Ұмраны Рамазанда және одан тыс уақытта өтеудің айырмашылығы бар ма?

Бейсенбі, 04.01.2018
Ұмраны Рамазанда және одан тыс уақытта өтеудің айырмашылығы бар ма?

Ұмраға баратындардың көпшілігі рамазан айында баруға тырысады. Сұрайын дегенім, ұмраға рамазан айында барудың басқа айларда барудан қандай айырмашылығы бар?

Ұмра сөзінің тілдік мағынасы «бір жерге барып шығу», ал шариғаттағы мағынасы «құлшылық жасау үшін Қағбаға барып қайту»  дегенді білдіреді. Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла үшін қажылық пен ұмраны толық атқарыңдар!..» деп бұйырған. (Әл-и Имран сүресі, 97-аят)

Ханафи мәзһабы бойынша ұмраның өмірде бір мәрте жасалуы бекітілген сүннет. Ал бірнеше мәрте қайталануы, шамасы келген мұсылманға мустахап болып саналады. Өйткені екі ұмра арасындағы уақытта жасалған кіші күнәлардың кешірілетіні хадистерде баяндалған. Мысалы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Ұмра екі ұмра арасындағы күнәларды жуып шаяды». (Бұхари)

Сондай-ақ Жәбирден (р.а.) жеткен хадисте ол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі, ұмра жайында айтып беріңізші, оның үкімі парыз ба?» деп сұраған болатын. Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Жоқ! Алайда ұмра жасауың өзіңе жақсы» дейді. (Тирмизи)

Ұмраның атқарылатын уақытына келетін болсақ, оны жылдың кез келген айында жасауға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінде төрт мәрте ұмра жасаған екен. Алғашқы үшеуін зүлқағда айында, ал соңғысын қажылықпен бірге зүлхижжа айында жасаған болатын. (Әбу Дәуд)

Яғни, ұмраны жылдың кез келген уақытында жасауға болады. Ал сіздің сұрағыңызда айтылғандай, мұсылмандардың көпшілігі расымен ұмраны рамазан айында жасауға тырысады.  Себебі рамазан айында жасалатын ұмра сауабы тұрғысынан қажылықпен теңеледі. Пайғамбарыыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Рамазан айында жасалатын умра – қажылыққа тең» деп айтқан. (Муслим) Рамазан айы басқа айларға қарағанда сауаптар еселеніп жазылатын ай. Айлардың сұлтаны. Сондықтан осындай ерекше айды мұсылмандардың да ерекше жерде, ерекше құлшылықтармен атқаруға тырысатыны қалыпты жағдай. Бірақ жоғарыда да айта кеткеніміздей, ұмра қажылығын жылдың кез келген уақытында атқаруға болады.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 96 рет
JoomShaper
Top