Балалардың мешітте ойнауына бола ма?

Бейсенбі, 30.11.2017
Балалардың мешітте ойнауына бола ма?

Кейде жас келіншектер мешітке балаларын алып келіп жатады. Әйелдер жамағатқа қосылып намазға тұрғанда балалары намаз оқитын жерде ойнап жүреді. Осы қаншалықты дұрыс? Балалардың мешіт ішінде ойнауына болады ма?

Әрине, балаларды жас кезінен мешітке алып келіп, оған бойын үйреткен жақсы. Бала мешітке келгенде тек өзінің ата-анасының ғана емес, басқа адамдардың да намаз оқығанын көріп, намаздың бүкіл мұсылмандарға парыз екенін үйренеді. Жамағатпен қосылып намаз оқуды көзімен көріп өседі. Тіпті Пайғамбарымыздың өзі де (с.ғ.с.) кейде немерелерін мешітке ертіп келетін. Бұл туралы Әбу Қатадә былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні жиен немересі Умамәні иығына отырғызған күйде мешітке келді. Жамағатқа намаз оқытты. Рұқуғқа иілгенде қызды жерге түсіретін, сәждеден тұрған кезде қайтадан алатын». (Бұхари, әл-Жамиус-сахих)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні немерелері Хасан мен Хүсейінді арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа намаз оқыту үшін орнына барып тұрады да балаларды оң жағына отырғызады. Алла расулы сәждеге барған кезде сәждені ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық: «Уа, расулалла, намазда сәждені көбірек создыңыз. Мұндай сәждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Алла Тағаланың әмірі ме?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Алланың әмірі емес. Немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім», – деп жауап берген екен. (Мустәдрәк)

Басқа риуаяттарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазда сәжде жасағанда немерелерінің арқасына мініп алатыны, сәждеден тұрар кезде жайлап жерге түсіретіні, құлап кетпесін деп қолымен ұстап, рукуғ жасаған кезінде аяқтарын ашып тұратыны, намаз біткен соң оларды бауырына басып, сүйетіні жайлы айтылады. Кейде сахабалар бұндай сәттерде намазға кедергі жасамау үшін балаларды көтеріп алмақшы болған кездерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға тиіспеуге ым жасайтын. Намаздан кейін «Балаларды алып анасына апарайық» дегендерге де «Тиіспеңдер» дейтін. Біраздан кейін өзі немерелеріне «Аналарыңа бара қойыңдар», – дегенде, олар өз еріктерімен тұрып, үйлеріне қарай жүгіре жөнелетін.+

Тіпті, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма күні хұтба оқып жатқан болатын. Немерелері Хасан мен Хүсейін сүріне-қабына мешітке кіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып жатқан хұтбасын үзіп, мінберден түсіп, екеуін көтеріп алады да, мінберге қайта шығады. Екеуін алдына отырғызып: «Алла Тағала: «Балаларың мен дүние-мүліктерің сендер үшін сынақ» («Тәғабун» сүресі, 15-аят) деп қалай дұрыс айтқан. Олардың құлап-сүрініп келе жатқанын көрген кезде шыдай алмадым, айтып жатқан сөзімді бөліп, барып оларды құшағыма алдым», – дейді. (Нәсаи, Сүнән)

Міне, осы риуаяттарда айтылғандай, балаларды мешітке алып келудің еш сөкеттігі жоқ. Алайда мешіттің ішін таза ұстау, яғни ластамау, ол жерде құлшылығын орындап жатқан адамдарға да кедергі жасамау қажет. Баланы мешітке алып келгенде осындай әдептіліктерді үйрету керек. Мешіттің ішінде ешкім құлшылықпен айналысып жатпаса, міне сондай кездерде немесе мешіттің ауласында балалардың ойнауына болады. Ең бастысы мешіттің ішінде және сыртында сақталуы қажет әдептіліктерді балаға жастайынан үйрету қажет.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 487 рет
JoomShaper
Top