Діни сауаттылық – діни қауіпсіздігіміздің басты кепілі

Сейсенбі, 14.11.2017
Діни сауаттылық – діни қауіпсіздігіміздің басты кепілі

Үкіметіміз еліміздегі діни ахуалды реттеуді одан ары қарай дамыту үшін бірқатар заңнамаларымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қолға алғаны көпшілікке белгілі. Қоғамның қызу талқысына түскен низам жобасының әдепкідегі нобайына бірқатар ұсыныстар енгізілді. Соның бірі – ҚМДБ-ға қарасты мешіттердің неке қиюға қатысты функциясы және діни білім беру жүйесі, оның ішінде мешіттердегі сауат ашу курстарына қатысты тұстары десек, сірә қателеспейміз деп ойлаймын.

Біз әсіредіншілдіктің алдын алу үшін халықтың ортадоксалді діни танымының қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Діни радикализмге қарсы тұратын имунитет қалыптастыру үшін ең алдымен отандастарымыз дұрыс діни мәлімет пен білім алуы тиіс. Қазір елімізде исламдық бағыттағы көшбасшы ұйым  –  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты  2500-ден астам мешіт жұмыс істейді. Бұл мешіттердегі сауат ашу курстарында жамағатқа тұрақты түрде ақида, фиқһ, сира, хадис, тәпсір, араб тілі пәндерінен сабақтар жүргізіледі.

ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен бірнеше жылдан бері мешіттерде мектеп жасындағы оқушыларға жазғы сауат ашу курстары жұмыс істеп келеді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, еліміздегі мешіттердің сауат ашу курстарында мектеп жасындағы 10000-нан астам оқушы діни білім алып, арнайы сертификатқа ие болған. Елімізде исламтанушыларды дайындайтын Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты, Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығы, арнаулы орта оқуына теңестірілген имамдар дайындайтын 9 медресе-колледж, 3 қарилар дайындау орталықтары бар.

Бұл діни білім беру жүйесі еліміздегі мешіттердегі кадр тапшылығын шешуге оң ықпалын тигізуде. Бір сөзбен айтқанда, елімізде мектеп жасындағы жеткіншектер мен өзге де азаматтардың діни сауатын ашатын, жасөспірімдерге арнаулы діни білім беретін, сондай-ақ, бакалавриат, магистр, PhD доктор исламтанушы мамандарды дайындайтын отандық діни білім беру жүйесі қалыптасқан. Бұдан басқа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Түркістандағы ХҚТУ, Шет тілдері және іскерлік қарьера университеті, Қарағанды мемлекеттік университеттерінде дінтану факультеттері мен бөлімдері жұмыс істейді.

Аталмыш жоғары оқу орындарын тәмамдаған азаматтар негізінен педагогикалық және діни сарапшылық қызметтер атқарады. Аталмыш жоғары оқу орындарында дінтанушы бакалавриат, дінтанушы магистр, дінтанушы PhD доктор дайындайтын кешенді жүйе қалыптасқан. Діни ақпаратпен қамтамасыз ететін «Ислам және Өркениет» газеті, «Иман», «Шапағат-Нұр», «Мұсылман» т.б. мерзімді басылымдар шығады. Сондай-ақ, ғаламторда 100-ге жуық діни сайттар жұмыс істеуде. Өткен жылдан бастап діни радикализммен белсенді түрде күрес жүргізу үшін республикалық ақпараттық насихат тобы құрылды. Яғни, медреселер мен жоғары оқу орындарындағы дінтану және исламтану бөлімдері, діни мәлімет беретін ақпарат көздері т.б құрылымдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып халықтың ортадоксальді діни танымының қалыптасуына бірлесіп жұмыс жасаса, бұл үлкен қосын – әсіредіншілдіктің толықтай алдын алған болар еді деп ойлаймыз.

Тағы бір айта кететін жаңалық, биыл Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен облыстық «Халифа Алтай» мешітінде имамдарды қайта даярлайтын үш айлық курс ашылды. Курс дәрістерін елімізге белгілі ғалым-теологтар мен білікті ұстаздар жүргізді. Қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысының 75 азаматы имамдарды қайта даярлау курсын тәмамдап, арнайы сертификатқа ие болды. Қазіргі уақытта имамдарды қайта даярлау курсының екінші легі оқу үстінде.

Әлбетте, бұл игі іс аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлының асыл дінімізге деген оң көзқарасы мен қамқорлығының арқасында жүзеге асуда.      Халықтың ортадоксальді діни танымы орнығу үшін аталмыш күштердің үйлесімді жұмыс жасауына, әсіресе, әсіредіншілдікке қарсы белсенді күрес жүргізіп отырған мешіт қызметкерлерінің қоғамдық рөлінің артуына мемлекетпен бірлесе ықпал етуіміз керек. Сонымен қатар, Ислам дінінің  тафсир, хадис, фикһ, ақида, ислам тарихы, ислам философиясы секілді іргелі пәндерін тереңдетіп түсіндіріп беретін оқулықтар шығару үшін Ислам зерттеу орталығын ашсақ құба-құп.

Өйткені, біз әсіредіншілдікті насихаттайтын өнімдерді тәркілеп және теріс мәлімет тарататын ақпарат көздерін бұғаттаумен діни радикализмді түбегейлі жеңе алмаймыз. Яғни, ортадоксальді діни таным қалыптастыру үшін жұртшылыққа діни мәлімет пен білім берудің баламалы көздерін қарастыруымыз шарт. 

 

 Ермек МҰҚАТАЙ,

ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,

облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы

 

 

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 149 рет
JoomShaper
Top