Мьянмадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай?

Бейсенбі, 14.09.2017
Мьянмадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай?

Мьянма мемлекетіндегі (Бирма өлкесіндегі) Рохиния халқының жағдайы туралы ешқандай шара қабылдамай отыра береміз бе?

Мьянма мемлекетіндегі (Бирма өлкесіндегі) болып жатқан оқиғалар басқа мемлекеттің мәселесі болып табылады және осы бойынша мемлекеттің ұстанымын заңмен уәкілеттілік берілген тұлғалар мен мекемелердің білдіруі орынды болады.

Қазақстан Республикасының1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституциясының 40-бабының1. тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға болып табылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыру, әлемдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердің сыртқы және ішкі саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметіне талдау жасау Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүктелген.

2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының бiрiншi ғылым және технологиялар жөнiндегi саммитiнде Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Мьянмадағы қақтығысқа алаңдаушылық бiлдiрiп, барлық тарапқа зорлық-зомбылықты дереу тоқтату керектiгiн айтты. Сондай-ақ Елбасы диалогты Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жалғастыруға шақырды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ұстанымы барша қазақстандықтардың атынан әлемдік қауымдастыққа айтылған үндеу деп қабылданады. Сондықтан, жекелеген тұлғалардың xалықты дүрліктіретін, шеруге үндейтін әр түрлі арандатушылық әрекеттерден аулақ болып, сезімге берілмей, байсалдылық танытуы орынды болады.

Балғабек Мырзаев

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 274 рет
JoomShaper
Top