Сапарда су салқын болса тәйәммум алып намаз оқуға бола ма?

Сенбі, 23.09.2017
Сапарда су салқын болса тәйәммум алып намаз оқуға бола ма?

Сапарда су немесе ауа-райы салқын болса тәйәммуммен көлікте отырып намаз оқуға бола ма?

Суық күнде су да тым салқын болса әрі суды ысытатын жағдай болмаса, денсаулыққа зияны тиеді деп қорыққан жағдайда ғұсыл алудың орнына тәйәммум соғуға рұқсат етіледі. Ал дәрет үшін рұқсат жоқ. Себебі, дәрет алғаннан денсаулыққа айтарлықтай зиян келмейді. Күн суық кезде ғұсылдың орнына таяммум соғып оқыған намазды қайта өтеу қажет емес. Бұған Пайғамбарымыздың сүннетінен дәлелдер бар. (Ахмед ибн Ханбел, Мүснәд; Әбу Дәуд, Сүнән)

Ал егер, адам науқастанып жүрсе суық сумен дәрет алған жағдайда ауруының асқынып кетуінен немесе жазылуының кешеуілдеуінен қорықса, дәреттің орнына тәйәммум соғуына болады. Мұндай жағдайда ханафи және ханбали мәзһабтары бойынша мұсылман дәрігердің кеңесі қажет. Ал шафиғи мен мәлики мәзһабтарында  дәрігердің мұсылман болуы шарт емес.

Сапар жағдайына келетін болсақ, бұл кезде жоғарыда айтылғандай тым суық су денсаулығына зияны тиеді деп ойласа және суды жылыту мүмкіншілігі болмаса немесе су жылы болғанымен ғұсыл алатын ыңғайлы жер болмаса, онда ғұсылдың орнына тәйәммум соғуға рұқсат етіледі. Көліктің ішінде отырып намаз оқуға келетін болсақ, егер көлік өзіңіздікі болса, тоқтатып, көліктен шығып оқуыңыз қажет. Бірақ сырттан келетін бір қауіптен қорықсаңыз немесе көлік сіздікі болмай, тоқтатуға иесі көнбесе, сондай-ақ далада қатты нөсер жаңбыр немесе жер балшық болса ғана намазды көлікте отырып оқуға рұқсат. Яғни, шамасы келгенше көліктен түсіп оқыған дұрыс. Себебі, қиям (намазда түрегеп тұру) – парыз. Зәрулік жағдайдың тысында оны тәрк етуге рұқсат жоқ.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 269 рет
JoomShaper
Top