Пайғамбар (с.ғ.с.) сабыры

Сәрсенбі, 20.09.2017
Пайғамбар (с.ғ.с.) сабыры

Қазіргі таңда мұсылман жамағатында әртүрлі түсінікке ие болып жүрген жайттардың бірі – сабырлық мәселесі. Біреулер сабырды шектен тыс немқұрайлылықпен шатастырса, енді бірі мүлде сабыр мәселесіне көңіл бөлмейді.

Дінді уағыздау мен таратудың өзінде асығыстыққа ұрынып барлығының бірден болуын талап ететіндер немесе өздері дінге бет бұра салып, қалғандарын сенімсіздікпен, дінсіздікпен айыптап жүрген азаматтардың сабырлылық мәселесінде қаншалықты ұшқары көзқараста екендігін түсіну қиын емес. Сонымен бірге, қоғамда да әртүрлі жат пікірлер, әрекеттер, көзқарастар, ұстанымдар туындап жатады. Осы кезде бірінші болып діннен хабары бар немесе дін саласында маман деген адамдардың өздері алдымен сабырсыздық танытып жатады.

Бұл сабырлылық сипатының қаншалықты күрделі қасиет екендігін меңзейді. Сол себептен де Құранның 70-тен астам аяттарында сабыр туралы, оның артықшылықтары туралы баяндалады. Алланың қашанда да сабыр етушілердің қасында екендігі баса айтылады.

Ал Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сабырға қатысты айтқан өсеттері мен хадистері өз алдына бір төбе. Пайғамбарымыздың Тайфқа дін жеткізу үшін барған кезінде жергілікті тұрғындар тастың астына алып, пайғамбарымыз жараланып қалған кездеің өзінде мұны сабырлылықпен қабылдап: «Уа, Раббым! Оларды кеш! Олар білмейді!» деп мінәжат еткені ислам тарихында баяндалады. Ал қазіргі пайғамбар үмметі болуға талпынып жүрген мұсылмандар осындай қасіретке тап болса қаншалықты сабыр сақтай алатындығы белгісіз. Пайғамбарымыз: «Ең ауыр бәлекет –сабырдың аз болуы» (Дәйлами) дейді.

Пайғамбарымыздың көптеген сабыр туралы хадистерінің бірінде: «Жаман көршілінің  қиыншылықтарына сабыр еткен адамды Алла жақсы көреді» (Хаким) дейді. Сол сияқты кез-келген қиыншылықтан кейін жақсылықтың келетіндігін де мұсылмандар жақсы біледі. Солай бола тұра көбіміз алғашқы қиыншылықтарына төтеп бере алмай жатамыз. Пайғамбарымыз: «Ұнамсыз нәрселерге сабыр етпесеңдер, ұнамдыға қол жеткізе алмайсыңдар!» (Мауарди) дейді.

Сабыр тек бір жақсы немесе тек бір нәрсеге қатысты болмайды. Тіпті, тұрақты бір қалыпта болу үшін де, құлшылықты тұрақты орындау үшінде сабырдың орны ерекше. Парызды орындап, күнәдан аулақ болу үшін де сабырлы болу шарт. Өйткені, пайғамбарымыздан «Иман денегіміз не?» деп сұрағанда, пайғамбар: «Сабыр сақтау» деп жауап берген (Дәйлами).

Ақиқатында, мұсылман мен сабырды бөліп қарастыру мүмкін емес. Ал өзінің сабырсыздығын мұсылманшылыққа жанашырлық деп түсінетін адамдар әлі де ойлануы керек.

Сахаба Әбу Талха Пайғамбарымыздың сабырлылығын былай жеткізеді: «Пайғамбарымызға қарнымыздың ашқандығын айтып шағымдандық, ішімізді ашып көрсеттік. Барлығымыз қарнымызға бір тастан байлап алған едік. Сол кезде пайғамбарымыз да өзінің ішін ашты, оның қарнына екі тас байланған еді» дейді.

Олай болса Алланың берген нығыметтеріне алдымен шүкіршілік қылып, бермегендерін сабырмен қабылдау қазіргі мұсылмандар үшін ауадай қажет. Қоғамдағы көңілімізге жақпаған қылықтардың барлығын оңалту үшін де сабырлықпен талпыныс керек. Сабырлық дегеніміз басымызды бүркеп жатып алу емес. Алайда, арандатушылық тудырып шулату да мұсылман сипатына жатпаса керек. Біз асыққанымызбен Алланың хикметі еш асықпайды. Әрекет бізден, берекет Алладан!

Кеңшілік ТЫШХАН,

дінтанушы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 215 рет
JoomShaper
Top