Ата-анам христиан болса, «Раббәнә» дұғасын оқуыма бола ма?

Сәрсенбі, 13.12.2017
Ата-анам христиан болса, «Раббәнә» дұғасын оқуыма бола ма?

Менің ұлтым орыс. Жасым жиырма бесте. Мұсылман болғаныма көп уақыт болған жоқ. Ата-анам ислам дінін қабылдауыма қарсы болмады. Алайда өздері христиан дінін ұстанады. Менің намазда Раббәнә дұғасын оқуыма болады ма? Себебі ол дұғада ата-анаға да ақыретте кешірім сұрау бар. Ал менің ата-анам мұсылман емес. Мен сол дұғаны намазда оқуыма болады ма?

Намазда соңғы отырыста салауаттар және одан кейін дұға оқу сүннет болып табылады. Сахаба ибн Масғуд (р.а.): «Намазда әт-Тахият оқылғаннан кейін Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтылады. Артынша әркім өзіне ұнаған дұғасын таңдап, сонымен дұға тілесін» деген.( Ибн Әбу Шәйба)

Намаздағы дұғаның күнделікті айтылып жүрген сөздерден емес, Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих дұғаларынан таңдалғаны абзал. Өйткені Алла елшісі (с.ғ.с.):  «Шындығында, бұл намазда (яғни, намаз оқып тұрғанда) адамдарға тән сөздерді айтуға болмайды...» деген. (Муслим)

Сондықтан ең азбалы Құрандағы: رَبَّنا آتِنَا فى الدُّنْيَا حَسَنةً وَ فيِ الآخِرَةِ حَسَنَةً وَ قِنَا عَذابَ النَّارِ  деген дұғаны оқу. Мағынасы: «Уа, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де, ақиретте де жақсылық бер. Бізді жаһаннам азабынан сақтай гөр!» (Бақара сүресі, 201-аят) дегенді білдіреді. Бұл дұға «Раббәнә әтина» деген сөзбен басталады. Сондай-ақ Құранда айтылған дұғалардың арасында «Раббәнә ағфир ли» деп басталатын да дұға да бар. Сіздің айтып отырғаныңыз осы дұға. Бұл дұға Ибраһим пайғамбардың дұғасы болып табылады. Құрандағы «Ибраһим» сүресі, 41-аятта айтылған: رَبَّنَا اغْفِرْ لِي وَلِوَالِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ الْحِسَابُ Мағынасы: «Уа, Раббымыз! Есеп құрылатын күні мені, әке-шешемді және мүміндерді жарылқа» дегенді білдіреді.

Әрине, Алла тағаланың бар екеніне және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оның елшісі екеніне сенбей, біле тұра қасарысқан адамдар үшін жарылқау, яғни кешірім тілеуге болмайды. Дегенмен олардың тура жолға түсуі, иманға келуі үшін және денсаулықтары үшін дұға тілеуге болады. Жоғарыда аталған дұға аят болғандықтан оны намазда оқудың сіз үшін ешқандай сөкеттігі жоқ. Себебі намаздың соңғы отырысында, жоғарыда да айтып кеткеніміздей, салауаттардан кейін Құрандағы немесе хадистердегі дұғаларды оқу сүннет болып табылады. Сіз бұл дұғаны сүннетті орындау мақсатында оқисыз.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 385 рет
JoomShaper
Top