Кәусар тамшысы немесе Пайғамбарға тіл тигізу

Сейсенбі, 12.12.2017
Кәусар тамшысы немесе Пайғамбарға тіл тигізу

Құран Кәрім аяттарындағы шешендік сөз өнерінің шыңы. Өйткені, ол сөздің Иесі – Хақ Тағала. Алла сөзі қиямет күніне дейін адамзат баласы естіп-оқи алатын ғажайыптарына куә болатын мұғжиза.

Құрандағы жүз он төрт сүренің ең қысқасы – Кәусар сүресі. Үш аяттан тұратын Кәусар сүресі Меккеде түскен. Муслим кітабында Анас бин Маликтен (р.а.) мынадай әңгіме жеткен: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бізбен бірге мешітте отырған еді. Аз уақыт қалғып кетті де, сәлден соң күлімсіреп басын көтерді. Біз: «Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Сізді не нәрсе күлдіртті?»,-дедік. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Маған жаңа ғана бір сүре назыл болды, бисмиллаһ деп «Кәусарды» оқып берді. Соңыра: «Кәусардың не екенін білесіңдер ме?»,-деп сұрады. Біз: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі»,-дедік. Ол: «Алла Тағала маған уәде еткен жәннаттағы өзен. Онда көп жақсылық бар. Қиямет күні менің үмбетім келетін хауыз. Оның ыдысы аспандағы жұлдыздың санындай көп...»,-делінген.

Абдулла ибн Омар (р.а.) арқылы жеткен риуаятта: «Менің хаузым бір ай жүретін қашықтықтай ұзын, екі жағасы да тең, суы сүттен ақ, исі мисктен де қош иісті, ыдыстары аспан жұлдыздарынан да көп. Кімде-кім одан ішер болса, ешқашан шөлдемейді (шөлдің не екенін ұмытады)»,-деген екен. Тәпсірші Нафаси еңбегінде: «Кәусар – жәннаттағы балдан тәтті, сүттен ақ, қардан салқын, қаймақтан жұмсақ өзен. Екі жағасы зүбәржад, ыдысы күмістен»,-деп айтылған.

Аталмыш сүре: «Расында дұшпаныңның өзі ұрпақсыз қалады»,-деп тәмамдалады. Ибн Касир тәпсірінде: «Мұхаммед! Саған ашуланушы және сен әкелген ақиқат жолына ашуланушы адам ең ұрпағы аз, ең қор және аты өшуші»,-деп талдайды. Ибн Аббас пен Мужаһид: «Бұл аят Ъас бин Уаилге қатысты түскен, десе Язид бин Руман: Ъас бин Уаил Алла елшісі (с.ғ.с.) аты аталса «қойыңдаршы соны, ол ұрпағы жоқ адам, егер қайтыс болса аты өшеді»,-дейді екен. Сонда осы аят түскен»,-деседі. Бір риуаяттарда: «Ъуқба бин Муъитқа қатысты десе, Ато: «Бұл аят Әбу Ләһаб жайында түскен. Өйткен Алла елшісінің (с.ғ.с.) ұлы шетінеген кезде Әбу Ләһаб мүшриктерге барып: «Бүгін түнде Мұхаммед ұрпақсыз қалды»,-деп айтады. Сонда осы аят түскен екен. Ал, Ибн Аббас (р.а.): «Әбу Жаһилге қатысты түскен»,-деген.

Демек, бұл аят аты аталған және аталмаған бірақ осы сипаттағы барлық адамға қатысты аят. Демек, пайғамбар заманындағы аты аталған мүшриктерден бөлек қай заманда болмасын пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тіл тигізетін пасықтың ұрпағы жойлады және аты өшеді.

Ал, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аты қиямет күніне дейін ел аузында болмақ. Әрбір мұсылман баласы дұғасын салауатпен бастап, тілегінен кейін тағы салауат айтып бет сипайды. Ғалым да өз еңбегін Алла Тағалаға мадақ және пайғамбарға салауат айтумен бастайды. Мінберге шыққан имам да салауат айтып барып, шариғат тәртібін түсіндіреді. Имам Насафи тәпсірінде бұл аятты: «Сені ашуландырған адам, барлық жақсылық атаулыдан мақұрым қалмақ. Өйткені, қиямет күніне дейін дүниеге келетін мұсылманның барлығы саған перзент және сенің ісіңді жалғастырушы. Сенің есімің қиямет күніне дейін әрбір ғалым мен зікір етуішінің тілімен мінберлерден айтылады. Әуелі Алла Тағала тілге алынады сосын, сенің есіміңе салауат айтылады. Саған қияметте тілмен айтып жеткізе алмайтын сый-сияпат беріледі. Сендей кісіге ұрпақсыз деуге болмайды. Саған тіл тигізген адамның өзі бұ дүние және ақыретте ұмыт қалатын, тізесіз құшақтаған қу бас, ұрпақсыз»,-деп түсіндірген. Міне, Құранның мұғжизасы. Бір аят астарында жатқан иләһи қазына.

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 487 рет
JoomShaper
Top