Баладан бата сұраған сахаба

Сәрсенбі, 20.09.2017
Баладан бата сұраған сахаба

 «Дұға қылса – тілегі орындалады»

Егер Омар (р.а.) Мәдина көшесінде жүріп, жас баланы көріп қалса, ол сол балақайға асыға барып, еңкейіп:

– Ей, балақай! Бізді жарылқасын деп Алладан сұрашы – деп өтінер еді. Омардың қасындағы серіктестері мұны естіп, таңырқаған хәлде:

– Уа, мүміндердің әмірі! Сіз үшін Аллаға мінажат қылсын деп жас балақайды өтініп тұрмысыз?– деп айтады.

Омар (р.а.):

– Расында бұл балақай әлі балиғат жасына келмеген, оның амалы дәптерге жазыла қойған жоқ. Сондықтан оның дұғасы Алланың қасында қабыл болады. Ал біз балиғатқа жеттік, амалымыз да дәптерге жазылған – деп түсіндірген.

Келесі риуаятта былай деп келген:

Омар ибн Хаттаб (р.а.) Мәдина көшесінде жас баланы көріп қалып, оған асыға барды. Кейін еңкейіп:

– Ей, балақай! Бізді жарылқасын деп Алладан сұрашы, – деп өтінеді. Омардың қасындағы адамдар мұны естіп:

– Уа, мүміндердің әмірі! Сіз үшін Аллаға мінажат қылсын деп жас балақайды өтініп тұрмысыз. Сіз тірі кезінде жәннатқа кіреді деп сүйіншілеген он адамның бірі емессіз бе? – деп таң қалады. Омар (р.а.):

– Расында бұл балақай әлі балиғат жасына келмеген, оның амалы дәптерге жазыла қойған жоқ. Сондықтан оның дұғасы Алланың қасында қабыл болады. Ал біз балиғатқа жеттік, амалымыз да дәптерге жазылған – деген.

 

Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:

Адам өзінің жасаған құлшылығы мен қайырымдылығын міндет қылмау керек. «Мен бала кезімнен намаз оқимын», «Мен пәленше мәрте қажылыққа бардым», «Мен түгенше жақсылық жасадым, сол үшін жәннатқа кіремін» – деп сенімді сөйлеуге болмайды. Бұл кісілікке, тәкаппарлыққа бастайды. Алла тағала тәкаппарлық турасында былай деп ескертеді:

«Жер жүзінде дандайсып жүрме. Себебі сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың. Осы барлық жаман нәрселер, Раббыңның қасында жек көрілген» (Исра: 37-38).

Тіпті, Алланың елшісі «Жәннаттық он адам», – деп сүйіншілеген Омардың (р.а.) өзі балиғат жасына жетпеген балақайлардан дұға сұрап жүрген. Егер Исламға сонша қызмет еткен, сөзі төрт мәрте аятпен расталған сахабаның жағдайы осылай болса, онда басқалардың кісі болып жүруіне жол болсын.

Ертедегі мұсылман даналарының бірі: «Қайғы – тәбетті тежейді, Алладан қорқу – күнә жасауға жібермейді, Алладан үміт ету – құлшылық жасауды күшейтеді, ал өлімді еске алу – әуесқойлықты шектейді» – деп айтқан екен.

Анас (р.а.): «Алланың елшісінен бұрын соңды мүлдем естімеген хадисті есіттім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер сендер менің білетінімді білсеңдер, онда көп жылар едіңдер», – деді. Мұнан соң сахабалар бастарын бүркеп дауыстары жай естілер еді» деген риуаятты айтқан (Бұхари, Мүслим).

 

Екінші пайдалы сабақ:

Балиғат жасына жетпеген баладан өзі үшін Алла жарылқасын деп дұға сұрауға болады. Жоғарыдағы әңгімеде хазіреті Омардың Мәдина көшесінде жүріп, жас баланы көріп қалса, ол сол балақайға асыға барып, дұға жасауын сұрайтын әдетінің бар екенін білдік. Өйткені, балиғат жасына келмеген балының амал дәптері әлі жазыла қойған жоқ.

 

Үшінші пайдалы сабақ:

Көшедегі танитын және танымайтын балаларға мейіріді болу. Ислам балаларға ғана емес тіпті, жануарға да мейірімді болуға шақырады. Ислам тарихында пайғамбардың (с.ғ.с.), сахабалардың өз отбасына, құлдар мен күңдеріне, жануарларға аса мейірімді болғаны белгілі.

Сахабалар ұрыс алаңында арыстандай айбатты, қатал әрі сұсты бола тұра бала-шаға ортасында қамқор әрі жұмсақ мінезді болғандарын білеміз. Мысалы ретінде мына оқиғаны келтірейік. Сахабалар арасында өзінің қаталдығымен, ұрыс алаңында күшімен танылған хазіреті Омарды алайық.

Күндердің бірінде Омардың үйіне кірген қызметші, оның шалқасынан түсіп, үстінде сәбилердің ойнап жатқанын көреді. Бұл жағдай қызметшінің көңіліне ұнамағанын байқап қалған Омар (р.а.): Сен өз бала-шағаңмен қалай қатынас қыласың? – деп сұрайды. Қызметші:

– Мен үйге кіргенімде, сөйлеп отырған адамның ауызына құм құйылады, – дейді. Омар (р.а.):

Сен қызметтен босадың! Өз отбасың мен бала-шағаңа қатыгез болсаң, онда Мұхаммедтің үмбетіне қалай рақымды болмақсың? – дейді.

 

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философ.ғ.к., дінтанушы.

 

 

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1260 рет
JoomShaper
Top