Жемқорлыққа жол беру – бала болашағына балта шабу

Сәрсенбі, 08.11.2017
Жемқорлыққа жол беру – бала болашағына балта шабу

Бүгінде жаһандық кеселдің бірі жемқорлықтың өз қоғамымызда қатты белең алғандығы байқалады. Көпшілік көкейде пара алмай пайда табу, пара бермей пәрменге қол жеткізу мүмкін емес деген жаңсақ түсінік қалыптасып қалған.

Жемқорлық, яғни, коррупция сөзі латынның «corrumpere» - «тонаушылық» деген сөзінен шығады. Аты айтып тұрғандай, жемқорлық өзгеге жемтік болу ғана емес, бұл өзіңді де, өзгені де тонағаныңмен тең. Мәселен, сіз пара алып, баға қойған шәкірт болашақ дәрігер делік. Дипломды ақшаның күшімен алған ол ертең қандай маман иесі болады? Оның білімсіздігінің кесірінен қанша адам аурухана кереуетінде көз жұмуы мүмкін? Қаншасының «теріс» емге төлеген қаражаты зая кетеді? Бұл тонаушылық емей немене? Тіпті оның өтемі - өз балаңыздың өмірі болмасына кім кепіл?

Сатып алынған «салмақсыз» диплом мен сауаты жоқ біліксіз маман, «жеңіл» жолмен келген жүргізуші куәлігі, әділ алынбаған тендер мен сәулеті сапасыз құрылыс, тағысын тағылар. Парамен іске асқан осының бәрі де келешектің еншісіне бұйырады. Ал бұл дегеніңіз олардың болашағына балта шабу.

Жемқорлық – Алланың жазасын жақындататын жаман істерден. Имам Әбу Дәуіт, Имам Ибн Мәжә және Тирмизилардың хадис жинақтарында мынадай хадис келеді: «Алланың Елшісі пара берушіні және пара алушыны лағынеттеді (яғни, оған қарғыс айтты)». Дәл осыған мағыналас хадис Имам Ахмадтың «Муснад» атты кітабында кездеседі. Онда былай деп айтылады: «Алланың Елшісі пара берушіні, пара алушыны және екеуінің ортасындағы делдалға да қарғыс айтты».

 Хадистерден пара алудың да, пара берудің де, тіпті ештеңе еншіленбестен, екі ортада делдал болудың өзі Алланың қарғысына ұшырататын күнә екендігін аңғарамыз. Ал «Ниса» сүресінің 52-аятында Алла Тағала өзінің қарғысына ұшыраған құлдары туралы былай дейді: «Міне бұлар, Алла лағынет еткендер. Алла, кімге лағынет етсе, оған ешбір жәрдемші таба алмайсың».

Имам Табарани жеткізген хадисте былай делінеді: «Пара беруші және пара алушы – тозақта».

Имам Захаби және басқа да ғалымдар парақорлықты үлкен күнәлардың қатарына жатқызған. Себебі пара арқылы пайда табуды адамдардың малын рұқсатсыз, ақысыз жолмен жеу деп есептеген. Бұл туралы Алла «Бақара» сүресінің 188-аятында былай деп ескертеді: «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар».

 

Аталмыш аятта парақорлық жолмен келген кез-келген кіріс түрінің адал еместігі айтылып тұр. Ал арамнан бұйырған ризық отбасыңызға, бала-шағаңызға еш пайда әкелмейді, тіпті дұғаңыздың қабыл болуына да кедергі болмақ.

Бүгінде адал мен арамның ара жігін ажыратпай, көпшілігіміз табысымыздың тазалығына көңіл бөлмейтіндігіміз өкінішті.

Имам Бұхари және Имам Нәсаи риуаят еткен мынадай мағынадағы хадисте Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адамдарға кісі өз тапқанының халал әлде харам екеніне көңіл бөлмейтін бір заман келеді». Бұл біздің бүгінгі қоғамға тән сипаттардан болса керек.

Имам Тирмизи және Имам Байһақи жеткізген хадисте қиямет күні адам баласының Алланың құзырында мына бес нәрсенің міндетті түрде жауабын беру керектігі айтылады: өмірін қалай өткізгені, жастық шағын неге жұмсағаны, мал-мүлікті қандай жолмен тапты және қайда жұмсады, білген нәрсесіне амал жасады ма, жасамады ма. Демек, мұсылманның дүниені адал жолмен тауып, адалға жұмсауы міндетті.

Сондықтан, Қиямет күні жүзіміз жарқын болсын, сын сағаттан сүрінбейік десек, осыған да көңіл бөлуіміз керек. Адалды ғана азық етіп, Алла тыйған амалдардан бойды аулақ ұстайық. Әмин. 

Ерболат ЖҮСІПОВ,

 «Нұртай» мешітінің бас имамы,

Ақтөбе, Мұғалжар ауданы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 309 рет
JoomShaper
Top