Жаңа заң діни ахуалды реттеуді көздейді

Дүйсенбі, 11.09.2017
Жаңа заң діни ахуалды реттеуді көздейді

Бүгінгі күні қоғам арасында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы ең көп талқыланған тақырыпқа айналды.

Ең алдымен, қоғамның осы заң жобасына қызығушылық танытып, белсенділік көрсетіп отырғаны қуантарлық жағдай. Дегенмен, әлеуметтік желіде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында болсын кейде Заң жобасындағы кейбір баптарды бұрмалап көрсету арқылы ел ішінде дүрбелең туғызатын жағдайлар кездесіп қалатыны да жасырын емес.

Дін саласында қызмет жасайтын бірқатар азаматтар кездесу кезінде яки телефон арқылы, сондай ақ жеке поштама да кейбір мәселелерді анықтап беруімді сұрап жазып жатады. Осыған орай, Заң жобасындағы көптің көкейіне дұрыс жеткізілмей жүрген тақырыптарға түсініктеме беруді дұрыс деп шештім.

Негізінен, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңнама ең алдымен азаматтардың құқықтарының сақталуына кепіл болуды көздейді және екінші жағынан діннің эксремистік және басқа да деструктивтік іс-әрекеттерде қолданылуын азайту мақсатында құқық нормаларын орнатуға бағытталып отыр.

Заң жобасында сақалдан немесе паранжадан гөрі бірнеше маңызды және салмақты дүниелер бар. Алғашқы рет діни радикализм, деструктивтік идеологиялық ағым, деструктивтік діни ағым және т.б. бірқатар терминдерге анықтама беріліп отыр.

Деструктивтік діни ағымдарды насихаттауға, идеологиясының таралуына тыйым салу қарастырылуда.

Діни бірлестіктердің өздерінің құқықтарын қорғау, олардың өздерінің қызметі үшін түсінікті және ыңғайлы жағдайлар жасауға, нақтылауға, қорғауға бағытталған нормалар бар.

Ал, осы ретте арамызда кейбір ниеті қисық пікір иелері осы маңызды мәселелерге ден қоюдың орнына вакцинациялау шаралары бойынша халықтың көңілінде күмән салуға тырысып-ақ жатыр.

Бұл жерде вакцинация мәселесі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің емес, Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіндегі мәселе екеніне назар аударамын. Денсаулық сақтау саласының мамандары және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ қоғам тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде балаларға міндетті екпе егу мәселесі қаралуда және зерттелу үстінде.

Соңғы жылдары елімізде екпеден бас тарту өзекті мәселеге айналғаны рас. Мұның салдарынан жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті жоқ адамдардың саны артып келеді. Олар мүгедек болып қалуы, өлімге әкеліп соқтыруы да мүмкін. Мыңдаған адамдар, соның ішінде балалар  ауырып, асқынып кеткен жағдайлар да аз тіркелмеген.

Тұтастай алғанда, біз Денсаулық сақтау министрлігіне бұл мәселені мұқият зерттеп, вакциналардың сапасын, медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін жан жақты зерттеуді ұсындық. Шешім әлі қабылданған жоқ.

Қазіргі уақытта заңнама жобасы шеңберінде қамтылған вакцина алуды міндетті енгізу туралы мәселе талқылану кезеңінде екенін ескерте кеткім келеді.

Заң жобасында орамал тағу мен хиджаб киюге қатысты тыйым салу қарастырылмаған

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен салалық заңы әркімнің діни сенім бостандығын растайды, әркімнің діни көзқарасына қарамастан тепе-теңдігіне кепілдік береді және діндердің бірдей екендігінің маңызын мойындайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаев мырза БАҚ-тарға берген сұхбаттарында Заң жобасында орамал тағу немесе хиджаб кию туралы мәселе мүлдем қарастырылмағанын, оның діндарлардың киетін киімі болып табылатына ешқандай қарсылығы жоқ екенін бірнеше рет мәлім етті. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі барлық орта мектептер үшін міндетті форма талаптарын бекіткен кезде де оқушылардың орта оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін әркім өзінің қалайтын киімін киюге еркі бар екенін жариялағаны белгілі.

Заң жобасында әйелдердің никаб, чадра, балаклава, бетперде секілді киім элементтерін киюлері құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан олардың жеке басын идентификациялау мен тануға кедергі келтіретіні, нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың тиімділігін төмендететініне байланысты қарастырылып отыр. Министрлік діни киімге тыйым салады екен деген қауесеттің шындыққа жанаспайтынын осыдан-ақ көруге болады.

Кейбір адамдар мемлекет діни неке құруға тыйым салуды қарастырып жатыр деп жарыса дабыра қылды. Дұрысы, мемлекет тыйым салу мәселесін емес, оны реттеу мәселесін қолға алып жатыр.

Заңға сәйкес мемлекеттік органдарда тіркелген неке ғана дұрыс деп танылады. Туу, неке қию, қайтыс болу мемлекет тарапынан тіркеледі. Діни рәсімдер мемлекеттік тіркеуді толықтыра алады, бірақ оны алмастыра алмайтынын тағы да қаперде ұстау қажет. Сонымен қатар, елімізде діни неке қиюға, бата беруге тыйым салынбайды. Бірақ, бұл жоралғылардан бұрын ресми заңдық тіркеуден өтуі керек деген талап қана бар. Бүгінгі қоғамда кейбір діни орталарда «Ағалардың» («ахи») қызды қолдан қолға ауыстырып отырғаны туралы мәліметтер бар.

Неге біз ер мен әйелдің арасындағы еркін қарым-қатынастар мен азаматтық некені қозғамаймыз?

Біріншіден, бұл біздің құзырымызға жатпайды, біз дін саласымен айналысамыз. Екіншіден, азаматтық некеде  ер адам мен әйел қандай да бір міндеттемелерсіз иллюзия деп саналы түрде байланыс құрады.

Діни некеде, әдетте қыздар алдауға түсіп жатады, олардың осындай некелік одағы жоғарыда батасын алған деп алдап арбайды, сол кезде жас қыз-келіншектер қорғауда боламыз және бұл заңды деген жалған үміт пайда болады. Осылайша олар алдаудың құрбанына айналады. Сондықтан, енгізіліп отырған осы түзету  – бірінші кезекте әйелдер мен балаларды қорғауға арналған.

Сәйкесінше, көрсетілген норманы заңнамалық деңгейде енгізу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ұстаныма қайшы келмейді.

Осы жерде атап өтетін маңызды мәселе, заң жобасының көпшілік ережелері қоғаммен санаса келе, сарапшылар және мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылды. Ешбір азаматтың елімізде ресми тіркелген қай діни сенімді ұстанатынына қарамастан құқықтары мен бостандықтарына шек қойылмайды.

Заңнама жобасындағы ұсыныстар басқа да көптеген мемлекеттік органдардың мәселелерін қамтиды, сондықтан ол – ұжымдық жұмыс болып табылады. Қазір заң жобасы талқылау кезеңінен өтіп, тиісті өзгерістер енгізілуде.

Заң жобасы қазіргі уақытта сарапшылардың діни ұйымдардың өкілдерінің кең ауқымды қатысуымен, көптеген алаңдарда талқыланды және талқылану жалғасып келеді.

Осы жұмыс барысында тиісті өзгерістер жасалады. Бұл –  қалыпты жұмыс үрдісі. Жекелеген тұлғалар өз пікірлерін, пайымдары мен уайымдары немесе қарсы болған тұстары бойынша ұсыныстарын енгізетін болса, Министрлік барлық сындарлы ұсыныстарды назарға алуға дайын.

Бұл құжат қоғамдағы өте нәзік саланы реттеуге арналған. Сондықтан, оны қарау барысында біз қалыптасқан ахуал мен қоғамның қажеттіліктерін дұрыс түсінуіміз аса маңызды екенін ескергеніміз абзал.

Балғабек МЫРЗАЕВ,

исламтанушы, теолог

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 405 рет
JoomShaper
Top