Мысық жолды кессе шынымен жаманшылық бола ма?

Дүйсенбі, 09.10.2017
Мысық жолды кессе шынымен жаманшылық бола ма?

Ислам дінінде кейбір заттар мен құбылыстарды бақытсыздық нышаны деп санап, ұдайы жамандыққа жоруды «тәшәум» деп атайды.  Мұндай қате сенімдер ислам келгенге дейінгі қараңғылық кезеңіндегі арабтарда кең орын алған.

Мысалы, ол кездің адамдары бір жапалақ келіп үйінің шатырына қонып, дауыс шығарса «басымызға бәле келгелі тұр» деп қорқады екен. Құстардың аттарынан, ұшқан бағыттарына қарап, ырымдап жататын. Пал ашатын оқтарға да ерекше мән беріп, сол оқтардың шыққанына қарай бір істі жасап-жасамауға қатысты шешім қабылдайтын. Киіктің оңға немесе солға қарай жүгіріп өткеніне қарап, істерінің оң немесе теріс боларын бағамдап жататын. Тіршіліктерінде жаман ырымдардың көптігі соншалық, кез келген мәселеден жамандық көріп, болмашы нәрселерден үрейленіп, құттары қашып, мазасыз күй кешетін.

Осындай кезеңде келген Пайғамбарымыз мұндай сенімнің дұрыс емес екендігін, абай болмаған жағдайда әр нәрседен үрейлене берудің нәтижесінің қатерлі боларын айтып, мұндай түсінікке тыйым салған-ды.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір мәжілісте: «Исламда тәшәум жоқ. Ең жақсы жорамал – тәфәул» деген кезде, сол жердегілердің бірі: «Уа, Алланың елшісі, тәфәул дегеніміз не?»,– деп сұрағанда ол: «(Жақсылыққа жорыған) жақсы сөз», – деп, дұрыс ойлауға шақырған.   

Қазіргі таңда адам санасы дамып, ғылым алға озған осындай кезеңнің өзінде әлгідей «Қара қарға шатырыңа қонып қарқылдаса жаман болады, жолыңды қара мысық кесіп өтсе жаман болады екен» және т.б. секілді көптеген негізсіз сенімдердің орын алып жатқандығы өкінішті. Мысық исламда жамандықтың нышаны емес. Атақты, ең көп хадис риуаят еткен сахаба Әбу Һәрайраның (р.а.) атының өзі осы мысыққа қатысты. Ол мысықтарды тым қатты жақсы көріп, әрдайым құшағында ұстап жүргендіктен Пайғамбарымыз оны «Әбу Һирр», (Мысықтың әкесі, иесі) деп атап кеткенін, сонымен қатар, кейбір ғалымдар мысықтың пырылын «Алланың ар-Рахман» атын зікір етуіне  балағанын да білдіре кетсек артықтық етпес. Мысықтың киесіне қатысты сенімдер көне Мысыр елінің аңыздарына барып тіреледі. Түптеп келгенде, бұл – мәселенің байыбына бара алмаудан, дұрыс сенімге ие бола алмаудан туындаған шала түсінік. Сондықтан да жолыңызды мысықтың кесіп өтуінің астарынан жамандық іздеп, сары уайымға салынып, қорқудың ешқандай да қажеті жоқ.

Пайғамбарымыз: «Жаман болады деген сенім бір мұсылманның жолына тосқауыл болмасын. Егер араларыңнан бірің жанына жақпаған нәрсе көрсе, «Аллаһумма лә иәьти бил-хасанати иллә Әнтә, уә лә иәдфаъу сәииәәтә иллә Әнта, уә лә хәула уә лә қууатә иллә бикә» (Уа, Алла тағалам! Жақсылық бір Өзіңнен. Жамандықтырды да Сен ғана қайтарасың. Күш-қуат иесі жалғыз Өзің ғанасың!)» деп дұға оқысын» деген. Әлемдегі кез келген мәселенің Алланың қалауымен орын алатындығына сену – ислам ақидасының негіздерінің бірі.  

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы  

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 2396 рет
JoomShaper
Top