымыздай, әлем халықтарының тілдерінде толеранттылық ұғымының мағынасы өте ұқсас және сабырлы, тағатты болу дегенді білдіреді. Ал басқаның өзіндік болмысын, ерекшелігін мойындау және осы ерекше сипатына деген құқына нұқсан келтірмеу толерантылықтың негізі болып табылады. Толеранттылық адамның басқа мәдениет, ұлт, дін, әлеуметтік топ өкілдерімен тіл табысуға, өзара түсіністікке психологиялық тұрғыдан дайын болуы. Әрине, ғасырлар бойы қалыптасқан таптауырынды ойлардан, жүріс-тұрыстан, бойға сіңген әдеттерден бір күнде арыла алмасымыз белгілі. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қоғам толеранттылық бағытында үлкен істерді жүзеге асыруы қажет.

Толеранттылық сана мен мәдениет қазіргі Қазақстан қоғамы үшін маңызды әлеуметтік құндылыққа айналуы қажет. Бұл сана мен мәдениетті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары мен білім беру саласы алдыңғы қатарда тұратыны анық. Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық құжаттарында атап көрсетілгендей, «қазақстан мемлекетінің мәдени саясатының басым бағыттарының бірі – ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын игеруге бағытталған білім беру мен тәрбиелеу жүйесін дамыту, азаматтардың осы салалардағы мүмкіндіктері мен құқыларының теңдігі» [5].

Қорыта айтқанда, Қазақстан қоғамында, әсіресе жастар арасында діни толеранттылықты, толерантты әдеп пен мәдениетті қалыптастыруда жоғарыда аталған мемлекет пен діни бірлестіктер арақатынасының құқықтық және әлеуметтік аспектілерін де естен шығармауымыз керек. Әрбір діннің өзіне тән ерекшеліктерін, сенім негіздері мен ғибадаттық мәнін терең түсіну діндарлар арасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді деген сенімдеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Понкин И.В. Светскость государства. – M. 2004, 10 б.

2. История эстетической мысли. – М., 1985. 149-150 б.

3. Монтескье Ш. Заңдар рухы туралы / ауд. А. Құлсариева. – Алматы: Үш Қиян, 2004.-532 б.

4. Религия и закон: Конституционно-правовые основы свободы совести, вероисповедания и деятельности религиозных организации: Сборник правовых актов. М.,Институт религии и права, 1996. 29 б.

5.Формирование толерантного сознания в современном казахстанском обществе. Алматы, 2009. 242 б.

6. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңы». 11- қазан 2011.

Қазақстан дінтанушыларының Үшінші Форумы материалдарының жинағы. – Астана, 2013 ж.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 5839 рет
JoomShaper
Top