Сәләфилік ағым Қазақстанға қалай келді?

Дүйсенбі, 16.04.2018
Сәләфилік ағым Қазақстанға қалай келді?

Уаһһабилік ағым қазақ жеріне тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда келе бастады. Сәләфилік идеология өкілдері елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлар, діни сауат ашу курстарын, араб тілін үйрететін оқу орындарын ашып, көптеген жастардың санасын улады. Қала берсе орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды өз қатарларына тарта білді.

Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатында араб елдеріне бет алды. Соның  ішінде осы идеологияның шырмауына іліккен кейбір жастар оқуын тамамдап, елге оралған соң сол діни ағымның ұстанымдарын жаюға көшкенін білеміз. (Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Біз ұстанатын діни жол. – Астана, 2012. 21-22-бет.)

Бұл ағым өкілдері әһлу сүннет жолын ұстанушы 4 мәзһабтың біреуін де ұстанбай өздерін «сунна» жолында жүрміз, «сәләфпыз» деп санайды. Өздерін сәләф санай отырып, өзі секілді сенімді ұстанбаған мұсылманды кәпір, мүшрик, адасқан деп, ондай жанға қол көтеруді күнә санамайды. Ғалымдар деңгейіндегі діни мәселелерді қарапайым мұсылмандар шешетін мәселе секілді үлкен дауға айналдырды. Намаз оқымаған жағдайда мейлі ата-ана болсын, ағайын туыс болсын мұсылман емес деп, қарым қатынасты үзуде. Өз ата-анасына қарсы шығып, намаз оқымағандықтары үшін кәпір санап, тіпті берген асын ішуден бас тартып жатты. Қазақ халқының салт-дәстүрін мансұқтап, мәзһаб ұстануды адасушылық деуде. Бірақ өздерінің де бір ағым екенін мойындамайды.

Ғасырымыздағы уаһһабилік немесе сәләфилік бағытты ұстанушылар өзара бірнеше ағымдарға бөлініп кетті. Бұлай бөліну барлық ағымға тән құбылыс. Пайда болған кезкелген ағым уақыт өте келе өзара келісе алмай тармақтарға бөлінетіні ақиқат. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше себептер түрткі болған. Мәселен, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?», «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлініп кеткен. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санайды.

Қорыта келгенде аталмыш ағым өкілдерінің ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабтарының ақидасы мен ұстанымдарына қайшы келетін тұстары көп. Сол тұрғыдан оларды адасқан ағым қатарына жатқызған.

Олардың өзге мұсылмандарды өздері секілді сенуге, өмір сүруге, ғибадат етуге, бидғаттардан аулақ болуға шақыру барысында күш қолданып, қан төгуі – шариғатқа қайшы. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мұсылманды балағаттау – пасықтық, қанын төгу – күпірлік» (Бухари, Иман 36; Муслим, Иман 116).

Смайыл СЕЙТБЕКОВ, 

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы

бойынша өкіл имамы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1777 рет
JoomShaper
Top