Мешіт – құлшылық пен ағартушылық мекені

Жұма, 22.12.2017
Мешіт – құлшылық пен ағартушылық мекені

Аллаға мың да бір шүкір, халқымызды имандылыққа шақырушы мұнарасы мен күмбезі көк аспанмен таласқан исі мұсылманның құлшылық пен ағартушылық ошағы мешіттер көбейіп келуде. Тәуелсіздік туы желбіреген күннен бастап кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде Алла Тағаланың жердегі үйі саналатын мешіт саны өсіп келеді. Мұның барлығы да, Алланың қалауымен, жүрегіне иман үйірілген жомарт азаматтардың көмегімен жүзеге асып отыр.

Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен хадис-шәріпте: «Кімде-кім ел аузында жүру немесе жұртқа көрсету үшін емес (тек Алла ризашылығы үшін) мешіт салса, Алла Тағала оған жәннаттан үй тұрғызады»,-деген. Құранда Тәубе сүресінің 18-аятында: «Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан ғана қорқатын (пенде) тұрғызады. Шын мәнінде олар тура жол тапқандар»,-делінген.

Ибн Касир тәпсірінде: «бұл аятта Алла Тағала мешіт салған адамдарды иманды деп айтқан» делінген. Жүрегінде шынайы иманы бар адам ғана мұсылмандардың рухани орталығы саналған мешітті салу үшін өз үлесін қосуға дайын тұрады. Сахаба Анас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Мешіт салушылар – Алланың қарамағындағы адамдар[1]»,-деген.

Қоғамда қаншама қалталы азаматтар болса да, егер олардың жүректерінде күшті иман болмаса, мешіт құрылысына көмек беру тіпті ойларына да келмесі хақ. Ал, жүрегінде дін қызметі бар қарапайым мұсылман мұндай сауаптан қалмасы анық. Демек, ең бастысы шынайы ниет. Анас бин Малик (р.а.) риуаят еткен  қудси хадисте Алла Тағала: «Ұлылығым және құдіретіммен ант етемін! Мен жер бетіндегілерге бір азап бермек боламын. Сонда Менің үйлерімді (мешіттерді) тұрғызғандарға, Менің жолымда бір-бірін жақсы көргендерге және сәресі уақытында тәубе сұрағандарға қараймын да, азапты оларға жолатпаймын[2]»,- дейді екен.

Жаратқан Алла құзырында мешіт салған адамның қадір-қасиеті жоғары екендігін бұл хадисте анық аңғарылып тұр. Демек, мешіт салуға жәрдем ету адам баласына келе жатқан жамандықтың бетін аулақ ететін ізгі амалдардың бірі.

Абдураззақ Амр бин Маймун әл-Әудиден баян етеді: «Мен Мұхаммедтің (с.а.с) сахабаларын көргенмін. Олар: «Расында мешіт Алланың жердегі үйі. Алла Тағала өзін үйіне барып зиярат еткенді құрмет етеді»,-дейтін»,-дейді. Егер қонақ жомарттың үйіне түссе, оның қонақжайлығы мен сый-сияпатына кенеледі. Ал, енді әлемнің Раббысына және жомарттардың Жомартына қонақ болып барған кісіге берілетін сыйлық пен сыбағаны елестетіп көріңіз. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с) мына Қудси хадисті риуаят етеді: «Расында Менің жердегі үйім – мешіттер. Мені зиярат етушілер сол мешітті салушылар. Үйінен дәрет алып (тазаланып) Менің үйіме зиярат етіп келгенге жәннат болғай. Үй иесі қонағына құрмет етпек»,-деген.

Екі дүние сұлтаны пайғамбар (с.ғ.с) Жаратқанның әмірімен Меккеден Ясриб қаласына қоныс аударды. Ясриб тұрғындары өз еліне Алланың пайғамбары көшіп келгеніне шексіз қуанып шаһар атын «Мадинат расулилла» «Пайғамбар қаласы» деп ауыстырды. Жаңаша есім берілген қалада жаңа қоғам негізі қалыптаса бастады. Ол мұсылман қоғамы еді. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с) мұсылмандар қоғамын құруды:

1.Мешіт салудан;

2. Мұһажир және ансар сахабаларды бауырластырудан;

3.Мұсылмандар өмірін жүйелейтін және жалпылама басқа жұрттармен қарым-қатынасты және жекелей яһудилермен ара-қатынасты реттейтін жазбаша құжат жасаудан бастады.

Пайғамбар ең әуелі қолға алған шаруасы мешіт құрылысы еді. Тарихтан мәлім болғандай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) түйесі шөккен жерге мешіт құрылысы тұрғызылды. Бұл қаладағы қос жетім баланың меншігіндегі жер иелігі болатын. Жетімдер Асғад бин Зурара (р.а.) қамқорлығындағы балалар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мадинаға келмей жатып-ақ, Асғад (р.а.) өз достарымен бұл жерді намазхана етіп құлшылық ететін. Пайғамбарымыз (с.а.с) да мешітті сол жерге салуды жөн көрді. Алла елшісі (с.а.с) екі баланы шақыртып, олардан жерлерін сатып алмақ ниетін білдірді. Олар: «Уа, Алла елшісі! Біз сізге оны сыйға тарту етеміз»,-деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұған келіспей, жердің ақысы ретінде он динар берген[3].

Мешіт – құлшылық орны. Сонымен қатар мұсылмандардың рухани орталығы. Мешіт исі мұсылманның жан сарайын нұрға толтыратын, рухани жылу беретін құтты мекен.

 

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы



[1] Баззар

[2] Байһақи

[3] Бұхари

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 322 рет
JoomShaper
Top