Қайырымдылық мешіт салумен ғана өлшенбейді!

Сейсенбі, 10.01.2017
Қайырымдылық мешіт салумен ғана өлшенбейді!

Бала кезімізде қариялардың «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», «садақа беріп, жаныңды сақта» деген сөздерін жиі естуші едік. Бірақ, ойнап жүріп, тәрбиелік мәні зор мұндай сөздердің мазмұнына терең бойлай қоймадық. Садақа деп ауыл иттерін үргізіп, аула-аулаға кіріп, қолында дәу дорбасы бар есік қағып жүретін қайыршыға беретін ақша деп білдік. Алайда, садақаның мәні де, мазмұны да кең екен.

Бүгінде қоғамымызда дінге қызығушылық жанданып, қазақ руханиятындағы осындай діни құндылықтарымызды қайта зерделеу заман талабына айналды. Осындай халықтың салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен діни ұғымдардың бірі «садақа».

«Садақа» – араб сөзі, мағынасы Алланың ризалығын алу үшін мұқтаж жанға қайыр-садақа беру. Ал енді бұл сөздің кең ұғымдағы мағынасы бөтен мақсат көздемей, шын жүректен тек Алла үшін деп жасалған кез келген қайырымдылық. Садақа тек ақшалай берілмейді. Садақаның жеке адамға орындауы міндет болған парыз және нәпіл (қосымша) түрлері болады. Парыз дегеніміз, Құдай Тағала пендесіне Өзі нәсіп еткен мал-мүлкінен тиісті мөлшерде, белгіленген кезеңінде садақа алуға лайық адамдарға беріп тұруды міндеттеді. Садақаның бұл түрін біз зекет деп білеміз:

«Шын мәнінде садақалар (зекеттер) Алла тарапынан бір парыз...». Аяттың келесі бөлігінде садақаны кімге беру керектігі айтылады: «Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгілегендерге, көңілі ауланатындарға (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі»  (Тәубе: 60).

Зекет – Ислам діні белгілеген мөлшері бойынша бақ-дәулетті адамдардың жиған мал-дүниесінен, аятта келтірілген мұқтаж жандарға берілуі қажет бір бөлігі. «Зекет» сөзі де араб тілінен енген сөз, мағынасы тазару дегенді білдіреді. Дәулетті адам малының тиісті мөлшерін мұқтаждарға беру арқылы қолындағы байлықты тазартып, (оны түрлі бәледен, от, су апаттарынан, ұры-қарыдан) сақтап отырады. Бұған қоса зекет қоғамда бай мен кедейдің, дәулетті мен жарлының арасын жарастырып, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін оятады, кедей адам байдың мүлкіне көз тікпейді және т.б. Өйткені, дәулетті адам өзіне парыз болған зекетті мұқтаждарға беруі арқылы Құдайдың да әмірін орындамақ, адамның да көңілінен шықпақ. Сондықтан зекет исламдағы бес парыздың бірі, яғни дінді көтеріп тұрған бес үстіннің бесіншісі – зекет. Мұның маңызын осыдан аңғарсақ болады.

Менің осы шағын мақала барысында тоқталмақ болған тақырыбым - садақаның нәпіл түрі.

Нәпіл (қосымша) садақаға келер болсақ, жоғарыда айтқанымыздай мұны Құдай Тағала парыз қылмаған. Жұмыр басты пенденің өзі Алла үшін деп ықыласымен мұқтаж жанға берген малы, атаған мүлкі немесе жасаған  түрлі қайырымдылық амалдары жатады.

Садақа – адам мен Құдайдың арасындағы ықыласты амал. Әдетте, зекет жария берілсе, садақа жасырын беріледі. Адам садақаны не үшін береді? Құдай Тағала біздің садақамызға мұқтаж ба? Әрине, мұқтаж емес, керісінше садақа беріп тұруға, адам баласы мұқтаж. Садақа адамның жеке басына немесе бала-шағасына келуі мүмкін пәлекет кесірінің алдын алады, одан сақтайды.  Жүсіп Баласағұн «Құтты білігінде» былай деп баяндайды:

Дұға оқып, «Сақта» деп хан жалынды,

Қолын жайып, Жаратқанға табынды ...

Кем-кетікке мал таратты, сүйер деп,

Үміттеніп, шарапаты тиер деп.

Демек, садақа шынайы жүректен шығып, Құдайға ізгі ниетпен жасалатын құлшылықтың түрі. Біз күйбең тіршілікпен жүріп, парқына бармасақ та, садақа беру арқылы құлшылық жасаймыз. Біреуге садақа берсек немесе қайырымды іс істесек «құдай өзіме қайтарады», «жолым болсын», «Құдай амандығын берсін», «кәсібіме береке бітсін» деген оймен жасаймыз. Осылайша садақаға мұқтаж кім, Құдай Тағала ма әлде біз бе? деген сұраққа да жауап тапқан болдық.

«Құдай бергенге береді», «берсең кем болмайсың» деп жомарттыққа жігерлендіруі қазақ халқының қайырымдылықты қадірлейтіні тектілігін рәміздейді. Расында берген адамның малына береке бітеді. Бір күні Абдурахман ибн Ауф есімді сахаба пайғамбарға (с.ғ.с) келіп:

– Менде сегіз мың дирһам бар еді. Алланың жолына төрт мың дирһамды беріп, қалған төрт мыңды өзімнің отбасыма алып қалдым – дейді.

Алланың елшісі (с.ғ.с):

– Сенің Алла жолында жұмсаған және отбасың үшін алып қалған байлығыңа Алла берекесін берсін! – деп батасын береді. Шынымен де уақыт өте Алла Тағала Абдурахман ибн Ауфтың малына береке дарытады.

Садақа беру адамның өз ықтияр-еркімен беретін дүниесі. Адам қандай мөлшерде болмасын садақа бермес бұрын өзімен өзі кеңесіп, ішкі дүниесімен күресіп, шешім қабылдап, садақа береді. Өйткені, Жаратушы адамды байлықты, дүние-малды жақсы көретін етіп жаратқан. Маңдай теріңмен тапқан, қалтаңдағы жеке малдан, басқа адамға бөліп беру оңай емес. Сол үшін адам, өзінің дүние құмарлығын жеңіп, садақа жасауы – ерлік. Ал садақа беру – үлкен сауап іс. Сондықтан да дін ислам «садақа берсең, мал-жаның аман болады», «садақа малыңа береке дарытады», «садақа сені пәле-жаладан қориды» деп берген садақаңның қайтарымы мол боларын айтып, жігерлендіреді яғни, жасаған қайырымды ісің бұл дүниеде һәм ақыретте қайтарымсыз қалмайды. Қазақтың «Құдайдан қайтады» деп айтуы осыны білдірсе керек. Біз бала кезімізден «Жақсылық істесең міндет қылма», «жақсылықтың қайтарымын адамнан күтпе, Құдайдан қайтады» деп тәрбие көріп өскен елміз. Атқа мінер ел азаматтарымыздың көптеген қайырымды іс жасауы, жетімдерді есіркеуі, панасыздарға үй салуы сияқты көптеген іс-шаралар мен акцияларға ашық және жасырын түрде ат салысуларының бірден бір себебі – «Құдайдан қайтады» деген сенім. Адам осындай сенімнің арқасында көптеген қайыр жасап, мұқтаж жандарға қайтарымсыз мал береді. Мұсылманшылық тәрбие осыны үйретеді. Мәселен Әбу Һурайраның (р.а.) Алла елшісінен жеткізген (с.ғ.с.) мына хадисін келтірейік:

«Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады: (олар) жүріп тұратын садақасы, пайдалы білімі  және өзіне дұға ететін перзенті» (Мүслим).

Хадисте айтылған жүріп тұратын садақа дегеніміз: адамның қайтыс болмай тұрып, көзі тірі кезінде берген садақалары яғни, жасап үлгірген қайырымды істері, мешіт соқса, мектеп көтерсе, жол салса, ағаш отырғысза, бұлақ көзін ашса және т.б. яғни, қалдырған амалы өзінен кейінгі адамдардың қажетіне жарап, соларға пайдасын тигізіп келсе міне, жүріп тұратын садақа осы. Оның сауабы өз иесіне жетіп отырады.

Пайдалы білім дегеніміз – артында қалған кісілерге обал мен сауапты айтып, жақсы мен жаманды үйретіп, кейінгілер үшін пайдалы білім мен ғылым қалдырып кетсе. Міне, марқұмның артынан саубы үздіксіз жалғасып отыратын амал осы.

Өзіне дұға қылатын перзенті – әкесінің артынан Аллаға мінәжат етіп, оның жарылқауын сұрап, сауап бағыштап, Құран оқып отыратын тұяқ қалдырып кету керек. Баласы әкесі үшін үнемі дұға етіп отырады. Хадистен байқағанымыздай қайырымды іс – садақа. Ол неғұрлым жалғасымды болса, соғұрлым сауапты әрі құнды.

Адам өзінен кейін есімінің ұмыт болып кеткенін қаламайды. Кейінгі буын сізді жақсы сөзбен еске алып отырса, несі жаман. «Мынау пәленшенің көзі», «мынау түгеншенің салып кеткен жолы немесе отырғызған ағашы, көтерген мешіті...» деп айтылған әңгмелердің куәсі болып та жүрміз. Мұндай кісілердің өзінен кейін қалдырып кеткен үздіксіз жалғасып келе жатқан қайырымды істеріне тіпті қызыға қарайсың. Жүріп тұратын садақа деген осы.

Кейбір азаматтар жүріп тұратын садақа деп тек мешіт салу деп түсінеді. Әрине, мешіт қасиетті орын, оның орны бөлек, бірақ жүріп тұратын садақаның түрі көп. Жүріп тұратын садақаға жоғарыдағы хадисте айтылғандай өзінен кейінгі ұрпақ үшін пайдасы жалғасатын (мектеп, бала-бақша көтеру, судың көзін ашу, жолаушылар отырып демалатын орын салу, жеміс ағаштарын отырғызу, медресе салу сияқты т.б.) көптеген ізгі амалдар жатады.

Әдеттегідей іс-сапардың бірінде мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданында болдым. Аудан әкімі орынбасарымен танысып, ел-жұрт амандығын сұрасып отырып, мынадай әңгіме есіттім. Ауданға қарасты елді-мекендердің бірінің тумасы, іскер жігіт ауылына мешіт соғып беруді қалайды. Бірақ ауылда үш мешіт көтеріліп қойған көрінеді. Сөйтіп әлгі жігіт ойлағанындай мешіт салмапты, не мешіт орнына ауыл тұрғындарының қажетіне сәйкес басқа да нысана көтермепті. Әрине, ол азаматтың ниеті тек мешіт салу болған шығар, ниеті қабыл болсын, ізгі ниет. Қайырымдылық жасаймын деген демеушілер де көп болсын. Бірақ, жүріп тұратын садақа жасаймын, халықтың батасын аламын деген адам сол ауыл тіршілігі мен тұрмысының қажеттілігін ескергені дұрыс. Осыны ескеріп, ауылда басқа да нысана орындарын салып, қайырымдылық істеуге жол көп. Мысалы, балдырғандарға арнап бала-бақша көтеру, ауылға емхана салу, ауыз судың көзін ашу, мектеп салу сияқты амалдардың барлығы да қайырымды іс, жүріп тұратын садақа. Өйткені ауылда талай отбасы балаларын «жұрт қатарлы» бала-бақшаға бере алмай келеді. Ауылдық емхана түгіл, отбасылық дәрігердің алдын көрмеген отбасы қаншама... Дәрігердің бір кеңесі үшін шалғай елді мекеннен сағаттап, арнайы аудан орталығына келетін ауыл адамдары қанша... Сол сияқты қыста қар ерітіп, күзде жауын суын жинап, жазда көрші ауылдан су тасып немесе қара суды сатып алып отырған отандастарымыз қаншама... Осындай бір ауылға су құбырын жүргізіп, яки болмаса құдық қазып, таза әрі мөлдір су көзін ашса мол сауапқа кеңелмек. Қажеттілігі мен мұң-мұқтажы бар осындай адамдардың сауабын алудан асқан қайыр бар ма?

Ислам тарихына назар салсақ, мынадай оқиғаны көреміз. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаят бойынша бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) қасындағы сахабаларға мына бір ғибратты әңгімені айтып береді:

Күндердің бірінде жол жүрген бір адам қатты шөлдеп, құдық табады. Құдықтың ішіне түсіп, шөлін қандырып жоғарыға қайта шықса тілі салақтап, шөл қысып тұрған итті көреді. Ол қатты шөлдегені сонша ылғал топырақты жалап жатыр екен. Әлгі адам:

– Мына сорлы ит, әлгінде шөлден қысылған мен сияқты әбден сусаған екен – деп құдыққа қайта түседі. Кебісіне су толтырып алған ол, оны ауызымен тістеп жоғары көтеріледі де итке су береді. Алла оған осы амалына риза болып, оның барлық күнәсін жарылқайды», – деді.

Сонда сахабалар:

– Уа, Алланың елшісі! Сонда жануарлар үшін де сауап жазылады ма?

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Әрбір тіршілік иесі үшін сауап бар – деп жауап береді».

Бұл әңгімеден шығатын түйін, мұқтаж жанның қажетін өтеу – сауап, қайырлы іс. Тіпті, төрт аяқты мақұлық үшін де жарылқау бар. Ал енді ішетін суы жоқ елді-мекенге таза су жүргізіп берген немесе халық игілігі үшін емхана салып, медресе көтерген жанның сауабын қаншалықты болатынын ойлай беріңіз...

Жүріп тұратын садақаның мақсаты да мұқтаж жандардың қажетін өтеуге бағытталады. Сол садақаның рахатын көрген адам қуанып, қажеті өтелген сайын, оның сауабы сол қайырымды істі жасаған адамға барып тұрады. Әлгі сауапты іс неғұрлым ұзақ болса, оның сауабы да соғұрлым үздіксіз жалғаса бермек.

Жалпы, сауап табатын жағдайлар жетіп жатыр, ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат дұрыс ниетте болуы қажет. Қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алу мақсатында бастауы шарт. Дін исламда қайырымды іс басқалардың қажетін өтеу арқылы, Жаратқанның разылығына ие болу үшін жасалады. Әйтпесе, сауаптың ауылы алыс. Елдің көркеюіне, халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосамын деген ер азаматтарымыз көп болғай.

Жалғас Садуахасұлы,

дінтанушы, философия ғылымының кандидаты

Оқылды 481 рет
JoomShaper
Top