Галстук тағу харам ба?

Сенбі, 12.08.2017
Галстук тағу харам ба?

Мұсылмандыққа бет бұрған жігіттердің көбінің галстук тағуға оң қабақ танытпайтындықтары байқалады. Кейбіреулер «ол христиандықтағы крестің белгісі немесе сайтанның салақтаған тілі» деп жатады. Расында, Ислам шариғаты галстук тағуға қатысты не дейді? Оны тағу харам ба?

Ислам шариғатында бір нәрсеге үзілді-кесілді түрде «харам» деп айту үшін нақты, бұлтартпас дәлел қажет. Ал галстук Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезіңде болмағындықтан, оған қатысты қандай да бір үкім табу мүмкүн емес. Алайда, кейбір ғалымдар Пайғамбарымыздың «Кім өзге қауымға (елге) ұқсауға тырысса, солардан болып табылады» (Әбу Дәуід, Либас, 4; Муснәд, 11/50) және «Бізден басқаларға ұқсауға тырысқан – бізден емес» (Тирмизи, Истизан, 7) – деген хадистеріне сүйене отырып, галстук тағу әдетін дінсіздерге ұқсау ретінде қабылдап, тыйым салуға тырысқан. Негізінен жоғарыда келтірілген хадистің арапша мәтініне назар салсақ ол жерде қолданылған «тәшәббуһ» сөзі «ұқсауды» емес «саналы, мақсатты түрде ұқсауға тырысуды» білдіреді. Сонымен қатар, ғалымдар бұл жердегі ұқсауға тырысуды құлшылыққа қатысты мәселелерге қатысты деп санайды.  Мысалы, поптың беліне тағатын белдігі, крест т.б. секілді нәрселерді кию осы санатқа жатады. Әйтпесе, мұсылман емес бір адам Исламды қабылдау ниетінсіз мұсылмандарға тән бір белгіні жанында алып жүру немесе кию арқылы мұсылман саналмағаны секілді, белгілі бір жердің ауа-райы т.б. ерекшелігіне байланысты мұсылман еместерге ұқсау ниеті жоқ адамның соларға тән киімдерді киюуі оны мұсылмандықтан шығармайды. (Фәтәуә әл-Һиндия). Сол секілді арнайы кәпірліктің белгісі болып саналмайтын кейбір киімдерді кию мен кейбір әрекеттерді жасау мұсылманды кәпір қылмайды (Али әл-Қари, Шәрх әш-шифа). 

Ислам дінінде ниет өте маңызды. Сондықтан да мұсылман ғалымдары: «Күпірлікке ниет еткен адам, сол мезеттен бастап кәпір болады» деген екен. Мұндай адам, сыртқы бейнесі мұсылман секілді көрінгенімен Ислам мен иман шарттарын жақтырмай өзге діндердің діни символдарын шын жүрегімен қабылдап, киген ниеті бұзық адамның күпірлігінде ешқандай күмән жоқ. Осы мәселеде көрнекті ғалым Али әл-Қаридің мына сөздері өте маңызды «Уақыт өте келе кейбір әдеттердің өзгеруі нәтижесінде бір кездері шапка күпірліктің белгісі саналғаны секілді «бас киімсіз жүру де кәпірлердің әдеттерінен саналатын. Қазіргі таңда мұсылмандар арасында бас киімсіз жүру кең тарағандықтан, оны күпікрлік дей алмаймыз»  (Шархуш-шифа, т.2, 522-б.).

Негізінен мұсылман баласы өзге дін өкілдерінің діни белгісі ретінде саналмайтын киімдерін кие алады. Бұған әл-Мұғира инб Шұғбаның: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеңі тар Рұмдықтардың шапанын киген»,– деген сөздері (Бұхари, Муслим, Тирмизи)  дәлел. Негізінен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қазіргі біз киіп жүргендей шалбар емес, ұзын көйлек киген. Сондықтан «шалбар кию әдеті Еуропадан келген бидғат, оны кию күнә» деп айта алмаймыз.

Ислам шариғаты бойынша уақытқа, белгілі бер мекенге немесе әдет-ғұрыпқа негізделген үкімдер, шарттардың өзгеруіне сай өзеріске түседі. Бұл да болса Ислам дінінің өміршеңдігін қамтамасыз ететін маңызды мәселелердің бірі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазіргі таңда біз киіп жүрген кастюм, жейде, шалбар т.б. секілді киімдердің Батыстан келгені мәлім. Сондықтан, күпірліктің белгісі саналатын діни символ емес әрі оның киілуінің харамдығына қатысты Құран мен сүннетте нақты үкімі жоқ киімдерді киюге әбден болады.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

дінтанушы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 345 рет
JoomShaper
Top