Сарымсақ жеу шариғатқа қайшы ма?

Сәрсенбі, 10.05.2017
Сарымсақ жеу шариғатқа қайшы ма?

Сарымсақтың діндегі үкімі – халал. Дегенмен, оның иісінің жағымсыз болуына байланысты қоғамдық орындарда пайдалану аса құпталмайды. Бұл сөзімізге мына оқиғалар дәлел бола алады.

Алла Расулы (с.ғ.с.) Мәдинаға хижра жасағанда, Абу Айюуб әл-Ансаридің үйінде бір мезгіл тұрады және Абу Айюуб үйінде пісірілген тамақтардан сый-сияпат жасады. Абу Айюуб бір күні сарымсақ қосып жасалған тамақты Пайғамбарымыздың жемегенін байқап қалып, сарымсақтың харам болып-болмағанын сұрайды. Хз. Пайғамбарымыз да «жоқ, тек мен оны иісіне байланысты онша ұнатпаймын» деп жауап берген.

Хижраның жетінші жылында орын алған мына оқиға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сарымсаққа қатысты ұстанымын ашық түрде көрсетеді. Хайбар шайқасы мұсылмандардың жеңісімен аяқталған еді. Асхабы осы соғыс барысында қарындарын тойғызатын азық табуда көп қиындық көрді. Сахабалар Мәдинаға қайтар жолда сарымсақ егілген егістікке тап болып, қарындары қатты ашқаннан егістіктегі өнімдерден әбден тойғандарынша жейді. Қалаға кіргенін соң олар тікелей мешітке бет алады, ал сол мезгілде мешітке кірген Хз. Пайғамбар жағымсыз сарымсақ иісіне тап болды. Осыған байланысты, Алла Елшісі «осы ұнамсыз иісі бар көкөністі жеген біреу мешітке келмесін» деп бұйырады. Осыдан кейін асхабының өз арларында «сарымсақ жеу харам етілді» деп сөйлесіп жатқандарын естіген Хз. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, адамдар! Алланың халал қылған бір нәрсесін мен харам жасай алмаймын, бірақ мен осы өсімдіктің иісін жақсы көрмеймін» деп бұйырды.

Яғни, Хз. Пайғамбар (с.ғ.с.) иісі өзге адамдардың мазасын алу ықтималын ескере отырып, пияз, сарымсақ секілді кейбір көкөністерді мүмкіндігінше пайдаланбаған. Сондықтан, сарымсақты тамаққа пайдаланғанда оның иісін кетіретін шаралар қолдану керек немесе бұларды басқаларының мазасын алмайтынын жерлерде жеу орынды болмақ.

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 569 рет
JoomShaper
Top