Мәңгі бақыт жоқ, бірақ бақыттың мәнін ұғыну бар...

Сәрсенбі, 17.05.2017
Мәңгі бақыт жоқ, бірақ бақыттың мәнін ұғыну бар...

Мына жалғанда адам баласы әр нәрседен сабақ алады, қам-қарекет етеді, айналасына зер салып байқайды, сынап көреді. Онысы кейде жетістікке жетелейді, кейде сәтсіздікке ұшыратады. Қуаныш пен өкініш екі жағында қатар жүріп отырады. Бірақ адам сонда да жақсылықтан еш күдер үзбейді. Бір күні екінті намазынан кейін бөлмемде отырып, ешбір жоспарсыз қолыма қалам алдым да, шексіз ойға шомып кеттім...

Қарап отырсам, мына жер бетінде жаны жай тапқан, бақытты және ылғи да қуаныш құшағында жүретін бірде-бір пенде жоқ екен. Демек, әр нәрсеге сабыр етіп, Құдайға жағатын тірлікпен айналысқан жөн. Сонымен бірге, адам ең әуелі өзіне пайдалы істі көздейді екен, яки өз мүддесін ойлайды. Мұның, әрине, еш әбестігі жоқ, бірақ адам баласы өзге біреудің бағына қызғанышпен қарамау керек.

Әсілі, ділі мен діні ортақ әрбір мұсылман мынаны ескергені жөн. «Жетістікке жету үшін өзіңді басқалармен салыстыра бермегені абзал. Әрине, тынбай еңбек етіп, жоспар құрып, өміріңді жақсырақ ете түсуге құқылымыз. Алайда, темірше морт кетіп сынғанша, керек кезде тал шыбықтай иілгіш болған да дұрыс-ақ. Адамдарға да тым қатты талапшыл болудың қажеті шамалы. Әркіммен қабілет-қарымына сай мәміле жаса. Олардан шамадан тыс нәрсені талап етпе. Күйбең тіршілік бітпейді, бірақ адамның өмірі өлшеулі. Өмірдің соңғы тұрағы – өлім. Оны ақыл иесі әсте естен шығармауы керек».

Әр адам – өздігінше бір әлем. Оның ешкімге ұқсамайтын мінезі, өзіне тән болмысы бар. Бізді қоршаған орта, адамдарды, тіпті тағамдарды көзімізбен қалай танысақ, олар да бізбен солай мәміле жасайды. Сондықтан, өмірдің ғажайып, керемет және тәтті болуы өзімізге байланысты. Бақыт – қарапайымдылық, кішіпейілділік, жақсылықты сүю және адамдарға жақсылық тілеуде. Өйткені, науқас адамға миллиондаған теңге, темір тұлпар мен зәулім үйдің қажеті жоқ. Расымен де, адам баласы – әлсіз жаратылыс. Сондықтан, мал-дүние мен бала-шағаның көптігі адамның тәкаппарлығын емес, кішіпейілділігін арттыра түссе игі.

Тағы бір ұққаным, алмақтың да салмағы, ал, бейнеттің – зейнеті бар. Сондықтан адамның жақсылығын көріп, шама келгенше кемшілігін байқамауға әрекет ету керек. Адам тұрлаусыз һәм сабырсыз. Оның көңіл-күйі аумалы-төкпелі келеді. Ал, өмірдің ғажаптығы – оның уақытқа тәуелділігінде. Туылған нәресте өсе келе күш-қуат пен таным-білімге ие болатыны сияқты әрбір нәрсе нөлден бастау алады. Сондықтан, уақытты асықтырма, әр нәрсе сәтімен. «Уақытынан бұрын бір нәрсені асықтырған, құр алақан қалады» деген қағида бар.

Әр нәрсеге ақыл-парасат көзімен қараған жөн. Жағымсыз істің соңы олжалы болуы мүмкін. Ақиқатта да, жалғанда да әділдікті ту ет. Адам шама-шарқынан тыс танып-біле алмайды, қам-қарекет те істей алмайды. Сондықтан барлық нәрсені бірден істеймін деген ойдан арылып, ең маңызды да қажетті шаруамен айналыс. Қарапайымдылық – дәрменсіздік, қала берсе әлсіздік емес. Сөз соңында айтарым, кез-келген жағдайда, кез-келген жерде жақсы ойда болуды өзімізге міндет деп білейік. Барыңды бағалау үшін өзіңе ылғи сын көзбен емес, бәлкім сырт көзбен қарауды да үйрен. Сол кезде тәубең толысып, ашкөздік шүкіршілікке ауысады. Мәңгі бақыттың иесі болу мүмкін еместігін түсініп, қолдағы бар бақытыңды бағалауды үйренер едік.

Төлеби ОСПАН,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы

бойынша өкіл имамы

Оқылды 166 рет
JoomShaper
Top