«Ашу – дұшпан...»

Сенбі, 03.02.2018
«Ашу – дұшпан...»

Әдетте, біз дұшпанды сырттан, атыраптан іздейміз. Сөйтсек, біздің ең үлкен дұшпанымыз өз бойымызда екен.

Бастысы, оларды ажырата білу керек. Күндіз-түні қасымызда жүріп бізді жамандыққа жетелейтін дұшпан көп – қызғаншақтық, іштарлық, тәкаппарлық, ашу-ыза, кекшілдік сияқты т.б. Осындай дұшпандардың бірі – ашу. Қазақ атам «ашу — пышақ, ақыл таяқ» деп бекер айтпаған. Ашуланған адам өткір пышақ сияқты егер оны ақылмен істетпесе, онда оңы мен солын айырмай кесіп тастайды. Өзіне де өзгелерге де зиянын тигізбей қоймайды. Мысалы, қолына пышақ ұстаған қасапшы оны жөнсіз сермей бермейді. Тек қажетін орындайы, малын бауыздап, етін тілшелейді. Сол сияқты ашуы келген адам да оны тежеп, қолында ұстай білуі тиіс. Ашуға беріліп, ертең өкініп жүретін қадам жасап қоюдан сақ болғаны дұрыс. Сол себепті аят-хадистерде ашуды тежеу, ашуға берілмеу қасиеттері туралы көп айтылады. Мұсылманды ұстамды болуға, ашуды ақылға бағындар деп жігерлендіреді. Тіпті дінімізде ашуын ұстай білген, оны тежей білген адамға мол марапаттың бар екені айтылады. Алла тағаланың Құранда айтқан ұстамдылық мінезі мұсылманның бойында көрінуі қажет. Өйткені мұндай мінез пайғамбардың (с.ғ.с.) бойында болды. Ал пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылмандар үшін үлгі. Бұл туралы бізге Анас ибн Мәлик (р.а.) былай деп жеткізеді:

–Мен Алланың елшісімен (с.ғ.с.) бірге келе жатқан болатынмын. Оның үстінде қатты, қалын Нажранилық шапан бар еді. Бір кезде бізді бәдауй қуып жеті де, пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасына жабысты, оның мойынын қатты қысқаны сонша, мен пайғамбардың мойынынан шапанның қып-қызыл ізін байқадым. Әлгі бәдауй пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасынан қысып тұрып:

– Ей, Мұхаммед! Сендегі Алланың мүлкінен маған да беруін әмір ет! – деді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) күлімдеп қарады да оған (мал) беруді бұйырды. (Бұхари, Мүслим).

Келесі бір риуаятта мынадай хабар бар:

Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында сахабалар тұрғанда бір бәдауй келіп оны қатты тілдейді және киімінен тартып:

– Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Маған дүние бер. Ол сенің меншігің емес немесе сенің әкеңдікі де емес (яғни әкеңнен саған мұра болып қалмады) – дейді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) оған сұрағанын береді де:

Ей, бәдауй! Мен жақсы амал жасадым ба?– дейді. Бәдәуй:

– Аллаға  қасам! Сен жақсылық жасаған жоқсын, дұрыс істемедің және саған Алланың марапаты да болмасын – деді.

Бәдауйдің бұл сөзіне аушалған Омар (р.а.) қылышын жалмаңдата орнынан ұшып тұрып:

Маған оны өлтіруіме әмір беріңіз, уа Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге бұлай сөйлеп тұрған ол, нағыз мұнафық! – дейді.

Сондай қатты сөзді естіседе жүзінен жылылық кетпеген Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Ей, Омар! Ол екеуіміздің арамызда кірікпей тұра тұрғайсың. Уа, достым! Менімен жүр – деп әлгі бәдауйдің үйіне алып барып, оны тамақтандырады кейін, тағы сыйлық береді. Сосын:

– Ей, бәдауй! Мен саған жақсы амал жасадым ба? – деп тағы сұрайды. Ол:

– Сен жақсылық жасадың және дұрыс қылдың. Сондай-ақ,  саған және сенің ағайын-туысыңа Алланың марапаты болсын – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Сен сахабаралдың көзінше теріс амал жасадың, сөйтіп оларды ренжіттің. Енді олардың саған деген ашуын, мейірімділікке алмастыруың үшін менімен барып, осы сөзіңді солардың алдында жария қылып айт – дейді.

Хадистен белгілі болғандай ашуға берілмеу – мұсылманның міндеті. Хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дөрекілікке жұмсақтықпен жауапперу керек екенін көрсетті. Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына баса көктеп келген адамдға Исламдағы қарым-қатынастың қандай болу керектігін үйретті.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен келесі риуаятта да біздер осының мысалын көреміз:

«Бір бәдауй мешітке кіші дәрет сындырады. Адамдар оның сазайын беру үшін аяқтарына тұрғаны сол еді Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.): «Оны қоя беріңдер! Кіші дәреттің үстіне шелекпен су төгіңдер. Расында мен сендердің жеңілдік жасауларың үшін түстім. Сендер қиындатпаңдар», – деді» деген хабар жеткізіледі (Бұхари, Мүслим).

Жеке тұлғаны қалыптастыруда мұсылман үшін ең жоғары адамгершілік қасиеттер Құран Кәрімде айтылған және пайғамбарлардың мұра етіп қалдырған көркем сипаттары. Егер адам осындай қасиеттерге ие болса, онда олар оның болмысы мен әдет-салтына айналады. Ашуды тізгіндей білу, оған ерік бермеу осы сипаттардың қатарына жатады. Адамның ашуын келтіретін нәрсе үшін ашуын тежей білуі жәннатқа апаратын жол деп түсіну керек.

Қандай жағдайда болмасын адамның байыпты және салқынқанды болуы жеке тұлғаны қалыптастырып, игілік пен жеңіске жетелейді. Алла тағала тыйым салған нәрселерді істеуге апаратындай ашу-ызаға берілмей, өз нәпсісінің жетегінде кетуге болмайды. Мысалы, Абдуллаһ ибн Омар мынадай оқиғаны баяндайды:

«Бір күні пайғамбардан (с.ғ.с.):

– Мені Аса Күдіретті де Ұлы Алланың ашуынан алыс ететін не нәрсе? – деп сұрағадым. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл жолы да:

Ашуланба – деп жауап берді» (Ахмад).

Жоғарыда айтылған аят-хадистердің барлығы да ашудан құтылу – жақсылыққа ұмтылу екенін айтады. Расында да ашуын тежей білген адам – ашуланбайтын адам барлық жамандықтан құтылады, ал жамандықтан құтылған адам тек жақсылыққа ие болмақ. Сондықтан да бойдағы ашу біздің досымыз емес, дұшпанымыз екен. Оны ақылға салып, байыппен ғана  қадам жасау лазым. 

Сұлтанмұрат ЕРГЕШҰЛЫ,

философия ғылымының кандидаты

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 660 рет
JoomShaper
Top