Сүннетті салт еткенге тәкаппарлық жараспас

Жұма, 08.12.2017
Сүннетті салт еткенге тәкаппарлық жараспас

Атам қазақ:

Еңкейгенге еңкей,

Атаңның қара құлы емес.

Шалқайғанға шалқай,

Пайғамбардың ұлы емес, - дегендей кішіпейілділік – тәкаппарлық пен дәрменсіздік қақ ортасындағы алтынға бермес асыл мінез. Аты айтып тұрғандай, бұл өзін басқадан үлкен санамайтын, «ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы ұстанған адамның пейілі. Бірақ, кішіпейіл айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін біреу емес.

Лұқман Хәкім баласына тәрбие бастауын насихат етіп, айтқан сөзінде: «...Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу зор зұлымдық...[1]» деп бастап, соңында «Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да, даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің даусы[2]», - деген.

Ибн Мажаһ хадис жинағында мынадай риуаят бар. Алла елшісінің (с.ғ.с.) құзырына келген бір кісі пайғамбар сұсынан секем алып, қобалжи түседі. Сонда ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Қобалжыма! Мен патша емеспін. Шын мәнінде, мен кепкен ет жейтін құрайыш әйелінің баласымын», - деп кішіпейілділік көрсеткен. Қадірлі Пайғамбар (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Мен құл пайғамбар немесе пайғамбар патша болуды таңдауға, Алла Тағала тарапынан, әмір етілдім. Мен құл пайғамбарлықты таңдадым»,-деген екен.

Табиғин ғұлама, қази Ъияд (р.а.) осы хадис жайлы өзінің «Шифа» кітабында: «Қиямет күні сырнай үрлейтін Исрафил (ғ.с.) періште Пайғамбардың бұл таңдауын естіп: «Расында Алла Тағала осы кішіпейілдігіңіз үшін сізді қиямет күні адам баласының төресі етті. Және де ең бірінші жер жаратылып қабірден шығатын кісі әрі әуел болып шапағат ететін адам да сіз болдыңыз», - деп айтқан екен.

Қарап тұрсаңыз, кішіпейілділік – бекзаттық. Текті адамға ғана тән қасиет. Қазіргі таңда, біздің қоғам үшін кішіпейілділік аса қажет. Күнделікті қарым-қатынасымызда кішіпейілділік азаюы себепті немқұрайлық пен тәкаппарлықтың басым болмақта. Кез-келген қоғамдық жерде мансапты немесе қалталы азаматтардан басқаларға менсінбей, мұрнын шүйіре қарау әдетке айналып үлгерді. «Тағлимул мутаъаллим» кітабында кішіпейілділік жайлы:

«Расында кішіпейілділік тақуаның мінезі,

Кішіпейілділікпен тақуа шығар тау шыңына», - деген өлең жолы бар.

Иә, кішіпейілділік нағыз діндар жанның мінезі. Өйткені, бойына имани тағлым сіңген адам ғана жемісі көп ағаш сияқты жерге дейін иіле алады.

Бүгінде, «пайғамбарымыздың хақ жолындамыз» деп кеуде соғып ұрандатып жүрген бағзы жастар кішіпейілділікті күнәға балайды. Олар үлкенге орыннан тұрып сәлем беруді, қолды кеудеге қойып бас иіп амандасуды немесе қос қолды беріп құрмет көрсету сияқты салтымызға сүннет арқылы сіңген ғұрпымызды Алла Тағалаға серік қосу деп түсінеді. Өзге тұрмақ, өз ата-анасына түрегеп сәлем беру оларға жат көрінеді. Жастардың осындай амалдардан сақтанамыз деп тәкаппарлыққа бір табан жақындап кететін кездері аз емес. Сөз соңында, кішіпейілділік пайғамбар мінезі екенін ұмытпайық дегім келеді.

 

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы



[1] Лұқман сүресі, 13-аят

[2] Лұқман сүресі, 18-19 аяттар

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 230 рет
JoomShaper
Top