Баланың зәрі үлкен нәжіске жата ма?

Бейсенбі, 12.10.2017
Баланың зәрі үлкен нәжіске жата ма?

Баланың зәрі үлкен нәжіске жата ма? Қазақтарда «жас сәби – періште, оның зәрі еш нәрсе етпейді», – деп жатады ғой?

«Нәжіс» деп шариғатта ластықтарды атайды. Олар ауыр нәжіс және жеңіл нәжіс болып екіге бөлінеді. Ханафи мәзһабы бойынша адамның зәрі, соның ішінде сәбидікі де ауыр нәжіске жатады. Ал ауыр нәжіс киімге, денеге немесе намаз оқитын орынға жағылса немесе тисе, көлемі де алақанның аясындай немесе одан да көп мөлшерде болса, онда киімнен, денеден немесе намаз оқитын орыннан оны тазаламайынша намаз оқуға болмайды. Себебі мұндай көлемдегі ауыр нәжіс намаз оқуға кедергі болады.

Осындай ауыр нәжіспен намаз оқып қойған жағдайда сол намазын қайта өтеуі керек. Қазақ халқындағы бұл түсінік баланың бейкүнәлығынан туындаған болуы керек. Себебі, ислам дінінде бала балиғатқа толғанға дейін бейкүнә болып есептеледі. Ақылы әлі толыспағандықтан бұл кезеңге дейін жасаған қателіктері оған күнә болып жазылмайды. Ал бірақ ханафи фиқһы тұрғысынан оның зәрі және құсығы үлкен адамдардікі секілді ауыр нәжіске жатады.

Халық арасында «омыраудағы сәбидің зәрі ластық емес» деген секілді пікірлер де бар. Бұл негізінен шафиғи мәзһабына тән көзқарас. Шафиғи мәзһабындағы кейбір көзқарастар бойынша екі жасқа толмаған әрі тек қана ана сүтімен қоректенетін  сәбидің зәрі жеңіл нәжіске жататындықтан оны жуу қажет емес, тек қана үстінен су төгу жеткілікті делінген.  Ханафи мәзһабында кішкентай баланың зәрі ауыр нәжіс саналғандықтан зәр тиген жерлерді тазалау қажет. Ал ауыр нәжіс тиген жерлерді тазарту жолдары ғылымхал кітаптарында егжей-тегжейлі баяндалған.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 211 рет
JoomShaper
Top