Әділдік – қарым-қатынас негізі

Сәрсенбі, 06.09.2017
Әділдік – қарым-қатынас негізі

Әділдік категориясы қоғам мүшелері үшін ауадай қажет. Себебі, қоғамда алуан түрлі ұлттар мен ұлыстар, діндер мен сенімдер иелері болғандықтан бірін-бірінің құқығын шектемей дұрыс қатынаста болуды қамтамасыз ететін қасиет – әділдік.

Мұсылман ғалымдары қоғамдағы әділдік ұғымына көп көңіл бөлді, тіпті бұрын соңды батыс білмеген «көркем мінездегі әділдік» деген тұжырымдаманы шығарды. Көркем мінездегі әділдік – тұлғалар арасындағы қатынастарда және басшылық қылғандар мен олардың қарамағындағылар арасында болуы тиіс әділдік. Адам қоғамның қай саласында болмасын әділдікті қатты қажет етеді. Әділдікке қатысты ортағасыр ғалымдарының көрнекті өкілі әл-Ғазали ойын былай түйіндеген екен:

«Егер адам қайсы бір сезіміне қатысты орта жолды ұстай алмаса, мысалы, үйленбесе, тамағын қажеттен тыс азайтса, онда ол әділдік өлшемін бұзушы екені анық баяндалады. Сол сияқты қарын мен құмар қалауын тойдыру мақсатында соның соңынан кеткен, оған мүлдем қарсыласпаған адам да әділдік теңдігін бұзған саналады. Осы екі жағдайға тап болған адам үлкен зұлымдықтың ішінде деп түсінуге болады».

Ал енді хазіреті Әлиден (р.а.) бір кісі Алланың бірлігі мен әділдік туралы сұрап келіпті. Сонда халифа былай жауап берген екен:

 «Алланың бірлігі – Оны көз алдында елестетпеу, Оған белгілі бір пішін бермеу. Оны айыптамау – әділдік».

Расында да, әділдік дегеніміз өмірде, дінде, қоғамда, отбасында және сол сияқты т.б. салалардың барлығында алдымыздан үздіксіз шығып отырады.

Ислам әділдікті тек мұсылмандар арасында емес, басқа дін өкілдерімен әділ мәміледе болуға шақырады: «Егер мұсылман емес кісі мұсылман мемлекетінде тұрса немесе мұсылман мемлекетінің қамқорлығында болса мұсылман оның өміріне, намысына, жеке мүлкіне қол сала алмайды. Мұсылман басқалардың да құқығын сақтауы қажет. Ол өзге адамдардың меншігін ұрлай алмайды не алдап ала алмайды, зұлымдық жасамайды. Оны ұрып масқаралауға немесе өлтіруге құқығы жоқ. Мемлекет оны мұндай зұлымдықтан сақтап кепілдік болуы қажет» (Суар мин хаияти ас-сахаба кітабынан).

Сонымен қатар Құранда да мұсылман кісінің басқа адамға қандай қатынаста болуы керек екендігін ашық айтқан аяттары жетерлік. Мысалы:

«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал (жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» (41:34).

Тіпті, әдептілік және көркем сөзбен жақсылыққа шақыру – мұсылманның міндеті:

«Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі» (16:125).

Бұл да – әділдік. Өйткені, исламды білмейтін адамға оның үкімдерін айту үлкен қателік. Әуелі оған исламды үйрету қажет.

Ислам адамдарды бейбіт өмірге шақырғаны сияқты шындық, адамгершілік, адалдық пен достық секілді т.б. көптеген ізгі сипаттарды ортаға қояды. Мұсылман өзіне сенген адамның сенімін ақтап, оған өтірік айтпайды. Егер өзге дін өкілімен тартыс немесе келіспеушілік болып қалған жағдайда, сыпайылық пен әділдікті естен шығармағаны жөн. Құран осылай әмір етеді:

«Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз», – деңдер» (29:46).

Осы орайда мысалы ретінде ислам тарихынан мына оқиғаны келтірейік:

Бір күні яһуди халифа Омарға келіп, хазіреті Әлидің үстінен (Алла ол екеуіне разы болсын) шағымданыпты.

Халифа Омар өзінің алдына Әлиді шақырып:

– Ей, Әбу Хасан! Сенің үстіңнен шағым айтқан айыптаушының қасына тұр – деп бұйырады. Осы кезде Әлидің жүзі өзгеріп қоя береді.

Кейін халифа Омар бұл екеуінің арасын әділдікпен шешкеннен соң оңаша қалған Әлиге қарап:

– Ей, Әли! Мен саған сені айыптаушының қасына тұр, дегенімде ашуландың ба. Сенің түрің өзгеріп кеткенін байқадым? – деп сұрайды.

Әли ибн Әбу Талиб:

– Аллаға қасам етейін! Ей, мүміндердің әмірі! Мен оған ашуланғаным жоқ. Бірақ, сен мені «Ей, Әбу Хасан», – деп шақырған кезіңде. Мені яһудидің көзінше көтермеледі. Мұны естіген яһуди – мұсылмандардың арасындағы әділдік жоғалыпты ғой деп ойлайтын болды деген қорқыныш бойымды биледі – дейді.

Жоғарыдағы оқиғалардың барлығы да адамның күнделікті тіршілігінде әділдіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Біз де қолымыздан келгенше ісімізге адал, басқамен қарым-қатынаста жақсы болуға ұмтылсақ, онда жеке өмірде де, әлеуметтік өмірде де табыстарға жетуіміз жеңілдей түсері сөзсіз.

 

С. Абжалов,

дінтанушы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 238 рет
JoomShaper
Top