Діни төзімділік: сенім еркіндігі

Сейсенбі, 14.11.2017
Діни төзімділік: сенім еркіндігі

Мәдинаға қоныс аударған Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жас мемлекеттің іргесін қалады. Шаһардағы түрлі дәндер мен тайпалардың басын қосатын «Мәдиналық келісім» құрды. Оның саяси маңызы мен рөлі жайында бұдан бұрынғы мақалада толығырақ айтып өттік. Ендігі әңгімеміз  осы «Мәдиналық келісімнің» келесі тармағы: «Яһудилердің өз діндері, мұсылмандардың өз діні бар».

Осы мәтіннен түрлі дін өкілдер арасында тұрақтылық пен келісімге апаратын жалғыз қатынас – төзімділік екені айқын көрінеді. Олардың барлығы бір қоғамның мүшелері болғанымен бұлардың әрбірі сенетін өз дінін еркін ұстанды, мәдени дәстүрлерін сақтады. Оларды мұсылман қоғамының басшысы өз қамқорлығына алды.

Жаңадан қабылданған «Мәдиналық келісімге» сәйкес, егер адам мұсылман мемлекетінің қамқорлығында өмір сүріп жатқан христианды немесе яһудиді олардың ұстанған діні үшін ғана өлтіремін деп серт беріп, кейін сол сертін орындап, олардың бірін  өлтірсе, онда ол адам үлкен күнә жасаған болады. Исламда үлкен күнәларды саусақпен сайып көрсетеді. Имам Термезидің риуаятында пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисті көреміз:

«Мұсылмандар қамқорлығында өмір сүріп жатқан христиан немесе яһуди – Алланың және Оның елшісінің қамқорлығында болады емес пе?! Кім бұларды ұстанған діні үшін өлтіремін деп сөз беріп, кейін сол үшін өлтірсе, онда ол Алланың қамқорлығын бұзғаны. Ол адам жәннаттың иісін искемейді. Расында жәннаттың иісі елу жылдық жолдан мүңкіп тұрады». Осылайша, мұсылман мемлекетінде өмір сүретін өзге сенім өкілінің кепілі – Алла және Оның елшісі болған.

Сол сияқты пайғамбардың (с.ғ.с.) және мұсылмандардың төзімділігін, бейбітшілдігін көрсететін Мәдиналық келісімнің тармақтарын әлі де келтіріп, талдай беруге болады, бірақ, бұлардың арасында арнайы тоқталуды қажет ететін бір тармақ бар:

«Егер бейбітшілік жағдайға қауіп төндіретін тартыс немесе қақтығыс бола қалған жағдайда Аллаға және Оның елшісіне бару қажет» (Ислам ахлағы).

Бұл заң мұсылман мемлекетінде өмір сүріп жатқан барлық халықтың жоғарғы басқарушы билікпен санасулары тиіс екендігін білдірді. Мемлекеттің бірлігі мен саяси тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін түрлі діндер мен тайпаларға қатысты мәселелерде жеке тайпа көсемдері шешім қабылдауға құқылы емес. Мұндай шешімдерді қабылдау мемлекет басшысына және өкілетті орғандарына тиесілі болды. Ал енді өзге дін өкілдерінің өздеріне ғана тиесілі немесе тайпа ішіндегі сұрақтарға қатысты мәселелерді өз көсемдері мен діндар адамдары шешіп отырды.

Құранда: «(Мұхаммед ғ.с.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұр», – деген әмір бар (5: 42).

Осылайша, пайғамбар (с.ғ.с.) әрбір дін иелеріне өздерінің ішкі мәселелерін кітаптарына сәйкес шешіп отыруларына рұқсат берген. Бірақ, олардың бұл мәселелері келісімдегі шарттарға және мемлекет азаматтарының бейбіт өмірі мен тыныштығына теріс болмауы шарт. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) қоғамдағы бейбіт өмірді, кесімім мен тұрақтылықты  бірінші кезекке қойған еді.

Расында да Мәдина шаһарында түрлі ұлт пен ұлыстар бірге тату тұрып, өз діндерін еркін ұстанды. Мысалы, Мәдинадағы яһудилердің өз дінін үйрететін «Байт әл-Мидрас» атты мектептері болды. Олар мұнда келіп қасиетті кітаптары Тораны оқып, оны түсіндіріп, құлшылықтарын жасайтын.

Тарих беттерінде пайғамбардың (с.ғ.с.) өзге сенім өкілдеріне көрсететін парасатты қарым-қатынасы жайында оқиғалар көптеп кездеседі.  Мұсылман мемлекетінде сол елдің заңын сақтап өмір сүрген өзге дін өкілдері адамның барлық құқықтарына ие болды. Олар дін және сенім бостандығына ие болды, жеке мүліктерін қалағанындай жаратып, өздерінің қалауы бойынша соттарын сайлауға, әскер борышынан босатылып және соғыс барысында мұсылман әскерінің қорғауына кіруіне құқылы еді.

 Пайғамбардың дін аралық төзімділігіне келесі бір мысал: бір күні Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) Наджран қаласынан алпыс адамнан тұратын христиан делегациясы келеді. Ол бұларды мешітте қарсы алады. Құлшылық уақыты келгенде христиандар шығысқа қарап, құлшылыққа кіріседі. Мұны көрген пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылмандарға бұлардың бағытын өзгертуге немесе оларға қарсы әрекет жасамауға бұйырған.

Ислам тарихындағы осындай жағдайларды негізге алар болсақ, дін исламның басқа сенім өкілдеріне қаншалықты құрмет қылғанын көреміз. Адамдар дініне, тілімен нәсіліне қарап бірін-бірі алалап, топтарға бөлінетін болса, ол мемлекеттің келешегі жоқ деген сөз. Ал енді керісінше олар біріксе, онда қоғам тұрақты, мемлекет құдіретті болады. Мұндай мемлекетті сырттан келген жау ала алмайды. Міне, осы ұстанымды жақсы білген Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) исламды мейірім мен бейбітшілікті насихаттайтын дін ретінде танытып, қасындағы әлсіз, шағын тайпалардың дініне, дәстүріне қарап бөлмей «бір мемлекет, бір тағдыр» саясатына сәйкес оларды өз қамқорлығына алды. Сөйтіп, діни төзімділіктің жоғарғы үлгісін көрсете білді. 

Бүгінде біз діннің даусыз, біріктірудің, интеграциялық процестердің күшті факторы екеніне көзіміз жетіп отыр. Ол үшін біз де діндердің қайшылықтары емес, керісінше, ортақ белгілері мен принциптерін, ортақ негіздері мен құндылықтарын зерделеп, дініміз жайында көбірек білуге ынталы болғанымыз мақұл. Ал дәстүрлі дініміз туралы ақпаратты кез келген жерден емес, сенімді дерек көздерден, отандық білімді мамандардан  алуға кеңес берер едім.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философия ғылымының кандидаты

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 290 рет
JoomShaper
Top