Қауға сақал мен қысқа балақтан құтыламыз ба?

Сенбі, 11.11.2017
Қауға сақал мен қысқа балақтан құтыламыз ба?

Қысқа балақ пен қауға сақалға тыйым салынады деген қауесет распа? Паранжа мен никаб секілді киімдерді қоғамдық орындарда киюге заңнамалық түрде тыйым салу қаншалықты тиімді болады?

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде дін саласындағы қоғамдық санаға қатысты бірқатар шешімін табуды қажет ететін мәселелерді атап көрсеткені белгілі. Соңғы кездері қазақстандық қоғамды кейбір жастардың өз халқының рухани дәстүрлерін білмей-ақ, өздерінің жақын адамдарын, тіпті ата-аналарына да үйретуге тырысып, өздерін ислам бойынша білгір мамандар деп мәлімдеуі алаңдатуда.Олардың кейбіреулері шетелдік діни уағызшылардың кеңесіне құлақ асып, халқымыздың дәстүрлі діни ұстанымына жат ағымдардың жетегінде кете бастады.

Негізінен, мұндай азаматтар діннің сыртқы келбетіне көбірек көңіл бөледі. Кейбір жігіттер өздерінің сақалдарын бей-берекет өсіріп, қысқа балақ шалбар киеді, қыздар денесін толығымен жабатын қара киімдерді таңдайды. Діннің сыртқы атрибуттарын қолданып, олар қоғамның арасына үрей мен алаңдаушылық туғызуда және өзгелерге шынайы ислам діні туралы қате түсініктерді күштеп таңуда. Бұл, өз кезегінде, қоғамның діндар бөлігінің қалыптасқан дәстүрлі құндылықтарын бұзады. Олар исламның  дінді өзінің сенімі ретінде шын жүректерімен қабылдаған халықтардың дәстүрлерін ұстануға рұқсат ететінін тіпті ынталандыратынын түсінбейді. Кейде мұндай адамдар фанатизмде түбегейлі радикалдық шараларды қолданады. Мәселен, Қазақстанда соңғы жылдары террористік актілер жасаған барлық лаңкестік топтар осындай шектен тыс фундаменталистік көзқарастары бар жастардан құралған болатын.

Осыған байланысты, деструктивті діни ағымдарға жататын сыртқы атрибуттарды жария түрде ашық пайдалануға тыйым салу мүмкіндігі қарастырылуда. Шектеу немесе тыйым салу кез келген діни конфессиялардың қызметкерлеріне, сондай-ақ қызмет көрсету қажеттілігіне байланысты және медициналық мақсаттар мен маска немесе басқа керек-жарақтар қажет ететіндерге байланысты қолданылмайды.

Сақалды қоюға тыйым салу, егер ол деструктивтік діни ағымдарға тиесілігі туралы белгілер болмаған жағдайда және өзінің түрімен қоғамның теріс реакциясын тудырмаған жағдайда қарастырылмайды. Бұл жағдайда мәселені басқа сыртқы атрибуттармен бірге кешенді қарастырған жөн.

Аталмыш жұмыс шеңберінде деструктивтік идеологиялық ағымдарға қатыстылығын анықтайтын сыртқы атрибутиканы, киімдерді қоғамдық орындарда қолдануға (киюге) заңнамалық деңгейде, нақты айтқанда «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгертулер енгізу арқылы тыйым салу ұсынылады. Себебі, аталмыш заң материалдық және рухани құндылықтардың құқықтық негіздерін, патриотизмге тәрбиелеуді және Қазақстан Республикасы азаматтарының эстетикалық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруды анықтайды. Қабылданғалы отырған норма қоғамдағы тұрақтылықты сақтауды қамтамасыз етеді.

Әйелдердің никаб, чадра, балаклава, бетперде секілді киім элементтерін киюлері құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан олардың жеке басын идентификациялау мен тануға кедергі келтіреді, нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың тиімділігін төмендетеді.Осыған орай, Заң жобасында тұлғаның келбетін тануға кедерге келтіретін киім нысандарын қоғамдық жерлерде қолдануға, киюге және таратуға тыйым салу (никаб, чадра, балаклава, маска) көзделген.

Осы бағыттағы халықаралық тәжірибелерді зерттедік. Бетін жасырған және оның жекелілігін анықтауға кедергі келтіретін киімді киюге заңды түрде тыйым салу туралы халықаралық тәжірибелер бар (Белгия, Франция, Нидерланды, Болгария, және т.б) екеніне көзіміз жетті.

Қара киімге тыйым салу туралы мәселе орамал пен хиджабтарға тыйым салу дегенді білдірмейді. Сонымен бірге, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына белгіленген талаптарды бұзу туралы істерді қарауға құқық беру ұсынылады.

 

Балғабек МЫРЗАЕВ,

теология ғылымының докторы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 61 рет
JoomShaper
Top