«Бараат» кешінің мән-мазмұнын түсіндіріп берсеңіз?

Сәрсенбі, 10.05.2017
«Бараат» кешінің мән-мазмұнын түсіндіріп берсеңіз?

Қасиетті шағбан айының он бесінші түнін мұсылмандар әрбір жылы айрықша қасиетті кеш ретінде атап өтеді. Өйткені, мұсылмандық қайнар-көздерде бұл кештің берекеге толы болатындығы айтылған. Бұл жөнінде Хақ Тағала Құран Кәрімның Дұхан сүресінің бірінші және төртінші аяттарында: «Ашық баян етуші Құранға серт. Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айырылады» деп бұйырады.

Осы себептен де бұл кешті ислам ғұламалары «қасиетті кеш», «кешірім кеші», «үкім кеші» деп атайды. Рухани шуағы мол бұл құтты кеште мұсылмандар ынты-шынтымен Ұлы Жаратушыға құлшылық етіп, рухани тазаруға қатты көңіл бөледі. Жаңсақ басқан әрбір әрекеті үшін Құдай Тағаладан кешірім тілейді. Алдағы күндері үшін Алла Тағалаға жалбарынып медет сұрайды. Себебі, салихалы дереккөздерде бұл қасиетті кештегі тілектерді Хақ Тағаланың кейін қайтармайтындығы айтылған.

Бұл жерде айтылған «құтты кешті» базбір ғалымдар; «Қадір түні» десе, базбіреулері «Барат түні» деп жорамалдайды. Кейбір ғалымдар бұл екі көзқарасты сабақтастырып: «Бұл түннің құтты болуы Құран Кәрімнің түсуімен байланысты. Құран Кәрім Шағбан айының он бесінші жұлдызында (барат кеші) көк жүзіне түскен. Ал, Қадір түнінде (Рамазан айының жиырма жетінші кеші) Ұлы Жаратушының бұйыруымен көк жүзінен Жебірейіл арқылы Мұхаммедке (с.ғ.с) біртіндеп түсіріле бастаған» деген пікірді алға тартады. Ғұламалардың осы тұжырымының негізінде мұсылман жұртшылығы Барат кешінің рухани салмағын қасиетті Қадыр кешінен бір мысқалда кем санамайды.

Ислам дереккөздерінде қасиетті бұл түнде мынандай бес құндылықтың бар екендігі айтылады:

Бірінші, Алдағы әрбір маңызды деген істер илаһи тылсым тарапынан осы күні белгіленеді.

Екінші, Бұл түндегі жасалған құлшылықтардың (Құран оқу, намаз, дұға мен зікір, тәубе мен истиғфар) күндізгі жасалған құлшылықтардан сауабы жоғары болады.

Үшінші, Бұл түні Алла-Тағаланың нұр-берекесі мен шұғыласы таң шапағына дейін төгіліп тұрады.

Төртінші, Бұл түні сұралған кешірім қабыл болады.

Бесінші, Бұл түні ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) шапағат ету құқығы берілген.

Шағбан айының он бесінші жұлдызының құттылығы хақында Хақ Елшісі (с.ғ.с.):

«Шабан айының жартысы болған кезедегі түнді құлшылықпен өткізіңіз. Күндіз ауыз бекітіңіз. Өйткені, Алла-Тағала күн ұясына батқан шақта, жер бетіне шуағын түсіріп: «Истиғфар етуші бар мекен, кешірейін. Рызық сұраған бар мекен, оған рызық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар мекен, оған шипа берейін. Бар мекен, бар мекен, бар мекен...» деп таң шапағы атқанға дейін жалғастырады» деп сүйіншілейді.

Көріп отырсыздар, Ұлы Жаратушы өзіне мойынсұнып, күнәларына тәубе етіп, сәждеге бас қойған, қателерінің орнына көз жасын көл қылған әрбір құлын кешіріп, Барат түніндегі иллаһи нұрымен, иһсанымен құлының мәртебесін жоғары ететіндігін ашық жария еткен. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үгітіне сай бұл кеште қайратпен қарымды амал іс жасап, Алла-Тағаланың шексіз рахымы мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатынан үміттенсек, бұйырса, ұшпаққа шығатынымыз хақ.

 

 

 

Оқылды 490 рет
JoomShaper
Top